Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жарқын болашақ кепілі

Жарқын болашақ кепілі

   Аймағымызда білім саласын цифрландыру қарқынды түрде жүргізілуде. Мәселен, облыс бойынша  293 мектеп кең жолақты интернетке толықтай қосылып, WI-FI–мен қамтамасыз етілген. Барлық мектептер «Күнделік» электронды жүйесінде жұмыс жасайды.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 8096 дана компьютер жаңартылды. Оқу ошақтары 156 жаңа модификациялық физика, химия, биология, 92 робототехника кабинеттермен жабдықталды. Облыстағы 9 оқушылар үйі «3D-модельдеу» және «Цифрлық білім беру лабораториясы» кабинеттерімен жарақтандырылды. Қызылорда қаласындағы Оқушылар үйінде «IT-iMAQORDA» ресурстық орталығы ашылды. Ал 23 шағын жинақталған мектептер BilimBook кешенімен қамтамасыз етілді, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.
Сонымен қатар, инновациялық мектептер арасынан облыс орталығындағы №3 мектеп-лицейі информатика бағытындағы тірек мектебі ретінде ІТ-лицей болып құрылып, интерактивті құралдармен қайта жабдықталған.
Өрендердің білім сапасы педагог мамандардың біліктілігіне де байланысты екені анық. Осы орайда аймақта мұғалімдерді жаңартылған мазмұн бойынша курстардан өткізу кезең-кезеңімен орындалуда. Мәселен, 2018 жылдан бастап педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа форматы енгізілген. Осының негізінде Ұлттық біліктілік тестілеуге 6934 мұғалім қатысқан. Сынақтан өткен мұғалімдер еңбекақысына 30-50 пайыз аралығында үстеме қосылған. 
Баспасөз мәслихатында мәдениет және өнер саласы бойынша өткен жылғы атқарылған жұмыстар пысықталды. Тұрғындардың рухани түрде  дамуы мен кемелденуіне мәдениет саласының қашанда ерекше ықпалы бар. Өткен жыл, тек аймақ жұрты үшін ғана емес, тұтас түркі руханияты үшін жемісті болды. Себебі, ЮНЕСКО тарапынан ерекше мәдени әрі тарихи маңызы бар деп танылатын нысандар тізімі бірқатар дүниемен толықты. Оның ішінде Сыр өңіріне тән Қорқыт ата мұралары ұлттық репрезентативтік тізіміне енгізіліп, әлемдік рухани құндылықтар қатарына қосылды.
Аймақ мәдениетінің айшықты істерін толықтыра түскен мәдени-шаралар қатары толыға түсті. Мәселен, Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының Шотландияның Эдинбург қаласында өткен "Фриндж" фестивалінде үздік өнер көрсетуі Сыр өңірі үшін үлкен жетістік. Ал, қазақ өнерінің құдіретін шетел сахнасында танытқан тағы бір шығармашылық ұжым –  «Томирис» би ансамблі. 2018 жылы Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өткен халықаралық шейх Заид атындағы мәдени фестивальде өз өнерлерін паш еткен болатын.
Мәдени құндылықтарды іске асыру барысында Елбасы жолдауларында айтылған мәселелер назардан тыс қалмайтыны анық.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив -2025»  бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облысымызға қатысты шетел архивтерінен тарихи құжаттарды жинақтау үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сыр өңірінің тарихын және туған жерден түлеп ұшқан Алаш зиялылары мен ірі тұлғалардың өмірі мен даңғыл жолын зерттеу, өңір тарихына қатысты құжаттарды елге қайтару, құжаттарға іздеу – зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін тарихшы, деректанушы, архившілерден арнайы топ құрылды, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
09 ақпан 2019 ж. 94 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (1527)

16 сәуір 2019 ж.

№27 (1526)

13 сәуір 2019 ж.

№26 (1525)

09 сәуір 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 840 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам