Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мерейлі мектептің межесі биік

Мерейлі мектептің межесі биік

   Әрбір мектепке кірсең оның жылылығы сезіледі. Қоңырау сыңғыры, сыныптағы оқушылардың көңілді дауысы білім ошағының сәнін келтіріп тұрғандай. Дәлізде көздің жауын алатын, кеудеңді нұрға бөлейтін ақпараттар, оқушылар, түлектер, ұстаздар туралы баннерлерді көруге болады. Осылайша  білім ошағының уақыт үдесінен қалмай, өрендерді сапалы біліммен тәрбиелеп келе жатқанын аңғаруға болады.  Қаламыздағы №212 мектептен де осындай жақсы көріністер байқалды.
Білім жолы – қиын да қасиетті жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. «Шәкірт шәкірт емес, ұстазын сүймесе, Ұстаз ұстаз емес, шәкірті үшін күймесе» деген қазақтың ұлы педагогі Ы.Алтынсарин сөзі бар. Осы қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің жүрегіне бар асыл қасиетін ұялата білген жанның бірі – мектеп-гимназияныңжоғары санатты бастауыш сынып мұғаліміСара Оспанова. Оның ұрпақ санасына білім дәнін сіңіріп жүргеніне жарты ғасырға жуықтады. Танымал ұстаз шәкірттері арқылы абыройға кенелді, биіктен көрінді. Облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2015 жылы тамыз мәслихатында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленді. Көптеген оқу-әдістемелік еңбектердің, мақалалардың авторы, бастауыш сыныптарға арналған «Логикалық есеппен математикалық олимпиадаға» тақырыбындағы оқу-әдістемелік құралын дайындады.
Сан алуан жетістігімен талай асуларды бағындырған шәкірттерімен беделі биіктеген мектеп  1968 жылы 760 орынға арналып салынған. Білім ошағы №112 қазақ-орыс аралас мектебінен еншісін алды. Мектепке алғашқыда 650-ге жуық оқушы келді. Қазақ сыныптары ашылды.  Сондай-ақ, көршілес коммунизм және Абай мектептерінен қосымша оқушылар мен ұстаздар қосылды. Жаңа оқу ошағының директорлық қызметіне Мырзахмет Жетпісбааев тағайындалған. Одан кейін де мұнда білікті, тәжірибесі мол мамандар келді. Олар шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, мектептің әл-ауқатын арттыруға да барынша күш жұмсады. Әрқайсысы өз қолтаңбасын қалдырды. Содан бері 50 жыл ішінде тарыдай бүлдіршіннен таудай тұлға қалыптастырған алтын ордаға айналды.
Соңғы үш жылдан бері Габира Әнуарқызы осы ұжымды басқарып келеді. Еңбек жолында ұстаздықтан басшылық қызметке дейін жеткен білікті маман ұйымдастырушылық қабілеті мен жаңашыл көзқарасымен жоғары бағасын алып келеді.
    –  Білім ошағы инновациялық мектептер қатарында қызмет атқарып келеді. Тереңдетіп оқыту сапасын жетілдіру бағытында түрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықта байланыс жүргіземіз. Қазір ғылым мен технологияның қарыштап дамыған тұсы. Күн сайын алпауыт елдер тың дүниелерді ойлап табады. Осындай дамыған мемлекеттермен иық тіресе қатар тұру үшін бізге білім мен ғылымды тереңінен игеру қажет. Осы орайда біздерге артылған сенім мен жауапкершіліктің еселенгенін ұғынуымыз керек. Ұстазы білікті болмаса оқушының да сапалы білім алуы екіталай. Сол себепті, қазіргі таңда баса назар аударылып отырған үштілділік мәселесі мен жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту көзделуде. Жаңартылған білім жүйесі бойынша біздегі мұғалімдердің 80 пайыздан астамы біліктілігін арттырды. Мектебімізде жас ұрпаққа сапалы білім беру ісі дұрыс жолға қойылған, – дейді Г. Әнуарқызы.
 Мектеп-гимназия қазіргі таңда ғасыр көшіне ілесіп, саладағы жаңа жүйеге сай қызмет етуде. Талапқа сәйкес мультимедиалық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Оқушылардың заманауи үлгідегі технологияны пайдалана отырып, ғылыми ізденістер жасауына мүмкіндік жасалған.
Ал, өрендерге білім беру ісінде бүгінде 140-тан аса ағарту ісінің мамандары қызмет етеді. Оның ішінде 40-ы жоғары, 31-і І санатты, 47-і  ІІ дәрежелі болып табылады. Қиыны мен қызығы мол осы жолда талай жылғы еселі еңбегі еленгендер жетерлік. Олар үнемі ізденіс жасап, әрбір баламен жеке қарым-қатынас құру арқылы оқуға деген ынтасын арттыруға күш салады. Осының негізінде облыстық, қалалық, деңгейдегі үздік пән мұғалімдері де осы ұжымнан табылады. Мәселен, Дина Аралбаева, Меруерт Мадиярова, Күнсұлу Маханова, Зиней Әтеева, Гүлмира Ибраева, Гүлзира Омарова, Мейрамкүл Өтешова, Сәуле Көшербаева, Айнұр Асқарова, Сара Омарова сынды мұғалімдер мектеп мақтаныштары. Сондай-ақ, биология пәнінің мұғалімі Дариха Мұнарбаева 2012 жылы облыстық мұғалімдер олимпиадасында жүлделі І орынға ие болып, 500 мың теңге көлемінде сыйақы иегері атанды.
Білім ордасында жас өрендерге заманауи мүмкіндіктер жасалған. Мұнда 26 оқу кабинеті, 2 компьютерлік сынып, спорт зал, 45 орындық асхана, акт залы, дәрігерлік қызмет көрсету кабинеті, кітапхана бар. Кітапхана қоры үздіксіз жаңартылып отырады. Кітапханада 32542 дана кітап қоры бар.
 Қазіргі кезде 1106 оқушы жаңартылған білім жүйесі арқылы оқиды. Олар республикалық және облыстық түрлі білім сайыстарында жарысқа түсіп, жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Мәселен, Оңтүстік Кореяда өтетін халықаралық ғылыми жобалар конкурсының іріктеу турында 11 сынып оқушысы Санжар Отарбай ІІ орын иегері атанды.  Сонымен қатар, 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсының І қалалық кезеңінде мектеп-гимназияның 4 сынып оқушысы Мақсат Сейіт 2 дәрежелі дипломмен марапатталған. Жас өрендер өзге де шығармашылық байқауларға қатысып, өнерлерін паш етуде артта қалған емес. Осы мектептің «Сыр сымбаты» би тобы «Өнер старт» халықаралық өнер байқауында хореография жанры бойынша І дәрежелі дипломға лайық деп танлған.  Ал Республикалық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестивалінен 4 сынып оқушылары Аяна Жақсыбай мен Гүлім Сунақ ІІІ дәрежелі дипломант иегері атанған. Бұдан өзге да мектеп мақтаныштары аз емес.
Оқушылардың білім деңгейі жыл сайын түлектер арасында өтетін ұлттық бірыңғай тест кезінде таразыланып келеді. Мектеп түлектері ҰБТ дан жақсы нәтиже көрсетіп, абыройы асқақтай түсуде. 2017-2018 оқу жылы табысты жылдардың бірі болды. Мектепті тәмамдаған 42 түлектің 23-і грант иегері атанды. Үш оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, мемлекеттік грант иегері болды. Үкілеген үмітті ақтаған олар қазақстандық жоғары оқу орындарына оқуға түсті.
Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеуге тыңғылықты дайындық жасайтын білім ордасының бұған дейін орташа балы –95 пайыз. Ендігі кезекте бұдан да жоғары жетістікке жетуді көздейді. Ол үшін әрине, ұстаздар қауымы оқушылардың білім деңгейін жіті қадағалап, олардың дайындығын пысықтап отырады.
– Еліміздің көркейіп гүлденуі және өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Сондықтан дарынды оқушыларды қалыптастыруда сапалы көрсеткіштерге жету бағытында жұмыс жасаймыз. Мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеру, оқушылардың білімге құштарлығын арттыру және материалдық-техникалық базаны қазіргі заман талаптарына сай жабдықтау мәселелеріне назар аударып келеміз. Қазіргі уақытта аталмыш салада болып жатқан реформалар мен жаңалықтар ұжымға үлкен міндет жүктеп отыр, – деді мектеп директоры. 
Талай мыңдаған шәкірттердің зейінін ашып, үлкен өмірге жолдама берген киелі білім ордасы биыл 50-жылдық мерейтойын атап өтеді. «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» деген. Осы мектептен білім нәрін алып, көктеген талай жас шыбықтың тамыры тереңдеп еменге айналғанына жұрт түгел куә. Жарты ғасыр ішінде талай ұрпақ білім алып, тәрбие көріп, болашаққа қадам басты.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
12 ақпан 2019 ж. 268 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (1562)

17 тамыз 2019 ж.

№62 (1561)

13 тамыз 2019 ж.

№61 (1560)

10 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 750 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам