Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Нанның қиқымынан қорық...

Нанның қиқымынан қорық...

   Әдеттегідей таңғы сегізде Нұрсезім екеуміз біріміз сабаққа, біріміз жұмысқа асығамыз. Кенет жолда бір үзім нан жатыр екен. Қызым дереу жүгіріп барып, «Мама, нанды жерге тастауға болмайды ғой. Кім тастап кеткен?... Оны алып торғайларға тастау керек. Әйтпесе үйде нан таусылып қалады екен. Мұны маған апай айтты» деді. Бес жасар баламнан мұны күтпеген едім. Қызыма осындай өмірлік тәлім үйреткен тәрбиешілерге риза болдым.
Расымен «Бүгінгі ұрпақ емес қасиетті қара нанның қадірін осы үлкендердің өздері біледі ме екен?» деген сұрақ көкейіме келді. Себебі, қалада нанды көрінген жерге тастайтын «кесел» етек алып бара жатқандай. Бұл сөзіме келіспейтіндер қаладағы қоқыс тастайтын орындарға барса көз жеткізері анық. Онда шашылып жатқан нанның неше түрін көресің. Тіпті, кейбіреулер адам басады-ау демейді. «Құстар жейді» деп кез келген жерге лақтыра салатын секілді. Кейбір иманды жандар көшедегі шарбаққа іліп кетеді.
Алайда, атам қазақ нанның қасиетін ұғына білген. Қазақта «қатықсыз қара су ішіп, қара нан жесек те, аман болайық» деген сөз бар. «Нанды жерге тастама», «нанның үстіне зат қойма», «нанды төңкерме», «нанды бір қолмен үзбе» деген сөздің барлығы – сол астың қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Оның қасиеттілігін айтып жеткізу мүмкін емес.
 Мәселен, адам ашыққан кезде қолы жетпейтін биікте тұрған нанды Құранның үстіне шығып алуға болады деген. Сондықтан нанды ешқашан баспаған. Оның қасиетті Құраннан да жоғары екендігін еске салдық. Сондай-ақ, үйге келген кез келген адам асығыс болса да, өзге тамақтан емес, наннан ауыз тиеді. Оның себебі, адамдардың арасындағы ынтымақ бірлік, бір-біріне деген жақсы қарым-қатынас, ауызбіршілік дастарқанның үстіне қойылған нан арқылы нығая түседі деп сенген. Яғни, нан ауыз тиген үйіне қазақ жамандық тілемеген. Қазақтың «бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» дейтін сөзі осыдан қалған.
         Оның ұсағының өзі киелі. «Нанның ұсағын жеген бала сауапқа қалады» – деген сөзді ата-әжелеріміз көп айтатын. Себебі, қиыншылық кездерде бір үзім нан көптеген жандардың жанына жалау болып, өмірден үмітін үзбеуге себеп болған. Тіпті, қазірдің өзінде әлемде бір үзім нанға зар болып отырған елдер аз ба? Айлығы шайлығына жетпей, қалт-құлт етіп бір үзім нан үшін базар жағалап жүргендер өзімізде де бар. Олардың күйін көйлегі көк адамдар сезіне алмас. Олар жанының қадірін білмесе де, нанның қадірін жақсы түсінеді.
Жалпы, әр нәрсенің қадірін білу үшін ол жайлы оқып, біліп санаға жеткізу қажет. Ал, бүгінгінің жастары кітап та оқымайды. Тек әлеуметтік желіге салынған сурет салумен және оған пікір  жазумен шектелуде. Оқушы кезімізде Б.Майлиннің «Күлпаш» әңгімесін оқығанда өзіміз сол аштықты сезініп отырғандай, кітапты оқи отырып, жыладық. Бір үзім нан мен бір үзім ет үшін қасірет шеккен Күлпаштың күйін бастан өткергендей, көзімізге елестете аянышты халге түскенім есімде. Қазақ жазушыларында нанның қадірі және оны қастерлеу керектігі жөнінде шығармалар жеткілікті. Шерхан Мұртазаның «Интернаттың наны» шығармасыда түсініп оқыған адамды терең ойға қалдырады. Мәселе, бүгінгі өрендердің осындай тағылымды шығармаларды оқымайтындығында. Бүгінгі ұрпақ ешқандай қиындық көрместен, әрбір дүниенің қандай қиындықпен келгенін ұғынбастан өсуде.
Күнде көзбен көріп жүргендіктен қоқыс толы нанды көргенде ішің ашиды. Мұндай  көрініс обал-сауаптың жоқтығынан, иманның әлсірегенінен шығар деп ойлаймын. Қоғамда иманды кісілер азайып бара жатқандай сезінемін. Бір үзім нанның киесі ұратынын ұғыну қажет. Алдымен, рухани тұрғыда жастарға тәрбие берілу керек секілді. Біздің айтпағымыз, көпқабатты үй тұрғындары нан тастайтын жер таппаса, арнайы орын белгілеп, жинап алу жағын ойластырған жөн болар еді. Сонымен қатар, түрлі іс-шараларды қолға алып, жас ұрпақтың бойына қасиетті астың қадірін сіңірсе дейміз. Ислам тағлымдарында түрлі апаттардың көбеюі осы нанды тастаудың, қорлаудың, ысырапшылдыққа бой алдырғанның кесірі деп айтады. Шүкір, бүгінде қоғам жақсарды. Десек те, «Бір тоқтықтың бір аштығы болады» деп дана халқымыз тегін айтпаған.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
12 ақпан 2019 ж. 170 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№14 (1513)

19 ақпан 2019 ж.

№13 (1512)

16 ақпан 2019 ж.

№12 (1511)

12 ақпан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 484 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам