Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жылыжай жарылқайды

Жылыжай жарылқайды

  Соңғы уақытта Қызылордада жылыжай шаруашылығы жақсы қолға алынып келеді. Жалпы, Сыр өңірінің климаты ерекше ыстық және құрғақтығы басым аймаққа жататыны белгілі. Содан да болар, Қызылордада жасыл желектің жайқалып өсуі қиын деген пікірді жиі естиміз. Дегенмен, ынта, ықылас болса, бұл пікірге келісе қоюға болмайды. Аймақта ағаштың да, жемістің де түр-түрін өсіруге болады. Тіпті, өз ауласының ішінен жылыжай салып, оған алуан түрлі көкөністі отырғызуға болады.
Қала тұрғыны Нұрлыбай Ұлықбанұлының негізгі мамандығы құрылысшы болса да ауылшаруашылық, оның ішінде бағбандыққа бет бұрды. Өз ауласындағы 3 сотық жерге жылыжай салып, көкөніс отырғызып, отбасы мен ағайындар игілігіне пайдалана білуде. Өзінің ізденімпаз еңбекқорлық қасиеттерінің арқасында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарына барды. Онда тәжірибе алмасып, жылыжайда көкөніс өсірудің әдісін меңгеріп келді. Қазіргі кезде тамшылап суаруды қолға алып, жылыжайдан жылма-жыл қияр, қызанақ және басқа да көкөніс түрінен мол өнім алып келеді.
– Өзім жылыжай ісін 2008 жылы бастадым. Ауылшаруашылығы саласында қызмет ететін болғандықтан, осы кәсіптің көзін тапқан шаруалармен жиі кездесіп, пікірлестім, ой бөлістім. Жалпы, осы сала жаныма жақын болды. Әрине, бірден істі бастау қиынға соғады. Бірақ, адам алдына мақсат қойып, оған жетудің жолын ақылмен шешсе, міндетті түрде іске асырады. Ойлана келе осы жылыжай ісін бастап кеттім. Жан-жаққа барып, мамандармен тәжірибе алмастым. Солардан көп нәрсе үйрендім, – деді Нұрлыбай Ұлықбанұлы.
Қалалық ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қала аумағындағы 122 жылыжайдың қазіргі таңда 52-сі жұмыс істеп тұр. Ал, қалғаны әзірге әртүрлі себептермен тоқтап тұрған жайы бар. «Қызылорда халқын маусымаралық кезеңдерде көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жылыжай өндірісінің алатын орны ерекше» дейді бөлім мамандары.
Былтыр жылыжай кешенін іске қосқан «Натишаева» мен «Орда» қожалығы жүз тоннадан аса өнім алды. Жеке кәсіпкер «Натишаева» Қарауылтөбе ауылдық округінің аумағынан өз қаржысы есебінен жылыжай салды. Жалпы көлемі 1 гектарды құрайды. Жылыжайда егілген дақылдардан барлығы 65 тонна қияр, 23 тонна қызанақ өнімі жиналды. Олар қаланың сауда орындарында сатылды.
– Алдағы уақытта қала аумағында жылыжай шаруашылығын дамыту мақсатында жаңа технологиямен жұмыс істейтін әдіс қолға алынды. Айталық, «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландыруымен «КазАгроМир» ЖШС жалпы құны 1 млрд. теңгеден астам қаржы тұратын, аумағы 2 гектарды құрайтын жылыжайдың құрылысын аяқтады. Бүгінде су, электр жүйелерін орнату жұмысы жүргізілуде. Автоматтандырылған жылыжай кешенінің жылдық қуаттылығы 900 тонна көкөніс өнімдерін өндіреді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Ақсуат ауылындағы осы үлкен жоба іске қосылса, 30-35 адам жұмыспен қамтылмақшы, – деді аталмыш бөлім мамандары.  Негізі бау-бақша да бала сияқты бапты қажет етеді. Ал, жылыжайдың жайы мүлдем басқаша. Ондағы температура мен жарықты қалыпты сақтап тұру, күн сайын күтіміне көңіл бөлу қажет.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
23 ақпан 2019 ж. 444 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1571)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (1570)

14 қыркүйек 2019 ж.

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 833 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам