Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Сырға толы Сыр бойы

Сырға толы Сыр бойы

    А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде "Түркі халықтарының генезисі" жобасы аясында "Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орны" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
         Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов төрағалық еткен ғылыми басқосуға шетелдік және отандық түркітанушы ғалымдар, тарихшылар қатысты. Олардың қатарында халықаралық Түркі академиясының ғылым бөлімінің аға сарапшысы Нәпіл Базылхан, ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясының мүшесі, Түркиядағы төрағасы Оғуз Өжал, Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ирина Аржанцева, Хажы Байрам Вели университетінің профессоры Хулия Касапоглу, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Шәкір Ыбраев пен өзге де ғалымдар бар.     Жиын барысында олар Түркі дүниесінің рухани әлеміндегі Сыр өңірінің өзіндік орнын айқындауда бүгінге дейін жарық көрген бірқатар зерттеу еңбектерін таныстырды, ғылыми тұрғыда зерделеді. Халықаралық деңгейде ортақ мұраны насихаттау үшін бірлесе атқаруға тиісті археологиялық қазба жұмыстары мен ғылыми талдаудың өте көп екенін айтады.
        – Ел аузыннан жеткен аңыздардың бірінде Жанкент қаласы жылан жұтқан қала аталғаны туралы баяндалады. Қалай десек те, кезінде Жанкент –  оғыз билеушілерінің резиденциясы болған. Әбілқайырхан аталмыш шаһардың стратегиялық маңызын түсініп, орыс патшасына сол жерге қала салуды ұсынған. Арынғазы ханды біреу білсе, біреу білмес. Ол да Жанкентте сарай салдырған көрінеді. Демек, қай заманның өзінде аталмыш шаһар – бүкіл адамзат тарихы үшін маңызы зор қала ретінде аса маңызға ие болып отыр, – дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Амантай Шәріп.
         Расында, Сыр өңірінде Шірік Рабат, Жанкент, Жент, Сауран, Сығанақ, Құмиян, Аққорған, Өзгент сияқты қалалардың тарихы ғасырлар қойнауына тамыр тартады. Мұнда қазақтың әр кезеңдегі 4 астанасы орналасқан. Олардың әрқайсысы сонау жылдар жылнамасынан сыр шертіп, құнды жәдігерлердің мекеніне айналған.
          Бүгінде мұндағы ескі қорымдар мен қала орындарына қазба шараларын жүргізіп, аса қызығушылық танытып отырған шетелдік ғалымдар да жоқ емес. Солардың бірі – Германияның Тюбинген университетінің профессоры Генрих Харке. Жиын барысында ол сонау VII ғасырдан мәлімет беретін қала орнынан ең алғашқы мысық тұқымдас аңның сүйегі табылғандығы туралы да қызықты деректерді алға тартты.
         Ал, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев Ресейде Жанкент қалашығынан табылған 700-ге жуық бұйымның сақтаулы тұрғандығын жеткізді.
         – Ежелгі қаладан әшекей бұйымдар, қыш құмыралар табылған. Онда арыстан, қоян, қызғалдақтың суреті бар. Жетіасар мәдениетіне жататын тағы бір бұйым –домбыра музыкалық аспабы. Аспапта қасқырдың суреті ойылып салынған. Жалпы, қазақ шертер мен домбыраның қосындысын қоссаз деп атайды. Демек бұл аспап қоссаз домбыра болуы мүмкін. Бұл жәдігер өз кезегінде Жетісар мәдениетінде домбыраның ежелгі түрлері болғанын дәлелдейді. Аспап біздің заманымыздың 4 ғасырына жатады. Егер осы деректі нақтылай алсақ, Сыр өңірінде баба-домбыра табылды деген сөз, – дейді жергілікті тарихшы.
        
Сондай-ақ, ғалымдар Қорқыт ата кітабының Дрезден және Ватикан нұсқаларындағы жырдың саны мен мазмұны жағынан да түрлі өзгерістердің орын алғандығын айтады. Оның басты себебі – кітапты Қорқыт атаның өзі жазбағандығында болып отыр. Өйткені, Қорқыт аңызды жырмен жеткізген. Ол бақсы ғана емес, оғыз бен қыпшақтардың кеңесшісі болған. Өз дәуірінде Қорқыттан асқан кемеңгер болмаған. Оның қалдырған мұраларынан XVI ғасырдың өзінде түркі халықтарында проза мен поэзия қатар дамығанын аңғаруға болады. Осы тұрғыда ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясының мүшесі Оғуз Өжал Қорқыт мұралары тұтастай түркі әлеміне тән құндылық екенін тілге тиек ете отырып, аталмыш тақырып төңірегінде көтеріліп жүрген бірқатар ұсыныспен таныстырды.
         – Қызылордада Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілгені туралы сертификат ілініп тұруы керек. Өйткені, Қорқыт – бүкіл адамзаттың данышпаны. Ал, осындай мұраларды бүгінгі күнмен сабақтастырған түркі тілін біз Біріккен Ұлттар Ұйымына ЮНЕСКО-ның жетінші тілі ретінде қабылдауды ұсынып отырмыз, – деді ол.
         Осындай түбі бір түркі тарихының тағылымы зерделенген шарада ұлт шежіресінің өнегесі мен болашағы туралы құнды мәліметтер баяндалды. Сондай-ақ, шара барысында Шірік-Рабат қалашығынан табылған көне ыдыстар, әшекей бұйымдардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
07 наурыз 2019 ж. 59 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (1519)

16 наурыз 2019 ж.

№19(1518)

12 наурыз 2019 ж.

№18 (1517)

07 наурыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 612 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам