Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Еңбек еткенге бақыт басын иеді

Еңбек еткенге бақыт басын иеді

   Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарламалар өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұртшылыққа дем беруде.  Осы орайда жасалып жатқан қамқорлықты тиімді пайдаланып өз кәсібін өркендетіп жүрген жерлестеріміз баршылық. Әсіресе, нәзікжандылар қоғамға белсене араласып, өз істерін ашуда. Кәсібінен береке тапқан әйелдер қауымы осындай мүмкіндік болғаны үшін ризашылықтарын білдіреді. Солардың бірі – Қарлығаш Балмолдаева Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылынан шағын наубайхана ашты. Қазір бұл ісі өрге басып тұр.  Ол наубайхана ашуды бала күнінде-ақ армандапты. Өзінің мақсатына жетуді көздеген «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы»  арқылы  4 млн. теңге алған. Нақты кезеңде ол Талсуат ауылы тұрғындарын нан өнімімен қамтамасыз етіп отыр.
        Аталмыш кәсіпке нарық тарапынан сұраныс еш уақытта да бәсеңсімесі анық. Себебі, нан өніміне тұтынушылар тарапынан сұраныс қашан да жоғары. Қарлығаш күнделікті әзірленген өнімін қайда өткіземін деп бас қатырып жатпайды. Оның тұрақты сатып алушылары бар. Өндірістің көлемі шағын болғанымен, сапаның сақталуы – әрдайым бақылауда. Біз барған кезімізде буы бұрқыраған нанды пісіруге кіріскен наубайханашы өз жұмысының қиындығы мен қызығын таразылап айтып берді.
– Біз күні бойы нанды газ пешіне пісіріп, уақытында дүкендерге жөнелтіп отырамыз. Әр нанның салмағы 500 грамды құрайды. Бір мезетте газ пешінде 80-ге жуық нан пісіріледі. Ал, тәулігіне 300-ге дейін бөлке нанға екі қап ұнды жаратамыз. Түнде қамырды илеп, бастырып қоямыз. Азанымен көмілген нанның алғашқы бөлігі ауыл дүкендерінің сөресінен табылады, – дейді ол.
Кәсіпкер алдағы уақытта осы саланы кеңейтіп, басқа да өнімдер шығаруды жоспарлауда.
– Бастапқыда қиын болды. Ауылдағы дүкендерді аралап, өз өнімімді ұсынуға тырыстым. Бір қап ұннан 150 бөлке нан шығарамыз. Оңай жерде жұмыс жоқ. Сондықтан үлкен кәсіп иесі болу үшін, мұндай қиындықтарға шыдау қажет. Мемлекет те жұмыссыз жандарға қолдау көрсетіп келеді. Осындай мүмкіндікті пайдалана білген жөн, Шағын кәсіпті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет. Бұған қоса, үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы зая кетеді. Нан пісіруді бала кезімнен анамнан көріп, қолғабыс беріп өскендіктен аса қиналмадым. Бөлке наннан басқа түрлі тәттілерге тапсырыстар түседі. Тәттілерді өз алдына үйреніп, кәсібімді кеңейтемін. «Адамды көркейтетін – еңбек» дегенді естен шығарған емеспін. Аянбай еңбек етіп келемін. Тұрмысым да берекелі, – дейді ол. 
Бүгінде қарамағында 2 адам жұмыс істейді. Наубайханада күніне 300  бөлке нан шығарылып, дүкендерге 50 теңгеден таратылады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын оған ауыл тұрғындары да ризашылығын білдіруде.
Қарлығаштың арманы асқақ, алдында үлкен мақсаттары бар. Нақтырақ айтқанда, ілкімді істі одан әрмен қарай ілгерілетіп, ауыл тұрғындарын тұтастай нан өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізуді қалайды. Жас кәсіпкер жарқын істерімен қазірдің өзінде көпке үлгі, елге сыйлы. Иә, көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
07 наурыз 2019 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (1519)

16 наурыз 2019 ж.

№19(1518)

12 наурыз 2019 ж.

№18 (1517)

07 наурыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 612 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам