Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Зарина КЕНЖЕӘЛІ: Әртіс – бала сияқты жүрегі таза жан

Зарина КЕНЖЕӘЛІ: Әртіс – бала сияқты жүрегі таза жан

     Театр – қай уақытта да саф өнердің қайнары. Оның бастауынан қаншама жас дарын нәр алып, талай талант түлеп ұшты, шыңдалды. Сиқырлы сахнаның киесі де сол – жаратылысынан өнерге іңкәр жанды бірден өзіне баурап, өзінің шырқар биігіне жетелейді. Сахна мәдениетін үйретеді, қыр-сырын ұғындырады. Осылайша болашақ театр майталманы тәрбиеленіп шығады. Бұл тұрғыда, әсіресе, жас әртістердің құштарлығы ерекше.  Осындай тәлім таразысынан өтіп, өнер айдынында тыңнан түрен салып келе жатқан жастың бірі – қызылордалық Зарина Кенжеәлі. Ол Сыр өңірі театрының қарашаңырағы – Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрына келген аз ғана уақыттың ішінде шығармашылық ұжымда талантты әртіс ретінде өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді. Өн бойында нәзіктік пен биязылық қатар тоғысқан талдырмаш қызды көзіқарақты көрерменнің әр спектакль сайын асыға күтетіні де сондықтан. Ал, бізге көгілдір көктемнің хабаршысындай болып жеткен мерейлі мереке қарсаңында Заринамен өнер жайында аз-кем тілдесудің орайы  түскен еді.

Арман алдамайды екен
         – Кезінде Я.Қалықұлов, С.Шотықов сынды нағыз мәдениет майталмандарының еңбегі сіңген қасиетті сахнада өнер көрсетіп жүрсің. Облыстағы іргелі өнер ордасына қалай келдің?
         – Менің театрға деген құштарлығым мектеп қабырғасында жүрген сәттен-ақ басталды. Мұнда өте жиі келуші едім. Әлі есімде, бастауыш сынып оқып жүрген кезімде осында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры шығармашылық іссапармен келіп, И.Сапарбайдың "Сыған серенадасы" қойылымын ұсынды. Әртістердің ойнау шеберлігі, сахналық декорация, спектакльдегі әуезді әуен бәрі-бәрі ерекше әсер қалдырды. Қанша уақыт өтсе де, сол қойылым менің көз алдымда сурет болып әлі күнге дейін сақталып қалды. Бір қызығы, сол сәттен бастап сыған қызы рөлін сомдау менің арманыма айналды. Сөйтсем, өмірімнің бір бөлшегіне айналар өнер жолын мен сол бала кезімде-ақ таңдап қойған екенмін. Бастысы, бала арманның алдамайтынына көзім жетті. Себебі, жақында ғана И.Сапарбайдың аталмыш туындысындағы сыған қызы – Изольданы ойнау бақыты бұйырды.     
         Сондай-ақ, мен әрбір адам алдына айқын мақсат қойса, оған міндетті түрде жететінін ұғындым. Сол мектеп жылдарында "Түнгі көбелек" қойылымын тамашалауға барғанда ондағы бір әртістің ойнау шеберлігі өте ерекше ұнады. Мейлі, ол жағымсыз образды сахнаға алып шықса да, мен оның өнеріне ерекше тәнті болдым. Маған тұтастай спектакльдің өн бойын осы бір ғана рөл айқындап тұрғандай көрінді. Көрермен залында отырып-ақ осы жаннан дәріс алсам ғой деп ойладым. Ол облыстық театрдың белді әртісі,  мәдениет қайраткері – Залипа Төлепова еді. Сөйтіп, ол кісіден білім алып, мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Кейін академияны ойдағыдай тәмамдап, сол бұрынғы бала қиял қанат қаққан қарашаңырақта еңбек етудемін.
         – Әртістердің көпшілігі әу баста өнерге келуіне ата-анасы қарсы болғанын, соған қарамастан осы жолды таңдағанын айтып жатады. Оның үстіне қыз баласына бұл мамандықты құптай қоймайтындар бар. Сенің де әртістік жолың осы іспеттес "сценарийден" басталды ма?
         – Негізінде, ата-анам мені бала күнімнен өнерге баулып өсірді. Жастайымнан театрға жиі бас сұғып, спектакльдерді үзбей көргенім осы сөзімді дәйектей түседі. Кішкентай кезімде ауладағы балалармен бірге жұмыстан шаршап келген көршілерімізге концерт, қуыршақ театрын, түрлі ойындар ұйымдастырып көңілдерін көтеретінбіз. Тіпті, концертке өз қолымызбен шақыру билетін де жасайтынбыз. Мектепте де түрлі іс-шаралардан бел ортасында жүруші едім. Анам қолөнер шебері болғандықтан, саxналық киімді өзі тігіп беретін. Дегенмен, кейін мектеп бітіріп, мамандық таңдар сәт туғанда сіз айтқандай біраз келіспеушіліктің болғаны рас. Анам өнер жолының қыз баласына оңайға соқпайтынын айтып, дәрігер болуымды қалады. Менің біржола өнерге бет бұрғанымды және одан бас тарта қоймайтынымды сезген әкем анам екеуі ақылдасып, менің таңдауыма батасын берді.
Сахна  асығыстықты кешірмейді
         – Театрға келгеніңе көп бола қоймаса да өзіндік қолтаңбаңды қалдырып келе жатқан талантты жастың бірісің. Бүгінге дейін қандай рөлдерді сахнаға алып шықтың?
         – Ең алғаш Б.Әлімжановтың "Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір" спектакліндегі Бекіреш рөлін сомдадым. Сондықтан бұл рөл тұтастай өнер жолымдағы алғашқы қадамым ретінде қашанда ыстық болып тұрады. Одан кейін В.Шекспир "Макбет" туындысында кіші мыстан, Д.Исабековтің "Жүз жылдық маxаббатында" кіші Зылиxа, М.Қасеновтің "Пай-пай жас жұбайлар-ай" қойылымында Зәуреш, И.Сапарбайдың "Сыған серенадасында" Изольда, Ғ.Мүсіреповтың "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" пьесасының желісі бойынша сахналанған Хұсейін Әмір-Темірдің "Ақ Баян" спектаклінде Ақбаянның рөлін сомдау бұйырды. Әрбір образ – мен үшін үлкен мектеппен тең. Сахналайтын образыңының жақсы-жаман қасиеттерін талдап-таразылап, сабақ аласың. Жақсылығын үйреніп, жамандығынан жиренесің. Әртіс мамандығының бір ұтымдылығы да осында. Алдағы уақытта тағы да жаңа қойылымға дайындық үстіндеміз.
         – Қандай да бір себептермен өз өнеріңе өзіңнің көңілің толмайтын сәт кездесті ме?
         – Әрине, ондай сәттер болып тұрады. Алға жылжу бар кезде аздаған кемшіліктердің орын алып тұруы заңдылық. Халықтың көңілінен шығып, қанша жерден қошемет білдіріп жатса да, кейде актердің өз ішінде бір "әттеген-айы" болатыны анық. Себебі, театр әртісі кинодағыдай бірнеше мәрте дубль жасап, кейін кем-кетік жерлері монтаждалып, елеп-екшеліп ұсынылмайды. Көрермен алдында қалай ойнадың, олар солай қабылдайды. Сондықтан да сахна асығыстықты, шала-шарпылықты кешірмейді. Әрбір қадамыңа нық болуың шарт. Сахнадағы әртістің басты қағидасы – сол. 
         – Режиссердің ұсынған барлық рөлдерін еш бөліп-жармай ойнай бересің бе? Әлде іштей бір қарсылық туындайтын кезің бола ма?
         – Режиссер алдындағы кез келген әртістің шама-шарқын, қарым-қабілетін бес саусақтай жатқа біледі. Әрқайсысына лайықты бір-бір рөл ұсына отырып, оларға үлкен жауапкершілікпен сенім артады. Ал, нағыз әртіс ешқашан рөл таңдамауы тиіс. Себебі, оның әртістік шеберлігінің өзі кез келген образды талдап-талғамай өз биігінде сәтті алып шыға алуында жатыр. Сол себепті актер қашанда сенім мен жауапкершілік үдесінен шығу үшін ізденіп, кейіпкердің өмірін зерттеп жұмыс жасауы тиіс. Театр әлемінде кең таралған "Кіші рөл болмайды, кіші актер болады" деген ұғым да осыны меңзесе керек.
         – "Өнерде достық болмайды" деп жатады. Басты рөл немесе көрермен үшін ең жағымды образды сомдау үшін ұжымдас құрбыларыңызбен тіл табыспай қалған сәт кездесті ме?
         – Қазақтың "Есіктен келіптөр менікі, ылдидан келіп – өр менікі деме" деген керемет даналық сөзі бар. Аталы сөзден аспайтын тәлімі мол тәрбиені бойға сіңіріп өскен қыздың бірімін. Сондықтан өнер жолына кеше келіп, бұл салада өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген аға-әпкелеріммен бет жұлып, жаға жыртысудан аулақпын. Керісінше, мен секілді өнерге енді қадам басқан жастарға кез келген рөлдің өзі – үлкен жетістік, үлкен тәжірибе.

Өнер жолындағы үлкен бағдаршам
         – Кез келген әртістің көңіл түкпірінде "Шіркін, маған ойнау бұйырса екен!" дейтін бір рөлдің жататыны анық. Сахнаға алдағы уақытта кімнің образын алып шыққың келеді?
         – Болашақта өзімді басқа қырымнан көрсететін образда, эксперименталдық бағыттағы қойылымдарда көргім келеді. Себебі, талант қашанда еселі еңбекпен шыңдалады.
         – Сахнадан, түсірілім алаңынан тыс жерде қандай да бір тығырықтан шығып кету мақсатында актерлік шеберлігіңді пайдаланасың ба?
         – Әртіс – бала сияқты жаны таза жандар ғой. Сондықтан олар бұл қабілетін жеке бас пайдасына ұтымды іске асырады дегенге сенбеймін.
         – Шотландияға сапар шығармашылығыңа серпін бергені белгілі. Аталмыш сапар жайында сөз етсең.
         – Қойылым қойылған күндері "Болашақ" бағдарламасымен сонда білім алып жатқан қызылордалық жерлестеріміз бен Шотландиядағы қандас бауырларымыз келіп, қойылымды көріп, мәртебемізді бір көтеріп тастады. Елден жырақ жүрген олар бізді ыстық құшағына алып, елге деген сағынышын басты. Қойылымнан керемет әсер алғанын айтып, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Мұндай сәтте жүрегіңдегі патриоттық сезім еселене түседі екен. Ал, мен үшін бұл сапардың, бұл қойылымның, тіпті бұл рөлдің орны айрықша. Себебі, маған басты рөлдегі – Ақ Баянды ойнау жүктелді. Бұл – менің өнер жолымда үлкен бағдаршам, тәжірибе ретінде есте қалары анық.
         – Алдағы уақытта Зарина өз көрерменін мұнан өзге тағы немен таңғалдыруы мүмкін?
         – Өнер жолына желкенін енді ғана жайған жастың бірімін. Жоспар да, атқарылар іс те алуан. Сондықтан ауызбен орақ ормай, сөздің емес, істің адамы болғым келеді. Барлығы уақыттың құзырында.
         – Уақыт бөліп, әңгімелескеніңе рақмет!  
Сұхбаттасқан Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
 

  
        
 
07 наурыз 2019 ж. 99 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (1519)

16 наурыз 2019 ж.

№19(1518)

12 наурыз 2019 ж.

№18 (1517)

07 наурыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 612 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам