Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Көктемді қондырып қанатына...

Көктемді қондырып қанатына...

   Көгілдір көктемді қанатына қондырып, құс біткен жылы мекеніне қайта оралды. Қар құрсауынан арылған қара жерге жан еніп, тұмса табиғат түледі. Бет қарықтыратын аяздың қаһары қайтып, сай-саланың тоңы жібіді. Дегенмен, «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы» деп хакім Абай айтқандай көктемнің алғашқы айының бірден жадырап сала бермесі анық. Мамыражай күн райының кейде алдап соғатыны да осы мезгілде. Әлі де аяқастынан бұзылып, мал-жанға қолайсыздық танытуы әбден мүмкін.
     Сондықтан да ата-бабамыз алдамшы күннің қаупінен әркез  сақтанып отырған. Мезгілі жетсе де жылы киімін иыққа іле жүріп, тіршілігінің тұтқасына айналған төрт түлігін көзден таса етпеген. Жыл сайынғы дағдысына сай, жылы жақтан құстар ұшып келе бастайды. Дәл осы тұста қар аралас жаңбыр жауып, суық жел тұрады.  Ауа райы күрт бұзылады. Ұзамай қар еріп, жер лайсаң болатын шақ осы. Табиғаттағы бұл құбылмалылық артынша жауыны мол, дауылы зор Бесқонақ амалына жалғасады. Сөйтіп, «Сәуір болмай, тәуір болмайды» демекші мамыражай мамырға таман ғана күн райы тұрақталады. Жайдарлы жаздың лебі есіп, адамдар арқасын кеңге сала бастайды
                – Жазғытұрым уақыт шаруа үшін өте жайсыз кез. Наурыз айындағы елжіреген күн көзіне малшы, егінші қауым аса сене бермейді. Қар күрт ерігенімен, кенеттен алай-дүлей қар борап аласапыран болып кетеді. Малшы халықтың қарбаласқа толы тыным көрмейтін шағы да осы айда қозады. Қой түлігі де жаппай төлдей бастайды. Ол ел аузында «қой төгіні» деген атаумен қалған. Осы кезде жыл құстарының ішінде сарбауыр көкала торғай көктемнің хабаршысындай болып бірінші оралады. Оларды кейде наурыз торғайдеп те атап жатады, – дейді көпті көрген кейуана Әзиза Бақтыгереева көрген-түйгенімен бөлісіп.                                               
Расында, бала күнімізде үлкендер көктемнің алғашқы айындағы салқында ақпанның үскірік аязынан да қатты ызғар болады деп айтып отырушы еді. Онда сау адамның өзін жарға жығып кететін күш бар деп отыратындары есімде қалыпты.               
   Осылайша қазақша жыл басы саналатын наурыз айы – тіршіліктің жаңаратын, әлем ерек күйге енетін мезгіл. Соңғы жауған көктемгі ақ ұлпа қырат-жоталарды бүркей жапқан қалың қардың көбесін сөгеді. Қаһарлы қыстан тон болып қатқанның құрсауын ашып, айнала жаңарады. Ел аузындағы «Қардың басын қар алар» деген тәмсіл осыдан қалса керек. Осындай сан алуан құбылыстарды зерделеу арқылы ауа райын болжау қазақтың халықтық астрономиясында ежелден қалыптасқан үрдіс. Сол дала данышпандарының көрегендігінің арқасында бабаларымыз табиғат қатерінің талай қауіпінен аман қалып отырған.          
     Мінекей, көзді ашып-жұмғанша күрмеуге келмес қыстың қысқа күнінің дәурені бітіп, рауандап жаңа күн атты. Әсіресе, сылқым Сырдың жағасынан көгілдір көктем лебі ерекше еседі.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.    
12 наурыз 2019 ж. 59 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (1519)

16 наурыз 2019 ж.

№19(1518)

12 наурыз 2019 ж.

№18 (1517)

07 наурыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 612 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам