Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ізгілік шарапаты

Ізгілік шарапаты

  Көрісу күні дегенде анам айтқан мына әңгіме ойыма оралды. «Бала кезімізде жыл сайын наурыздың  14-і күні үйде бауырсақ пісіріліп, жеті күлше таратылатын. Үлкендердің амал, Көрісу күні деп айтып жатқанын талай мәрте құлағымыз шалды. Ата-анамызбен бүкіл ағайын-туысты аралап, көрісіп, дәм татып шығатын едік. Дегенмен аталмыш мерекенің қадірін бала кезде онша ұғына бермеген секілдіміз. Қазіргі уақытта бұл салттың мағынасын ұғынып жүрміз. Біраздан бері көріспеген адамдарды қайта жақындастырып, елдегі ынтымақ пен бірліктің нығаюына себеп болатынына көзім жетті» деген еді анам бірде бізге сыр ағытып.
Ызғарлы қыс кетіп, шұғылалы көктем келгенде Көрісу күні ерекше аталып өтіледі. Бұл мейрам қыстан жұтқа ілінбей, аман шыққаны үшін шүкіршілік ету ретінде тойланады. Наурыз мерекесінің алғашқы күні де осыдан бастау алады. Шығу төркіні тереңде жатқанымен осы атаулы күнді тойлау енді-енді ғана өрісін кеңейте бастады. Себебі, мерекенің маңызы зор. Жаңа жылға аман-есен жеткені үшін әрбір адам осылайша қуаныш білдіреді. Жастар жіті түсіне бермегенмен, көнекөз қариялар уақытында оны қалай тойлағанын жыр ғып айтады. Мағынасы тереңде жатқанын ұғыну қиын емес. Бүгінде ол ел ішінде кеңінен дәріптеліп келеді.
 – Бұл күні кезінде адамдар таңертең ерте тұрып, үйді тазалап, ауланы ретке келтіріп қоятын еді. Содан кейін іңір қараңғысы түскенше барлық туыстар мен достарды аралайді. Елмен  көріседі. Амандасып шығады. Көрісе келген адамды үй иесі көтеріңкі көңіл-күймен үйіндегі мол дастарханға шақырады. Күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмауы тиіс. «Бір жасқа шығуыңмен!», «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен!»деген ізгі тілектер айтылады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, әрбір  үй өзінің ата-бабасының, қайтыс болған жақын-жуығының басына барып, зиярат етеді.  Осы күні өткен жылдың ренішін жаңа жылға алып кірмеуі үшін адамдар бір-бірінен кешірім сұрайды. Ренішін ұмытып, татуласады. Ал жырақта жүріп, ағайын-туыспен көрісе алмаған адам еліне барған күні барлығымен «Жылың құтты болсын»! деп көрісуі керек. Оларға бауырсақ, тәтті тағамдар беріледі. Бұл да «жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз мол болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған, – дейді көпті көрген анамыз Үміткүл
Ал дәстүрдің тарихына үңілсек, Омар Хайямның «Наурызнама» кітабында жаңа жылдың 14 наурыздан басталатыны жазылған. Оның күнтізбесі аса дәлдігімен, әрі күн қозғалысына негізделуімен ерекшеленеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.


12 наурыз 2019 ж. 49 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (1519)

16 наурыз 2019 ж.

№19(1518)

12 наурыз 2019 ж.

№18 (1517)

07 наурыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 612 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам