Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Отандық өнім өрісі

Отандық өнім өрісі

   Көпті көрген аға буын өкілдерінің аузынан бұрын Қызылордада әйгілі аяқ киім фабрикасы болғандығы туралы жиі естиміз. Ұлы Отан соғысы жылдарында құрылған аталмыш фабрика күні кешеге дейін жұмыс жасап, тіпті экспортқа да өз өнімін ұсынған. Мұнан бөлек, ірі тігін және трикотаж фабрикалары да халыққа қызмет көрсеткен. Қазір сонау жылдары халықты осындай азды-көпті киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұрған бұл кәсіпорындардың аты аңызға айналды.
         Осыдан үш жыл бұрын қаламыздан ерлер жейдесін тігетін "Dalatex" фабрикасы ашылды. Қазіргі таңда кәсіпкерлік тынысы жанданып, Dalatex брендімен таза мақтадан тұратын ерлер жейдесі шығарылуда. Бір қуантарлығы, ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, бұл брендтің тұрақты тұтынушылары қалыптасып үлгерген.
         Сондай-ақ, былтыр "Орда" атауымен нарыққа енген шұлық өндіретін цех ашылды. Жергілікті кәсіпкердің отандық өнім өндірісін іске қосып, кәдімгі шұлық бизнесін өрістеткеніне риза болдық. Табиғи таза, ыңғайлы, ең маңыздысы – қызылордалық тауар. Бағасы да базар нарығынан әлдеқайда арзан өнімді әу бастан-ақ қызығушылық танытып, сатып алып жатқандарды көзбен көрдік.  
– Бізде жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде 58,5  млн. теңгенің  өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 2,7 есеге орындалды. Оның ішінде, киім шығару 5,9 есеге өскен. Ал, тоқыма бұйымдарын өндіру 25,2 млн. теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіштер өз кезегінде қаламызда жергілікті өнімнің қанат жайып, оны дамытуды қолға алған кәсіпкерлер қатарының ұлғайып келе жатқандығын аңғартады, – дейді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов.
Шын мәнінде, бізде бұл салада істің көзін тауып жүрген жандар жоқ емес. Соның бірі – қызылордалық Бексұлтан Бақыт. Жас кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарлама арқылы галстук өндіретін цех ашты. Жоба құны 3 млн. теңгеден астам қаржыны құрайтын өндіріс цехында бүгінде күніне 150-200 дана галстук дайындалып, базар нарығына ұсынылуда.
– Өзім 2014 жылдан бастап сауда-саттықпен айналысамын. Сол кезден бастап шымкенттік "Алтын адам" фабрикасының костюм-шалбарын сатып келемін. Кәсіпкерлікке бет бұрған осы жылдар аралығында отандық өнімге деген сұраныстың барына көзім жетті. Мәселен, осы брендтің костюм-шалбарын тұрақты түрде сатып алатын ер-азаматтар көп. Өзім де "Алтын адамның" өнімін тұтынамын. Осындай тауар сұранысын көзбен көріп жүргендіктен отандық өнім бағытындағы жеке кәсібімді ашу жөнінде ой келді. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарлама арқылы алған қаржыға Оңтүстік Кореядан арнайы аппарат машинасын алдырып, істі бастап кеттік, – дейді небәрі 24 жастағы кәсіпкер.
Қазіргі таңда Бексұлтан шағын цехында 4 жұмысшыны еңбек көзімен қамтып отыр. Жергілікті өнімнің бағасы да қалтаға қонымды, 1500-2500 теңгенің аралығын құрайды. Талапты жас болашақта жеке брендімен костюм-шалбар тігуді де қолға алмақ.  
Сондай-ақ, отандық брендті қалыптастыруға күш салып жүргендердің арасында қызылордалық Батырхан Дәріқұлов та бар. Ол – бүгінде "Жол картасын дамыту-2020" бағдарламасының игілігін көріп, өз кәсібін өрге домалатып отырған жергілікті кәсіпкердің бірі. "Дәріқұлов" жеке кәсіпкерлігінің ерекшелігі сол – темір тор ар жағында жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. ЗК-169/5 қатаң режимдегі колониясында таза былғарыдан жасалған аяқ киімдер қолмен тігіледі. Кәсіпкер көбіне балаларға арналған мектептік және  спорттық аяқ-киімдерге сұраныс өте жиі түсетінін айтады.
Жеңіл өнеркәсіп саласының қашанда әлеуметтік маңызы зор. Халықты жоғары деңгейде жұмыспен қамтитын сала болғандықтан қай мемлекетте де ол айрықша мәнге ие. Тоқсан ауыздың тобықтай түйінін сөз еткенде ине шықса да, түйме шықса да, өзіміздің төл өнім болғанға не жетсін деген ойға келеміз.
Бір кездері тымағын да, тонын да өзі тігіп киген бабамыздан қалған сол атакәсіпті қарқынды түрде қайта қолға алсақ, жеңіл өнеркәсіп жанданып, жергілікті өнімнің үлес салмағы айтарлықтай артатыны анық. Бұл бағыттағы бастамалардың да оң нәтижесі осыны меңзейді. Демек, енді біршама жылдан соң "Made in Qyzylorda" брендінің беделі артып, ішкі нарықты ғана емес, импортты да жаулап алуға қауқарлы бола түсетініміз сөзсіз.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
16 мамыр 2019 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (1537)

21 мамыр 2019 ж.

№37 (1536)

18 мамыр 2019 ж.

№36 (1535)

14 мамыр 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 3 288 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам