Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ГҮЛЗАРЛАРЫ ХАС СҰЛУДАЙ ТАРАНҒАН!

ГҮЛЗАРЛАРЫ ХАС СҰЛУДАЙ ТАРАНҒАН!

Жасарған да, жайнаған да, жаңарған,
Орындалған бас шаһарда сан арман.
Көшелері қайта түлеп, жаңғырған,
Гүлзарлары қас сұлудай таранған, – дегендей,  сұлу Сырдың бас қаласы күн өткен сайын нұрға малынып, түрлі гүл қауызымен кестеленіп, мұнда бейне бір әсемдік патшалығы салтанат құрғандай ғажап кейіпте. Жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын ғажайып көрініс адамды бей-жай қалдыруы мүмкін емес. Жазғы демалысқа шыққан жас өрендермен шат-шадыман болған ата-аналары қызылды-жасылды көмкерілген мәдени орындарда естелікке суретке түсуде.
Бұл игілікті іспен «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесі мамандары айналысады. Олар облыс орталығындағы демалыс орындарына, көше бойларына  800 мың дана раушан, тагетис, бархат, катарантус, целузия, циния, цинарица, шафран, питуния сынды гүл көшеттерін егуде. Жалпы көлемі 50 мың шаршы метр аумақты құрайтын қаланың көше бойын, саябақ пен скверлерді гүлмен көмкеруді ерте қолға алған тазалық мекемесі бүгінде оны күтіп-баптап, қала тынысының ашылып, айналаға көрік беруі үшін күндіз-түні тынымсыз еңбек етуде.
Мамандардың айтуынша, биыл қаламызда жергілікті жерге бейімделген 10 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылып, болашақта жасыл желекке айналғалы тұрған бас шаһардың шырай-көркін ашқалы тұр.
Орайы келгенде сыртта тұратын жерлестеріміздің туған қала жайлы оң пікірін тыңдау да ғанибет.  
– Әр келген сайын әдемі көрініске куә боламын. Алматыдан жылына бір рет туған жерге ат басын бұрмасақ, көңіл құрғыр елеңдеп тұрады. Сондайда жанымызға жора-жолдасымызды ала келеміз. Шаһардың табалдырығынан басталған тазалық көңіл марқайтады. Әуежайдан қала орталығына дейін тартылған тақтайдай түзу тегіс жолдар, көше бойлаған алқызыл гүлзарлар, көкке шапшыған субұрқақтар, сап түзеген зәулім ғимараттар көңілімізді көкке көтереді. Жүректе мақтаныш сезімі оянады.  Жаныма жайлылық сыйлаған қала келбеті жыл сайын ажарланып, еліміздегі көрікті қаланың біріне айналып келеді, – дейді алматылық Жалғас Уақбаев.
 Иә, ақындардың жырына, сазгерлердің әніне арқау болған туған қала көркімен мақтанамыз. Оны жырға қосамыз:
Жарқырайды жастарының жанары,
Болашаққа еркін қанат қағады.
Желбіретіп тәуелсіз ел байрағын,
Сыр шаһары шеру тартып барады!
Шынында, күллі Қазақ еліне алғашқы астана атымен мәшһүр болған екі ғасырлық  тарихы бар Қызылорда қаласы бүгінде үздіктер қатарында. Өзіне тән қазақы болмысымен, сән-салтанатымен, бақ-берекесімен болашаққа шеру тартқан сымбатты қалаға сүйсіне қараймыз. Бейне оның әрбір көшесі мен алаңында сұлу Сырдың салтанатын паш етіп, ән қалықтап, күй күмбірлеп тұрғандай!
                                                                                 Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.
                                                                 Суретті түсірген:Бахтияр Алмусаев.
04 маусым 2019 ж. 425 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

№68 (1567)

03 қыркүйек 2019 ж.

№67 (1566)

30 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 702 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам