Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тастанды тағдыр...

Тастанды тағдыр...

Бір ғана ой. Санаға тыным бермей келеді. Түпсіз тұңғиықтың жетегіне еріп, шырмауынан шыға алмай жүргеніме қанша күн болды. Ойламауға тырыссам да, жадымнан еш өшер емес. Менің санамды сан саққа жүгірткен сол бейкүнә балалардың жәудіреген көздері. Қалай ғана қиып қалдырады екен? Олар күтеді? Жолын тосады? Қашан келеді? Бәлкім, келер, мүмкін келмес. Бірақ, көңіліндегі үмітке толы сезімі үзілмесі анық қой. Жұдырықтай ғана жүрегінде орын алған толассыз сұрақтардың жауабын таба алмай іштей күресетіні мәлім. Олардың бұл толқынысы үлкен өмірдің қатты ағысына қарсы жүзуіне күш береді. Беймәлім үміт ұшқыны жеткіншектің жігерін жанып, бойындағы талабы мен қуатын қайрай түседі. Бұл терезеге телмірген әрбір тастанды балалардың көңіліндегі көрінісі.
Бір айдың ішінде Сыр жұртшылығын дүр сілкіндірген екі жағдай болды. Қазалыда жаңа туған нәрестені оның анасы пакетке салып, көшеге тастап кеткен. Ал, Қызылордада көшеден табылған нәресте жарық дүние жылуын сезіне алмастан өмірмен қош айтысты.
Бала – адамның бауыр еті. Көңілдің гүлі, көздің нұры, өмірінің жалғасы. Иә, шынымен де  дүниенің мәні де сәні де – бала. Бұл жалғанда біреулер нәрестелі болуды армандап, перзент сүюді Алладан жалбарынып жүрсе, әлдекімдер өзегін жарып шыққан шаранасын далаға қалдырып кетуде. Не деген әділетсіздік десеңші.
Жасыратыны жоқ, бүгінде өз баласынан безіп жүрген көкек аналар арамыздан табылып қалады. Қазақта «Әні болғанымен көкекті мақтамайды, дәні болғанымен мияны мақтамайды» деген сөз бар. Мұның мәнісі мынада болса керек. Көкек – ұя салмайтын құс. Жұмыртқасын өзге құстардың ұясына тастап кетеді. Безбүйрек ананы көкек құсына теңейтіні сондықтан шығар. Балалық шақтың дәуренін емес, кермек дәмін тартып, анасының ыстық құшағы мен аялы алақанын сезінбей жүрген қаншама өрен балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Перзентінің қос жанарын жәудіретіп, тасбауыр ана атанғандардың бұл әрекеті өзегіңді өртейді. Көңілге кірбің ұялатады. Еліміз қашаннан бері жесірін тентіретіп, жетімін жылатып еді.
Сәбилер үйіндегі балалардың тағдыры әрқилы. Бірінің ата-анасы жастықтың әсерінен шалыс қадам басып, аяғы ауырлап баласынан бас тартса, енді бірі шаранасының өмірге мүгедек болып келгенін көріп, оны бағып-қағуға шамасы келмейтінін айтады. Ал, кейбіреулер әлеуметтік жағдайының жоқтығын сылтау етіп, осындай қадамға барады. Алайда, барлығының тағдыр тауқыметін өмір есігін жаңа ашқан шаранасына артып кете баратыны санаға сыймайды. Өкініштісі, сол ата-анасының қатыгездігін сезініп өскен бала ызаға булығып өседі. Ерте есейеді. Қоғамға бөлек көзқараспен қарайтын болады. Себебі, әрбір бала үшін «тастанды» деген сөздің өзі үлкен соққы болып тиеді. Жүрегіне жазылмас жара салады. Елімізде ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды мемлекет өз қамқорлығына алып, он сегіз жасқа келгенше оны өсіріп, жеткізеді.
Бүгінде қалада «Облыстық мамандандырылған сәби үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жұмыс істейді. Жүз жылға жуық тарихы бар аталмыш бөбекжай 60 орындық балаға арналған. Мұнда ата-анасыз қалған жетім балалар, соттың шешімімен ана құқығынан айырылған жандардың балалары, некесіз туған бүлдіршіндер, денсаулығында кінәраты бар науқас балалар тәрбиеленеді.
 – Қазіргі таңда мекемеде 60-қа жуық бала бар. Біздің орталық жаңа туған сәбилер мен төрт жасқа дейінгі балаларға арналған. Олардың әлеуметтік, физикалық, психологиялық жағдайы да әртүрлі. Мекемедегі баланың бәрі бірдей тастанды емес. Арасында әлеуметтік жағдайы төмен отбасының перзенттері кездеседі. Олардың ата-анасы өз қалауымен белгілі бір уақытқа дейін арыз жазып сәбилер үйінің қарауына қалдырып кеткен. Белгіленген мерзім өткеннен кейін қайтадан өз туысымен табыса алады. Ата-ананың баласын кез келген уақытта келіп көруіне мүмкіндігі бар. Орталықта бүлдіршіндердің денсаулығын бақылап, қадағалайтын педиатр, логопед, педагог, психолог мамандары жұмыс жасайды. Біздің сәбилер үйінде тәрбиеленіп, төрт жасқа толған балалар әрі қарай «Атамекен» отбасылық балалар ауылына жіберіледі, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық мамандандырылған сәби үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас дәрігері Күләш Рысмұхамедова.
Тастанды балалардың қатары жыл санап азайып келе жатқаны қуантады. Мәселен, орталыққа осыдан бірнеше жыл бұрын жылына 10 бала қабылданса, қазіргі таңда олардың саны 1-2 сәбиден аспайды.
– Оған қоса соңғы уақытта жас аналардың бала асырап алу көрсеткіші де артты. Патронаттық тәрбиеге ниетті отбасылар қалалық білім бөлімі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы тиісті құжаттарды дайындауына мүмкіндігі бар. Одан соң, асырап алушылардың әлеуметтік жағдайы ескеріліп баланы өз атына рәсімдеуге жағдай жасалады.  Бөбекжайдағы сәбилердің осылайша өз отбасын тауып, ата-ана мейіріміне бөленгені бізді ерекше қуантады, – дейді сәбилер үйінің мамандары.
   Ананың алақаны – балаға айдынды қоныс. Жер жүзіндегі жылу мен мейірімнің барлығы тек сол аяулы жаннан тарайды. Ананың балаға деген ыстық ықыласынан асқан махаббат жоқ. Сол себепті, келешек ұрпақтың жақсы азамат болып қалыптасуы үшін ең алдымен осындай мейірім қажет.
 – Тастанды балалар тағдырына ойнақтап жүріп от басқан жастар жауапты. Қазақта «Қызым үйде, қылығы түзде» деген жақсы сөз бар. Қазақтан асқан ойшыл, дана халық жоқ. Бұрын ақ жаулықты аналарымыз қыздарына қырық үйден тыйым жасап, жағдайдың дұрыс-бұрыстығын айтып, тәрбиелеп отырған. Ал, қазір аналардың қызымен өзара сөйлесіп, жүріс-тұрысын бақылап отырғанын көп көрмейміз. Әрине, түсінемін бүгінгідей нарық заманында өмір сүру қиын болып кетті. Дегенмен, бала тәрбиесі кезек күттірмейтін мәселе. Әрбір ана өз қыздарының киім киісін, қайда барғанын, кіммен жүргенін біліп отыруы тиіс. Қай кезде де, әсіресе қыз баланың тәрбиесі үшін анасы жауапты. Ешкім өзінің бауыр еті баласын жамандыққа қимайды. Тәрбие мәселесіне неғұрлым дер кезінде көңіл бөлсең, соғұрлым оның нәтижелі жемісін көресің, – деді облыстық әйелдер кеңесі, «Сыр аналары» қоғамдық қорының төрайымы Нұрсәуле Мұсаева.
Жалғанда жалған жалғанда
Анадан жақын жан бар ма
Арманда ма екен анасы
Жанында жүрген жандарға
Аңсатқан жанға жетем деп
Жетімдер үйін мекендеп
Қарайлап жүр ау анасын
Қайтіп бір келер ме екен деп
Аңсатқан жанды ақ арман
Жас болып аққан жанардан
Сәбидің бәрі бақытты
Болуы үшін жаралған, – деп ақындар әнге қосқан сәбилердің тағдыры жүрегінде оты бар, көзінде нұры бар әрбір жанды бей-жай қалдырмасы анық. Қазақтың кез келген баласы бірімізге бала, бірімізге бауыр. Ендеше, тастанды баланың тағдыры, көкек ананың қылығы, ақылсыз баланың амалы мына бәрімізді алаңдатуы тиіс.  
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА.
04 маусым 2019 ж. 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№47 (1546)

22 маусым 2019 ж.

№46 (1545)

18 маусым 2019 ж.

№45 (1544)

15 маусым 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 3 937 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам