Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тасбақаны қолға үйреткен Гулфаризат

Тасбақаны қолға үйреткен Гулфаризат

Біздер үшін ит пен мысық асырау, құс, қоян өсіру қалыпты жағдай. Ал, мұндай экзотикалық жаратылысты бағып-қағу таңсық көрінеді. Дегенмен, қала тұрғыны Гүлфаризат Данабек үшін оның еш айырмашылығы жоқ. Жануарлар дүниесіне ерекше қызығатын ол бұған дейін қоян, попугай, хомяк және аквариумда балықтар асыраған.  Ал, тасбақа асырау туралы ой аяқ-асты туындаған. Сөйтіп, Арчи мен Хэппи есімді бауырымен жорғалаушыларды қолға үйретуді бастапты.
         – Бұл ерекше тіршілік иесін үй жағдайында асырауды 3 жыл бұрын қолға алдым. Ол кезде бұлар өте кішкентай болатын. Қазір біршама өсіп қалды. Алғаш көргенде қызығып, жақын танысымнан сұрап алдым. Негізі қызылқұлақты тасбақалар тұқымынан. Оны басының екі жақ шетіндегі қызыл жолақтарынан аңғаруға болады. Шамамен 60-65 жасқа дейін өмір сүреді екен. Қазір олар 4 жаста. Көбінесе аквариумде тіршілік етеді. Оған үй температурасындағы суды қолданамын және екі күн сайын ауыстырып тұрамын. Сосын күніне екі сағат құрғақ жерде жүреді. Бұған қоса күнделікті берілетін арнайы қоректері бар. Одан бөлек алма, капуста сынды көкөністер беремін. Хэппи (ұрғашысы) мұздатқышта қатырылған өнімді жегенді ұнатады. Азығын көбіне бүйрек пен жүректен әзірлеймін, – дейді ол тасбақалардың күтімі жайында.
         Кейіпкеріміздің айтуынша, Арчидің (аталығы) салмағы 700 грамдай болса, ұрғашысы 500 грамға жеткен. Бойлары 15-18 см құрайды. Әзірге жұмыртқа салуға ерте көрінеді. Ол үшін кемі тағы 3-4 жыл қажет. Бір қызығы, көрген көзге қорқынышты көрінген мақұлықтарды кейіпкеріміз өзінше еркелетіп, жылы сөзін аямайды екен. Байқап қарасаң, олар өте сезімтал ма дерсің. Иесінің дауыс ырғағыңа қарай құбылыс жасап, жылы сөйлесе еркелегендей көрінді.
         – Бір-бірімен алысып, жүгіріп ойнағанды ұнатады. Қимылдары шапшаң, тез қозғалады. Тамағын сипаласаң мойнын соза түседі, өздеріне тән дыбыс шығарады. Одан бөлек, судың бетінде қалқып жатып күнге қыздырынады. Қарап отырсаң, түрлі қылықтар жасайды. Балаларымның ермегі осы тасбақалар. Олардың әр қимылын бақылап, қызықтап жүреді. Ал, сырттан бөтен кісі келсе бұлар сауытының ішіне кіріп алады. Жасыратыны жоқ, кейде жұмыстан шаршап келгенде оларға қарап демалғандай боламын. Көпшілік үй ішінде жануар асырағанды ұната бермейді. Бірақ, бұл менің ең сүйікті жұмысым. Оларға қамқорлық жасаған өзіме де, балаларыма да ұнайды, – дейді Гүлфаризат.
         Қазір Арчи мен Хэппи 60 литрлік аквариумда тіршілік етуде. Егер оның көлемін үлкейтіп, көбірек азықтандырса тезірек өседі. Бір ерекшелігі олар өскен сайын сауытының түсі өзгеріп, терісі жаңарады екен. Алдағы уақытта Гүлфаризат аквариумды ұлғайтуды жоспарлап отыр. Солай олардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасамақ, әрі тұқымын көбейтуді көздейді.  
         Жалпы, бұл жаратылыс туралы әлем елдерінде түрлі наным-сенім қалыптасқан. Бірі ұзақ өмірдің, бірі байлықтың символы санайды. Әсіресе, Қытай, Үндістан елдері оны тағам, дәрі-дәрмек, косметикалық өндірісте кеңінен қолданады. Тіпті, кезінде үнділердің алып тасбақалардың сауытын соғыста қалқан ретінде қолданған деген деректе бар.
       Тасбақаға қатысты пайымдар қазақ дүниетанымында да жетерлік. Мәселен, салқын түсіп, күн суытар мезгіл жеткенде тасбақалар аузына бір шөкім шөпті тістеп, ұзақ ұйқыға кетеді екен. Кейін барлық тіршілік иелері сынды көктемде оянады. Қалың ұйқыдан тұрған ол үшін бұл – қозғалысына қиындық тудыратын кезең. Сол себепті Табиғат-Ана дауыл тұрғызып, тылсым күшімен оған көмек береді-мыс. Мұны ел арасында «Тасбақаның дауылы» деп атаған. Сондай-ақ,халқымызда көктемде кербез тіршілік иесінің тістеген шөбін көрген (не алған) адамның жолы болады деген сенім бар. Мәселен, заманының заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Тасбақаның шөбі» атты әңгімесінде Қарабала атты қарт ұстаның теріс аунап жатқан тасбақаны оң қаратпақ болғанда аузына тістеген шөбін көргені, осыдан соң жолы болып, ісінің оңалғаны сөз етіледі.
         Әлемде 250-ден аса тасбақа түрі кездессе, елімізде соның 2 түрі мекен етеді екен. Олар тұщы су және құрлық тасбақалары. Ал, біз айтып отырған қызылқұлақтылар тұщы су жорғалаушысы. Соңғы кезде сиреуіне байланысты «Қызыл кітапқа» енгізілген. Дегенмен, мамандар үй жағдайында аквариум мен террариумда асырау арқылы тұқымын көбейтіп, сақтап қалуға болатынын айтады.
 Айдана САЙДУЛАҚЫЗЫ.

11 маусым 2019 ж. 412 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

№68 (1567)

03 қыркүйек 2019 ж.

№67 (1566)

30 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 702 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам