Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мыжыма жеп көрдіңіз бе?

Мыжыма жеп көрдіңіз бе?

Қазақ халқы салт пен дәстүрге, әдет пен ғұрыпқа, мәдениетке бай. Әр кезде қонағына құрмет жасай біледі.  Осындай асыл қасиетімен де өзге ұлттардан ерекшелініп тұрады.
Әлі есімде, үйге қонақ келсе үлкендер қой союға дайындалып, сый-сыяпат жасайтын. Дегенмен, бүгінгі таңда сол ұлттық құндылықтар ұмыт болып барады. Қонақжайлылық қасиетпен қатар, асханалардың көбеюі және олардың арасында бәсекелестіктің пайда болуы біздің ұлттық тағамдарды ұмыттыра бастады. Көбінесе қазіргі жастар ет тамағынан басқа ұлттық асты біле бермейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында сөз алған Қостанай облыстық филармониясының баспасөз хатшысы Алла Чечеткина өзін қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінен сусындап өскенін  тілге тиек етті. «Негізі, қазақ тілін білу үшін, дәстүрлерін жетік меңгеру үшін қазақтың  мыжымасын жеп өсу керек. Ал сіздер, мыжыманың қандай ас екенін білесіздер ме? Қолдың сары майы қосылып, мыжылған ыстық таба нанның дәмі әлі күнге таңдайымнан кетпейді» деген еді. Расын айтсам, мен де осы күнге дейін мыжыма деген тағам түрін естімеген екенмін. Өзге ұлт өкілінің қызы таңдай қақтырып мақтап тұрған соң, «қандай ас екен?» деп мен де оны білуге қызыға түстім. Тіптен өз ұлтымның осындай дәмді тағамын білмегеніме ұялдым. Содан осы асқа қызығушылығым оянып, үлкен кісілерден оның жасалу жолын сұрастыра бастадым.
Ежелден қазақ дастарханында кәделі ас – ет тағамы екені баршаға мәлім. Дегенмен,  сыйлы қонақты ұннан жасалған тағаммен қарсы алатын сәттер де кездескен. Сондай бағалы тағамның бірі – мыжыма екен . Бұл ас бүгінгі күні дастарханымыздан көп табыла бермейді. Сондықтан да ұмтыла бастаған. Ал, оларды қайта еске түсіріп, дәмін татып көру – біздің қолымызда.
 – Әдетте қазақ сыйлы қонағына мал сойып, бас ұсынады. Кейде қонақтар асығыс болғандықтан, арнайылап мал сойдырмаған. Мұндайда ата-анамыз ол кісілерге соған лайық дәм татқызудың жолын білген. Осы ретте мыжыманы ұсынған. Ол – тез әзірленеді әрі дәмді тағам. Келген кісілердің соятын малға қарамайтынын білген анам дереу шоққа таба нан салып, сары майды мол салып осы тағамды әзірлейтін. Тұзды сары майға мыжылған нан ерекше дәмді болады. Бұл дәмнен ауыз тиген қонақтар «бас көрмедік, ет жемедік» демей риза болысқан. Себебі, мыжыманың жолы, дәрежесі ет тағамымен, тіпті бір малдың басымен бірдей кәделі, құнды ас саналған. Айтпақшы, тойымды асты кейде қант қосылған майға да салып әзірлейді. Аталған тағамды әсіресе үлкен кісілер жақсы көріп, сүйсініп жеген,  – дейді анам Базаркүл Байдалиева.
Иә, ғасырлар бойы жасап, әзірлеу әдістерін қапысыз жетілдірумен болған ұлттық тағам түрлері – ұлттық мәдениетіміздің бөлінбес бір саласы. Кез-келген этностың өзіне ғана тән қасиет-қадірі, болмыс бітімі ұлттық дәстүрлі тағам түрлерімен ғана танылып қоймайды, оны әзірлеу жолдарымен де танылады. Сондықтан ұрпақтарымызға ата-баба аманатын табыстау біздің міндетіміз. Десек те, қазіргі келіндер шоққа да нан жаппайды.
Біздің ұлттық тағамдарымыз дәмі жағынан әлем елдерінің асханаларынан кем түспейтіні белгілі. Құнарлығы, адам денсаулығына пайдасы өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ біз өзіміздің ұлттық тағамдарымызды лайықты дәрежеде насихаттай алмай келеміз. Мәселен, қаладағы мейрамханаларға барсаңыз, ұлттық тағамдардың аздаған ғана түрін кездестіретініңіз шындық. Сол үшін де ең болмаса үйде өз еліміздің ұлттық асын әзірлеуді үйреніп, балаларға дәмін татырып жүргеніміз абзал.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
11 маусым 2019 ж. 154 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№47 (1546)

22 маусым 2019 ж.

№46 (1545)

18 маусым 2019 ж.

№45 (1544)

15 маусым 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 3 937 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам