Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Әмеңгерлік

 Дәстүрге берік халқымыздың тыныс-тіршілігі салтымен астасып жатыр. Соның бірі ретінде әмеңгерлік салтын айтуға болады. Қазақ қашанда жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық емес пе? Ұрпағының ертеңін бүгіннен қамдаған ұлтымыздың көрегенділігі де осында болса керек.
         Осыдан біраз жыл бұрын жақын туысымыздың қызы ұзатылды. Дәстүрге сай құдалар жағы арнайы келіп, қызға сырға салды. Сол тойда көпшіліктің назары бас құдаға ауды. Әйелдердің әңгімесі жаңа құданың құдағидан жас көрінуі болды. Біреуі жасы кіші десе, ендігісі нәзік жандылар ерте қартаяды деп топшылады.
         Сонымен қыз ұзатылып, жастар тойы да өтті. Ендігі екі жақ бір-бірін қонаққа шақырып, ағайын-туыспен жақын таныстық басталды. Сол жиында көптің көкейіндегі сұраққа жауап табылды. Өмірден ерте кеткен ұлының жесірі мен жетімін жылатпайын деген ана әмеңгерлік жолмен кенже баласын жеңгесіне  үйлендірген екен. Анасының талабына баласы да қарсы келмей, онымен шаңырақ көтереді. Ата салтынан аттамаған ол өзі де ұрпақ жалғады. Жеңгесімен жұбайлық өмірі сыйластықта өтіп, енді міне, ағасының ізбасарын үйлендіріп, парызын орындады.
         Дана халқымыз «Аға өлсе жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра» деп жесір қалған әйелдің қайынағасына немесе қайынінісіне, қандас туыстардың біріне тұрмысқа шығуын айтса керек. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағиданы берік ұстанған халқымыз әмеңгерлік мәселесін заңға енгізген. Өткенге көз жүгіртсек, «Жеті жарғы» заңында ері қайтыс болған әйелдің әмеңгерлікпен тұрмысқа шығуын міндеттеген. Себебі, көшпелі кезеңде жесір әйелдің жалғыз күн көруі, не бөтен адамға күйеуге шығуы әлеуметтік мәселеге айналған. Халқымыз жесірі бөтенмен бас қосса, ұрпағының болашағына алаңдаған. Өгей әкенің балаларға өгейлік танытуынан, күйеуінен қалған мал-мүліктің талан-таражға түсуінен сақтанған. Тіпті, жесір әйел әмеңгерлікке көнбесе оны балаларынан ажыратқан. Сол себепті, бұдан жалғыз әйел емес, ер адамдарда бас тартпаған. Өйткені, олардың келіспеушілігі бауырына деген мейірімсіздік, туғанына опасыздық саналған. «Өлімнен ұят күшті» дейтін даналарымыз ұрпағының қамын ойлап, тұрмысын осылайша дәстүрмен сабақтастырған. Бір жағынан әлеуметтік, тәрбиелік маңызы да зор.
         Қазіргі қоғамда адам шошырлық жайттар жиі орын алуда. Жетім мен жесірді айтпағанда, толыққанды отбасында болып жатқан жағдайлар көңілге қаяу түсіреді. Анасы баласын, баласы анасын керексіз қылған заманда ескі жолды құптайтындар кездесе бермейді. Өмір бар жерде өлім де бар. Үлкен өмірге енді қадам басып, отбасылық өмірдің бақытын толық сезіне алмай ерте жесір қалып жатқан қаракөздеріміз көп. Олардың көбісі құрсақтағы сәбиі немесе әлі есін білмейтін бүлдіршінін құшақтап жалғыз қалып жатыр. Ал, оның одан кейінгі өмірінің қалай өрбитіні беймәлім. Бір білеріміз, үлкендердің «Өмірің әлі алда, жассың» деп келінді еркіне қоя беруі. Немересі ата-әжесін әрі кетсе екі-үш жыл көреді. Одан кейін аралары алшақтай бастайды. Кейде араға ұзақ уақыт салып, немеренің іздеуімен қайта қауышып жатады. Ал, кейде ренішке толған бала көңіл есейе келе жеккөрушілік сезіміне айналады. Айта берсек, мұндай оқиғаларға өмірде жиі кездеседі. Тіпті, анасы баласын әке-шешесіне қалдырып, бөтен біреуге тұрмысқа шығып жатқандарды да білеміз. Ақырында бала тағдыры екі ортада тәлкекке түседі.  
         Батыстың мәдениетін құп көретін қазіргі жастар әрине, бұл дәстүрді естісе жағасын ұстайды. Бұрындары әмеңгерліктен бас тартқандар сирек десек, бүгінде оған келісетіндер кездеспейді. Содан да болар, бұл дәстүрдің қоғамдағы орны ойсырап тұр. Есесіне, әкесіз жетімдер мен өгейдің қорлығын көргендер еселенуде. Не десек те, әркім өз өмірінің қожайыны. «Балам – бауыр етім» дейтін жұртымыз осындай келеңсіздікті болдырмас үшін бесігін түзеп, дәстүрін дәріптей білді. Өкініштісі, жаңа ғасырдың замандастары мұны ескінің тозығы жеткен қалдығы деп біледі. Бүтін ұлттың тағдырын өзімшілдікпен алмастырады.
         Әрине, зайырлы қоғамда таңдау өз еркімізде. Десек те, ескінің ұстанымын жаңғыртудан ұтыла қоймаспыз. Себебі, жоғарыда айтылған оқиға кейіпкері өзінің бір сөзінде: «Ана үшін бәрінен бұрын баланың бақыты маңызды» деген еді. Ал, сіз қалай ойлайсыз?
Айдана САЙДУЛЛА
13 тамыз 2019 ж. 408 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (1596)

14 желтоқсан 2019 ж.

№96 (1595)

10 желтоқсан 2019 ж.

№95 (1594)

07 желтоқсан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 7 443 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам