Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ұрпақтың жақсы болуы – тәрбиеден

Ұрпақтың жақсы болуы – тәрбиеден



Әдеттегідей, жұмыстан шығып, таксимен ауылға бет алдым. Көлік ішінде өзімнен 3-4 жас кіші студент қыздар. Қолдарында ұялы телефон, ауыздарында сағыз, шайнаң-шайнаң етіп келеді. Бұл жағдай қасында отырған адамға ерсі көрінеді. Сонымен ауылға да келіп жеттік. Жаңағы қыздар таксиге «үйді-үйімізге апарып сал, ақшасын төледік қой» – деп өқтемсіп сөйледі. Өздерінен үлкен кісі екеніне мән беріп те отырған жоқ. Содан бір қыз түсті де жүрейін деп тұрған машинаның алдынан кесе-көлденең өтіп кетті. Машина иесі «жолымды кесіп өтті ғой» – деп жатыр.
Сол кезде есіме анамның сөздері түсті. Бала кезімде ауылда жол үстінде келе жатқанда анам әрқашан «ер кісінің алдынан кесе көлденең өтпе, машина келе жатса күтіп тұр» – дейтін. Сонда анама: «мама, қалада қаптаған көліктің қайсысына жол беріп тұрасың» – дейтінмін. Бұл күнде сол сөздің қадірін ұққандаймын.
Жалпы, осыдан кейін қазіргі аналар балаларына дұрыс тәрбие беріп жүр ме – деген сұрақ санамды билеп алды. Мен де анамын ғой, болашақта ұрпағымды қалай тәрбиелеуім керек?
«Ананың қадірін балалы болғанда түсінерсің» – деп ата-бабамыз біліп айтқан. Жалпы ана атану, бала тәрбиелеу қоғамдағы жауапты істердің бірі екені сөзсіз шындық. Қазіргі уақытта жастардың тәрбиесі дұрыс емес, олар қалай сөйлеуді, киінуді, қалай жүруді білмейді деп сөгіп жатады. Ал «оларға дұрыс тәрбие беріп жатырмыз ба» – деген сұрақ мазалағандар бар ма екен. Балаға тәрбие құрсақтан бастап беріледі. Яғни, ана болу үшін үлкен жауапкершілікті атқара білу қажет.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Осы сөздің өзінде түсіне білген адамға терең мағына жатыр. Яғни, ұрпақты сәби кезінен қолға алсақ, көп тәрбие берген болар едік.

Қазір шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап, жыласа қолына ұялы телефонды ұстата саламыз. Одан 3-4 жастағы балақайды теледидардың алдына отырғызып мультфильм қосып береді. Ол қандай арна көріп отыр, оны тексермейді. Ал, 5-6 жастағы жеткіншектер компьютердің құлағында ойнайды. Бір сөзбен айтқанда бүгінгінің өрендері тәрбиені заманауи технологиялардан алуда. Оларға көңіл бөлетін ата-ана жоқтың қасы.
Қоғам үшін әр отбасында тәрбиеленіп жатқан баланың орны ерекше саналады. Сондықтан оның бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни, адамгершілік сынды құнды қасиеттерді сіңіріп отырған жөн. Жасөспірімдер арасында қылмыстардың көбеюі, олардың бұзақы әдеттерге баруы, түнгі ойын клубтарын жағалауы бәрі үйдегі тәрбиеге байланысты.
«Тәрбие – тал бесіктен басталады», «Баланы – жастан» – деген ұлағатты сөздердің өзі тәрбиенің басын көрсетіп отыр. Себебі, есейіп кеткен соң баланың теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Бұл мәселе төңірегінде белгілі айтыскер ақын, «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі Бекарыс Нұриман әркез айтып жүр. Жас ғалым рухани жаңғыруды ең алдымен ұлттық рухтан бастау қажеттігін айтады.
– Ұрпақ тәрбиесі ұлттық рух арқылы жетеді. Жаһанданған, отарланған санамен балаға тәрбие беретін болсақ, ұрпағымызда тәрбие де рухта болмайды. Мәселен, «Қорқыт ата» кітабында 12 жыр бар. Кейде балаларыма 12 жырдан үзінділер айтып беремін. Ұйықтар алдында кейбір дастандарды әңгіме, ертегі түрінде оқимын. Алпамыс, Қобыланды жырларынан үзінді оқимын. Қазіргі таңда ұрпақ бойына мультфильм арқылы тәрбие берудеміз. Бала ертегіні тыңдаған сайын сюжетті көз алдына елестеді. Сол арқылы өзінде толғану, қиялдау, ойлау қабілетін тежеп отырмыз. Мультфильм арқылы бала ойланбайды. Сондықтан тәрбие – ертегі айтудан басталуы керек. Әсіресе, ұлттық болмысымызды көрсететін төл туынды, жырларды ұрпақ бойына, санасына сіңіру қажет, – дейді Бекарыс Нұриман.
Сондай-ақ тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Бұл махаббатқа олар қашанда шөлдеп тұрады. Сондықтан баланы шексіз мейіріммен өсіру керек қажет-ақ.
Ұрпақты жетілдіріп өсіру жөнінде Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға адамнан үш алуан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», – деп, осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен. Біздің қоғамда осы жайтқа көңіл бөлу – заман талабы. Олай болса, елдің ертеңі – жасөспірімдерге ғасырға лайықты тәрбие беру басты міндет екенін естен шығармайық.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

03 қыркүйек 2019 ж. 148 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1571)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (1570)

14 қыркүйек 2019 ж.

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 839 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам