Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Банктен кімдердің қарыздары кешірілді?

Банктен кімдердің қарыздары кешірілді?

 Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойды. Президент қарызға батқан азаматтардың жағдайына бей-жай қарай алмайтынын білдіріп, бұрын-соңды болмаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын айтты.
Жарлық негізінде бірқатар қазақстандықтардың несиесі мемлекет тарапынан өтелуде. Қыркүйек айының алғашқы күндерінен еліміздің екінші деңгейлі банктері мен халыққа қызмет көрсету орталық қызметкерлері осы мақсатта тиісті жұмыстарды жүргізді.
Көп ұзамай қарызы мемлекет тарапынан жабылған көпбалалы аналар жайында ақжолтай жаңалықтар шығып жатты. Ұялы телефонына келген хабарламаға жұрт өз қуанышын білдіріп жатты. Бұл жеңілдік көп балалы отбасыларға өз шарапатын тигізуде. Мәселен, қала тұрғыны Ақшолпан Жүсіпбекова – көпбалалы ана. Осыдан бір жыл бұрын екінші деңгейлі банктен 1 млн. теңге несие алған еді. Оны 3 жылға 38 мың теңгеден бөліп төлеуге келісім бар. Соңғы өзгерістен кейін ол ай сайын 38 мыңнан 22 мың теңгеге төмендеді.
– Төрт балам бар. Өзім де, жолдасым да – мұғалімбіз. Алайда, айлығым мардымсыз, қажеттілігімді аса өтей қоймайды. Сондықтан мемлекет тарапынан жасалған бұл жеңілдікті қуана қабылдадым, – деді көпбалалы ана.
Дегенмен әлі де болса халық арасында алыпқашпа әңгіме мен түсінбестік туғызатын мәселелер бар. Азаматтар құжаттарын өткізбес бұрын алдымен назар аударатын жайттарды білгені дұрыс. Жарлық бойынша әлеуметтік көмекке ие болу үшін арнайы белгіленген 5 санатқа кіру шарт. Оған көп балалы және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын, 18 жастан асқан мүгедек балалары бар отбасылар, мемлекеттік атаулы көмек алушылар, кәмелеттік жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар жатады. Бұл ретте тағы бір ескеретін жайт, осы аталған санаттың біреуіне сәйкес келсеңіз, несиені биылғы жылдың 1 маусымына дейін рәсімдеуіңіз керек. Егер одан бергі уақытта банктен алынған қарызыңыз болса, сізге мұндай жеңілдік жоқ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстағы департамент басшысы Төреахмет Жолымбетовтың айтуынша, 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борыш пен оған есептелетін сыйақыдан тұратын өтелуі тиіс берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспауы қажет. Ол үшін аталған 5 санаттың біреуіне есептелуің тиіс. Көрсетілген санаттағы азаматтардың тізімі елімізде 2 289 038 адамды құрады. Егер де жүктемесінің азаюына үміттенген азаматтар өздерінің мәртебесін egov.kz электрондық үкімет порталынан, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.gov.kz сайтынан, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тексеруге болады. Егер көрсетілген санаттарға жатсаңыз, бірақ жалпы тізімде болмасаңыз, 111 бірыңғай нөміріне қоңырау шалғаныңыз дұрыс.
– Көпбалалы аналардың арасында үлкені кәмелет жасқа толып кетсе, бұл жеңілдік оларға тиесілі емес. Алайда, олардың 18 жастан асқан баласы жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын болса, онда сол жерден анықтама әкеліп, базаға енгізуі керек. Келушілер арасында мәселенің мәнісін түсінбей жүргендер көп. Мәселен, мүгедек бала асырап отырған отбасылар арасында кәмелет жасынан асып кеткендер болса, онда несиесі өтелмейді. Бұл жеңілдікке тек туа бітті мүмкіндігі шектеулі азаматтар ғана іліге алады. 18 жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар өздерін тізімнен көре алмаса, ҚР Білім және ғылым министрлігіне арыз жазып, ата-анасының өмірден өткендігі және өзінің туу туралы куәлігінің көшірмесін жібере алады, – деді «Азаматтарға арналған үкіметтік корпорациясы» облыстағы филиалының директоры Айдын Қайруллаев.
Халық арасында мұндай жеңілдік жасалғандарға енді қайтадан несие берілмейді деген әңгіме айтылып жүргені рас. Егер сіз несиеңізді уақытылы төлеп отырған болсаңыз, онда алаңдауға негіз жоқ. Ал, мұндай заңдылықты сақтамаған жағдайда алдағы уақытта банк сізге қарыз беруден бас тартады. Жалпы, елімізде екінші деңгейлі банктерге борышкерлердің 52 пайызына осындай жеңілдік көрсетілген. Облыстағы 56 600 адамның өсімпұлы мен айыппұлы ешқандай санатқа қарамастан кешірілген.
ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Әсет Мұстафиннің айтуынша, 3-4 банктен несие рәсімделген азаматтың қайсысы бірінші алынса, соның 300 мың теңгесі толығымен төленеді. Ал борышкер Жарлық шыққаннан кейін өзінің қарызын жауып үлгерсе, онда банк оның ақшасын қайтарып береді. Көпшіліктің «банктер 300 мыңнан ақша беріп жатыр екен» деген алыпқашпа әңгімесі осылай бұрмаланып жетсе керек. Ұлттық банк директоры тағы бір нәрсені ескергенді жөн деп санайды. Ол алынған несие тек екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық банкке тіркеліп, ай сайын өз есебін беріп отырған қаржы ұйымдарынан ғана өтеледі.

Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
16 қыркүйек 2019 ж. 277 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (1579)

15 қазан 2019 ж.

№79 (1578)

12 қазан 2019 ж.

№78 (1577)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 473 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам