Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТАРЛАНЫ

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТАРЛАНЫ

  Халқымыз сонау ерте заманнан өнердің сан алуан түрін бойына сіңіріп, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, бүгінгі күнге жеткізді. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін, қайталанбас асыл мұрасын сақтауға, жаңғыртуға, насихаттауға ерекше көңіл бөлуі дәуірлер мен ғасырлар бойы үрдісі үзілмеген сол құндылықтарды бағалаудағы зор міндет.
Ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақ, тамырын тереңге жайған төл мұрамыз. Ол – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен иық теңестіре алатын, рухани, логикалық ойлау өнері.
Тоғызқұмалақ осыдан 4000 жыл бұрын пайда болған деседі. Көшпелі қазақтың өмірінен көрініс беретін ойын халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты. Ерте кезден-ақ ата-бабаларымыз жерден арнайы отау қазып, ойын жүрісі үшін мал құмалақтары немесе қиыршық тастарды пайдаланған. Кейін заман ағымына сай арнайы тақталар пайда болып, оның өзіндік ережелері беки түсті.
Қазақта тоғызқұмалақты алғырлар ойыны немесе «шопандар математикасы» деп атаған. Ұлттық құндылықты ұлықтап, қайта өрлету жолы қолға алынып, деңгейі жоғары жарыстар ұйымдастырылып келеді. Сыр өңірінде осы спорттың дамуына зор үлес қосып, аймақ атын асқақтатып отырған кейіпкеріміз – Хакімжан Елеусінов ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, 4 дүркін Қазақстан чемпионы.
Биылғы жыл қорытындысы бойынша ол кісі ұлттық спорт қауымдастығы тарапынан берілген «Алтын тұғыр» иегері атанды. Осы уақытқа дейін бірталай белесті бағындырған спорт шебері 2012 жылдан бастап Қызылорда облысында аға жаттықтырушы қызметін атқаруда.
Ұлттық ойынның сыры жөнінде Х.Елеусінов:
− Тоғызқұмалақ арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Оның тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Жарыс басында әр қатысушыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Бастаушы мен қарымта жүріс жасаған қостаушы өз отауларындағы әрбір құмалақты ойлап отырады. Жеңілгеннің отауында құмалақтар тақ болып қалады. Сондықтан әрбір қадамды ойланып жасаған дұрыс. Ойынның зияткерлік қасиеттері рухани мұрамыздың танымалдылығын арттыруда. Сондай-ақ, тоғызқұмалақтың жеке тұлғаның озық қасиеттерін қалыптастырудағы орны ерекше, − деді спортшы.
Шыдамдылық пен ептілік, алғырлық пен ойшылдықты талап ететін ойынның қайта дамып келе жатқаны көңіл көншітеді. Осы асыл өнердің биігінен көрінген чемпионда жаттықтырушы ретінде шәкірттерін жан-жақты дайындап, шыңдап жүр. Нәтижесі де жаман емес. Әрқайсысының өз жетістігі баршылық.
− Мамандығым – еңбекті қорғау, тасымалдауды ұйымдастыру инженері. Теміржол саласында бірталай қызметті атқардым. Бірақ, тоғызқұмалақтан жақсы нәтиже көрсетіп жүрген соң бар білгенімді жастарға үйреткім келді. Баланы оқушы кезінен ойлануға, саралауға тәрбиелесек, ұтылмаймыз. Мектеп бағдарламасына тоғызқұмалақты енгізуді қолдаймын. Интеллектуалдық ойын түрі тоғызқұмалақ − ұлттық құндылығымыз. Оқушылар мектеп қабырғасында жүріп, оның қыр-сырын үйренетін болса ұтарымыз көп. Терең ойлы, жып-жинақы, салмақты, ақылды жастарды тәрбиелеп шығарған болар едік, – деді жаттықтырушы Хакімжан.
Атадан балаға мирас болып, бүгінге жеткен мәдени құндылығымыздың бір бөлшегі – тоғызқұмалақты тарих бетінен өшірмей, өскелең ұрпаққа жеткізу бәріміздің ортақ міндетіміз. Біздің кейіпкеріміз де осы мақсатта тынбай тер төгіп келеді.
Олай болса, бізде тоғызқұмалақтың тарланына тек сәттілік серігі болсын деп тілейміз. Сонымен қатар, алар асуы әлі алда екеніне сеніміміз зор.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
20 желтоқсан 2017 ж. 1 242 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1571)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (1570)

14 қыркүйек 2019 ж.

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 833 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам