Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » «ҚАЙСАРДЫҢ» ҚАУІПТІ КЕЗДЕСУІ

«ҚАЙСАРДЫҢ» ҚАУІПТІ КЕЗДЕСУІ


Сыр өңірінің спортында жергілікті «Қайсар» командасы ерекше орын алады. Дария бойындағы шаһарда ресми түрде кәсіпқой футбол клубының тұсау кескеніне келер жылы тұп-тура жарты ғасыр толады. Қазекем «Елу жылда ел жаңа» дейді. Расында, тарих атты әміршіге қас-қағым сәт секілді көрінгенімен бұл уақытта командада талай өзгеріс болды.
Зор табысқа да жетті, сүріндірген сәтсіздік те көз алдымызда өтті. Жергілікті жанкүйерді желпіндірген жеңісті ойындар да жадымыздан өше қойған жоқ. Халықаралық деңгейде ел намысын қорғаған уақыт та күні кешегідей санамызда жаңғырып тұр. Тіпті, сау басына төніп тұрған қауіп-қатерге тігіп, туған елдің туын төмен түсірмей, еңсеміз тік қайтқан сәттерді қалай ұмытарсың?! Солардың бірі – 1999 жылдың 17 қыркүйегінде Тәжікстанның Гозималик қаласы маңында қоныс тепкен Қызылқала қышлағындағы кездесу. Сол бір естен кетпес оқиғаның болғанына да жиырма жылға жуықтапты-ау... Әрине, біз жанкүйерлер сол бір сәттердің ауыр жағдайын, көңілге салған кірбіңін футболшылар секілді сезіне алмайтын шығармыз. Өйткені, оны қазір өмір мен өлім арасындағы матч деп те бағалап жүргендер бар. Себебі...
Бұл – жылда тәжік елінің егемендікке енді қол жеткізіп, өзінің болашаққа барар жолын айқындап жатқан кезі. Ел іші дүрбелеңге толы. Мойнына қару асынып, бір-біріне алакөзденіп жүрген шағы. «Қожа Кәрімовтің» өзі дала командирінің өзінің бас болуымен құрылған. Ресми атауы да соған қойылған. Қолына қару ұстаған командир жетекшілік еткен команда басшылығынан барлық оқыс жағдайды күтуге әбден болады. Екі клуб Азия кубок иелерінің кубогы ойындарында жолыққан. Алғашқы кездесу Қызылордада өтті. Онда жерлестеріміз қарсыластарын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, сенімді түрде жеңіске жеткен еді. Бұл ойында біздің команда сапынан шабуылшы Владимир Логинов қос голдың авторы атанса, жартылай қорғаушы Азамат Ниязымбетов есепті үстемеледі. Жарыстың келесі сатысына шығуға «Қайсардың» мүмкіндігі артты. Дегенмен, алда қарымта кездесу бар.
Азия футболында төрешілердің бұра тартуы жиі кездесетін. Сондықтан біздің команда басшылары барлығына дайын болды. Сол бір тарихи ойынды көргендер мына оқиғаны айтады. Олардың айтуынша, тәжік командасы кездесу болардан үш күн бұрын өз қышлағында стадионда кездесуге дайындаған көрінеді. Трибуна салып, орындықтар орнатқан. Киінетін бөлме әзірленген. Табло қойылған. Өзге де ұсақ-түйектер жасалған. Ойын кезінде жанкүйерлер қару асынып отырған екен. Осыдан кейін жасыл алаң төрінде өз деңгейінде шеберлік таныта аласың ба?!
Соған қарамастан біздің футболшылар терезесі тең ойын көрсетті. Алдын ала күткендегідей, төрешілер кездесу басталардан-ақ бұра тартуды бастап кетті. «Новое поколение» газетінің жазуынша мұндай келеңсіздік Семейдің «Елімай» командасының басында да кездескен. Дәл осы секілді жағдай олардың Азия чемпиондары кубогында да орын алған. Сондай-ақ, біздің еліміздің ұлттық құрамасы да сары құрлықта сондай сәттерде талай мәрте сан соққаны айтылған еді. 2000 жылы Азия кубогына іріктеу кезеңінде құрама Дохада Катармен кездесіп жатты. Сол матчта алаң иелері ойыннан тыс қалған сәтте гол соқса да оны төреші есепке жатқызды.
Тәжік жеріндегі «Қайсардың» ойыны да дәл осылай сүреңсіз өрбіп жатты. Кездесуде бас төреші – өзбек жігіті Равшан Айтеков. Оның «Қожа Кәрімовке» бүйрегі бұрып тұрғаны айқын аңғарылды. Қарсылас команда мен төреші дегендеріне жетті. Тәжіктер есепті 3:0-ге жеткізді. Олар қанша тырысса да, біздің жігіттер намысты қолдан берген жоқ. Қосымша екі кезеңде де ештеңе шешілмеді. Жеңімпаз пенальти тебу арқылы анықталатын болып шешілді. Бұл сынақта да жерлестеріміздің сағы сынған жоқ.
Бұл ойынды көргендер қатарында белгілі спорт журналисі, марқұм Ильяр Гафуров бар еді. Ол КТК телеарнасының операторы Максим Тараненко екеуі қарымта кездесуге барып қайтқан еді. Сол сапары жөнінде республикалық газет беттерінде және телеарналарда кең тұрғыда хабар берді. Ол жөнінде «На войне как на войне» атты арнайы клип дайындап шықты.
Аталмыш кездесуге қазақстандық тараптан Тимір Сегізбаев делегат болып қайтты. Оны белгілі футбол маманы ретінде тек Азия ғана емес Еуропа да жақсы біледі. Ол сол бір сәтті былайша күрсіне еске алып: «Әрине, барлығы дабыл қағарлықтай. Мен қарсылас команда басшылығына «Егер ататын болсаңдар, мені оққа байлаңдар. Командаға тиіспеңдер» дедім» дейді ол.
Сол есте қалған ойынның статистикасы төмендегіше.
Азия елдері кубок иелерінің кубогы. Бірінші кезең. Екінші матч. 1999 жыл 17 қыркүйек. Гозималик. Тәжікстан. «Қожа Кәрімов» (Гозималик, Тәжікстан) – «Қайсар» (Қызылорда, Қазақстан) 3:0
Голдар: Изотуллаев (2), Солохитдинов.
Ойыннан кейінгі пенальти сериясында біздің командадан Азамат Ниязымбетов, Рахман Асуханов, Телеухан Тұрмағамбетов, Марат Есмұратов мүлт кеткен жоқ. Ал Виталий Кичак тепкен доп қақпа бағанасынан кері қайтты. «Қайсардың» қақпашысы Нұрлан Әбуов 3 пенальтиді ұстады (1 ойында, 2 пенальти сериясында).
«Қайсардың» құрамы: Нұрлан Әбуов, Каландар Ахмедов, Марат Есмұратов (капитан), Сұлтан Әбілдаев, Виталий Кицак, Азамат Ниязымбетов, Дмитрий Юрист (Телеухан Тұрмағамбетов), Сергей Тагиев, Владимир Логинов (Серік Қошқаров, 75), Рахман Асуханов, Артур Авакянц (Самат Шәріпов, 55). Бас бапкер Әбіл Қалымбетов.

10 қазан 2017 ж. 270 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (1488)

13 қараша 2018 ж.

№85 (1487)

10 қараша 2018 ж.

№84 (1486)

06 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 984 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам