Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Түркілер тарихын танытқан «Томирис»

Түркілер тарихын танытқан «Томирис»

Қыркүйек айында көптен күткен «Томирис» фильмінің тұсауы кесілді. Жаңа тарихи драманың жарыққа шығуы қазақ киносының қоржынын байытып, ұлттық өнеріміздің дамуына өзіндік үлес қосты. «Жақсыны көрмек» үшін дегендей, су жаңа картинаны кинотеатрдан көрсетілімге шығарды дегенді естіп, біз де көріп, көрермен ретінде бағасын беруге асықтық. Кассаның алды ығы-жығы халық екен. Билеттің бағасы да арзан емес. Бір үйден 2-3 адам барса, едәуір қалтаға ауырлық түседі. Десе де, қызығушылық танытқандарға билет бағасы түк емес.
Киноны қазақстандық белгілі режиссер Ақан Сатаев таспалаған. Ол бұған дейін бірнеше туындысымен көпшілікке таныс болған. Сондықтан бұл жолы да кәсіби маман ретінде сапалы дүние жасауға күш салғанын байқау қиын емес. Аталмыш фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильмнің» қатысуымен түсірілген.
Түркі дүниесінің түпкі тарихын таразыға тартқан фильмде Қазақстан аумағында екі жарым мың жыл бұрын болған оқиғалар қамтылған. Сюжет желісі тарихтан білетініміздей, Тұмар ханшайымның(Томирис) сақ-массагет тайпаларының әскерін басқарып, өз жерін парсы патшасы Кирден қорғап қалуымен құнды. Фильмде ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазбасы негізге алынған. Онда Каспий теңізінің қос жағалауын мекен еткен еркін тайпаларды өзіне бағындыруды көздеген парсы патшасы Кирді ойсырата жеңген Томирис туралы айтылған. Фильм сюжеті оның дүниеге келуімен құрылып, әрі қарай сәби кезінен батыр болғанға дейінгі, кейіннен билеушіге айналуымен шиеленісе түседі. Кинода оның бейнесін 28 жастағы Алмира Тұрсын сомдап шыққан. Оның актриса ретінде кинодағы алғашқы дебюті болса да, тарихи драмадағы образы сәтті шыққан. Көрерменге түсінікті әрі сақ заманының атмосферасын сезіну үшін фильм көне түрік және парсы тілінде түсірілген. Бұл автордың ежелгі дәуір көрінісін сақтап қалуға тырысқанын байқатады. Кино желісінде көне кезеңді көз алдымызға келтіріп, архаизм мен қазақтың бағзы сөздерін қолдануы ұтымды көрінді.
Фильмнің шарықтау шегі екі билеушінің соғысымен шешімін тапқан. Шайқастың суреттелуі шынайы берілген. Фильмнің осы сәтіне түсіру тобының көп күш жұмсағаны көрініп-ақ тұрды. Сұм соғыстың бәрі сұр түске енген. Шаң басқан енсіз даладағы тарихи көріністер фильмнің табиғатын аша түскендей. Киноны көріп отырып, бас кейіпкердің әрбір жеңісіне қошемет білдіргің келеді. Кирдің рөлін сомдаған шет елдік актер де лайықты таңдалған. Фильмде Ерік Жолжақсынов, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Асылхан Төлепов, Азамат Сатыбалды, Аян Өтепберген сынды отандық талантты актерлар да бой көрсетеді.
Кинодан көне дәуірде отбасы мен қоғам арасында нәзік жандылардың рөлі жоғары болғанын аңғаруға болады. Бұл фильмді тамашалай отырып, туған жерге деген махаббатың оянады. Тарихты оқуға құлшынысың артып, өткеніңді біліп, түп-тамырыңды түгендеуге ұмтыласың. Сол заманда ел басқарған билеуші әйелдердің басқаларды соңына ерте алатындай ақылға ие болғанына таңғаласың. Тұмар ханым (Томирис) өте сезімтал, өжет қыз. Ол ұстанымына берік болды. Патшайым ер азаматтардың күш-жігерін өз мақсатына пайдалана білді. Оның даналығы да осында. Мемлекет үшін мықты қадамдар жасаған рухты әйел ретіндегі бейнесі мәңгі тарихи феномен болып қалары сөзсіз.
Әлеуметтік желіде бірқатар киносыншы, журналист пен блогерлер киноға қатысты сыни пікір білдіріп, өз ойын жолдап жатты. «Біткен іске сыншы көп» демекші, аздаған қателіктер орын алған шығар. Дегенмен есіл еңбекті бағалай білген жөн.
– Ұлы даланың кеңдігін сезіндірген Тұмар патшайым туралы фильм көңілімнен шықты. Кинодағы басты рөлге таңдалған актерлардың шеберлігінде сөз жоқ. Бұл – еліміздің кино тарихындағы ең ірі жобаның бірі. Мені көрермен ретінде сақтардың түркі тілінде сөйлегені қуантты. Олардың өз бабаларымыз екенін көрсетіп, күллі түркі әлемінің ана тілін қайта тірілткені кеудеме мақтаныш сезімін ұялатты, – деді қала тұрғыны Ернұр Сыздықов.
Қорыта айтқанда, «Томирис» фильмі түркілердің дала кезген дүбірлі дәуренінен хабар беретін тұғыры биік тарихи драма болып қала бермек.

Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
19 қазан 2019 ж. 176 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (1587)

12 қараша 2019 ж.

№87 (1586)

09 қараша 2019 ж.

№86 (1585)

05 қараша 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 907 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам