Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » КЕҢЕС ДҮЙСЕКЕЕВ: КОМПОЗИТОР БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

КЕҢЕС ДҮЙСЕКЕЕВ: КОМПОЗИТОР БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

«Сыр өңірінің өзі де, өнері де, халқы да ерекше». Бұл – Қызылорда облысының тумасы, жерлесіміз, елге танымал композитор Кеңес Дүйсекеев ағамыздың сөзі. Иә, ол қашанда туған жерін мақтанышпен айтып отырады. Табиғи талантын біліммен ұштастырып, қазақ музыкасын жаңа деңгейге көтерген Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің қашанда орны бөлек.
Өткенде қалада халықтың сүйікті әншісі, Роза Бағланова атындағы IV республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер конкурсы өтті. Жыл сайын осы байқаудың жоғары өтуіне К.Дүйсекеев белсене атсалысып келеді. Сол конкурста ол қазылық етті. Бізге әрдайым музыкадағы кәсібилік деңгейдің биіктігін қолдап, өнер тазалығын қорғап, батыл пікірлер айтып жүретін Кеңес Дүйсекеевпен әңгімелесудің сәті түсті.

БАЛА КЕЗДЕН БІР СӘТ
Ол 1946 жылы Қызылорда облысында қазыналы Қазалы ауданында дүниеге келді.
– Мен Сыр бойында туып-өскен адаммын. Жастайымнан өнерлі өлкенің жыр-термесін, күйін құлағыма сіңіріп өстім. Кейін музыкадан жеткілікті дәрежеде білім алып, көзім ашылғанда ғана туған өлкенің музыкасы қазақ елінің өзге аймақтарымен салыстыра қарағанда мүлде бөлек болмысты дүние екеніне көзім жетті, – деді композитор. Содан соң әңгімесін қайта жалғастырды. «Кішкене кезімнен әкемнің алдында отырып, жыраулардан терме, қисса, жыр-дастан тыңдап, құлағыма құйып өстім. Ол өмірдегі ең керемет сәт еді. Осы күні туған өлкең туралы ойға батсаң, еріксіз балалық шақ еске түседі» деді Кеңес аға.
Кеңес ағамыз 18 жасында Алматы қаласындағы №2 мектеп-интернатын бітірген. Сол мектепте 8 сынып оқып жүргенде домбыра үйірмесіне қатысты. Осыдан кейін әнге, күйге деген әуестігі арта түсті. Мектеп аяқтауға жақын қалғанда К.Дүйсекеевті Рахматдин деген үлкен ағасы Ахмет Жұбановқа ертіп барды.
«Өнер майталманының бірі – Ахаң десек, артық айтқандық емес. Сол Ахаңның алдында өлең айтып, домбыра тартып, бар өнерімді көрсеттім. Ол кісі мені шығарып жіберіп, ағама: «Баланың талабы бар екен. Композитор болады. Тек, оқып, білімін жетілдірсін», – деді. Ағам болса мектепті бітіріп жатқандығымды айтады. Атақты композитор баланың музыкалық білімі тереңдеу болсын десеңіздер, бірінші училищеден бастасын, одан кейін концерватория оқысын деген кеңес берді» деді Кеңес аға жастық шаққа шолу жасап.
Бұл 1964 жыл еді. Мектепті алтын медальға бітіргеніне қарамастан, музыкалық училищенің дайындық курсына түсті. Училище мен
концерваторияда бес-бес жылдан оқып, оларды 28 жасында бітіріп шықты. Сөйтіп, Ахаңның ақылымен музыка саласында 10 жыл бойы білім алған екен.
Кеңес Дүйсекеевке өнер жолында ақыл-кеңес берген ағалары көп. Соның бірі – Нұрғиса Тілендиев өзіне «Кез-келген адам композитор бола алмайды. Ол Құдайдың берген бір құдіретінің арқасында адам бойына даритын қасиет. Кезінде орыс композиторы П.И.Чайковский адам бойында 1 пайыз ғана таланттың болатынын, 99-ы еңбектену арқылы келетінін айтқан» деп ақыл айтқанын ұмытпайды.
Қазақта талантты жандар өте көп. Бірақ, ол адамға аздық етеді. Осы орайда «Мен таланттымын, менің алмайтын қамалым жоқ деу қате пікір. Бойыңда қанша жерден қасиетің болса да, еңбектенбесең, сен бәрібір биікті бағындыра алмайсың» деді сөз арасында Кеңес аға.
– Өнер адамы үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Мәселен, мен өзім музыка әлемінде болып жатқан жаңалықтың бәрін қалт жібермей қарап отырамын. Мұның бәрі шығармашылық адамы үшін үлкен күш. Композитор болу деген оңай дүние емес. Тек музыка әлеміндегі жаңалықтар ғана емес, дүниежүзілік әдебиетті жақсы білуің керек. Дүниетанымың кең болмаса, сен алысқа бара алмайсың, – деді танымал композитор.
ДОМБЫРАДАН БАСТАЛҒАН ДАРА ЖОЛ
Кеңес Дүйсекеевтің музыкаға әуестігі домбырадан басталған. Оқушы кезінде домбыра тартып үйренді. Орта мектепті бітірер тұста алғашқы ән-күйлерін шығара бастады. Содан бастап өнер әлеміне ерекше қызыға түсті.
– Арнайы білім алған соң композитор саналасың. Бірақ, менің ойымша, оны ең алдымен халық тануы тиіс. Сені солай атаса ғана ұялмай айтуға болатын шығар. Оған қол жеткізу үшін сенің жазған туындыларың елдің көңілінен шығуы керек, – деді Кеңес аға ойлана.
1977 жылы КСРО Композиторлар одағының мүшесі болды. Одаққа мүшелікке өту үшін арнайы білімі және классикалық жанрларда жазған бірнеше үлкен шығармасы болуы тиіс. Оған қоса оны Мәскеуге жіберу керек. Сол жақта оркестрлерге салып орындатады, сосын шығарманы тыңдап, авторын Композиторлар одағына ала ма, алмай ма деген мәселе шешіледі. Міне, сол кездегі талаптың мықтылығы.
– Қазақ композиторды негізінен ән жанрында туған шығармаларына қарап таниды. Маған келетін болсақ, алғашқы әндерім жарық көргеннен ел ықыласына бөленіп, танымал болдым дей аламын. Олар «Еркеледің сен», «Қаракөзайым», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!», «Өкінбе сен» секілді әндер болатын. Бұларды Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева секілді халқымыздың белгілі эстрада әншілері орындады. Кейбір әндер халықаралық конкурстарда жүлде де алды. Олардың сол деңгейге жетуі – менің музыкаға жеңіл қарамай, көп еңбектенгенімнің нәтижесі болуы керек, – деді кейіпкеріміз.
ӨЗГЕЛЕР КІМДЕРДІ ТАНИДЫ?
«Музыка саласында әлем қазақтан кімді біледі? Қай композитор танымал деп ойлайсыз» деген сауалға Кеңес аға өз ойын былайша білдірді.
– Менің ойымша, Ахмет Жұбановты, Евгений Брусиловскийді білетін шығар. Сол сияқты Еркеғали Рахмадиевті, Ғазиза Жұбанованы, Нұрғиса Тілендиевті біледі. Осы арада айта кететін нәрсе – бізде кәсіби композиторлардың насихаты аз. Дәріптеу жөнінде де кемшіліктер бар. Сондықтан осындай тұлғалардың еңбектерін дүниежүзіне танытуға ел болып, мемлекет болып атсалысуымыз керек, – деді жанашырлықпен.
– Телевидениеде жүргенімізде ашылған «Тамаша», «Шабыт», «Халық – талант қайнары», «Терме», «Айтыс» деген хабарлар болды. Солардың көбісінің ашылуына себепші болғанның бірі менмін. Сол жерде жүріп, ұлттық музыкамыздың майталмандарын сыртқа танытуға ұмтылыс жасаған да кезіміз көп. Мысалы, қырық минуттық «Нұрғисаның домбырасы» деген хабар жасап, соңынан оны орысшаға аудартып, Мәскеуде орталық телевидениеден көрсетуге қол жеткіздік, – деді композитор. Кеңес аға қазақ музыкасының болашағына алаңдайтынын жасырған жоқ.
– Күй жанрын дамытып, үлкен деңгейге көтеру үшін бәрін өзімізден бастауымыз керек. Оның қолданыс аясын ұлғайту қажет. Қолдан келсе, көптеген салаларға пайдаланған артық емес. Сондай өзгеше ұлттық өнеріміздің бар екенін бәрі білуі тиіс. Кезінде Алматының көптеген мектептеріне қоңырау даусының орнына Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет секілді ұлы халық композиторларының күйлерін пайдалану туралы ұсыныс жасағанмын. Соны қазір біраз гимназия, колледждер жасап жүр екен, – деді Кеңес аға.
Сонымен қатар, елімізде кәсіби композиторлар да баршылық. Тек оларды тани білу керек.
– Мәселен, Қуат Шілдебаев, Жоламан Тұрсынбаев деген кәсіби деңгейі жоғары композиторлар бар. Жастардың арасында да таланттылары баршылық. Тек соны көбіміз біле бермейміз... Жалпы, деңгейі биік кәсіби композиторлар не болса соны жазып, жылтыңдап елдің көзіне жиі түсе бермейді. Менің досым бар, белорус композиторы. Эдуард Ханок деген. Кезінде оның әндерін КСРО-ның белді әншілерінің бәрі айтқан. Ол үнемі «Әр композитор – өзіне өзі прокурор да, сот та болуы тиіс. Мен жылына қанша ән жазатынымды санамаймын. Соның ішінен өз деңгейімде бір, не екі ән болса соны жарыққа шығарамын. Есесіне бүкіл ел болып сол әнді шырқап жүреді» дейтін. Сол айтқандай, композитор өз деңгейін қадағалап отырмаса ұсақталып кетеді. Толыққанды өнер иесі болу үшін бірғана талант күші аздық етеді.
ӨНЕР ҚАЙТА ӨРКЕНДЕЙДІ
Музыка – ұлттың асқақ рухының тілі екенін бәріміз білуге тиістіміз. Көптеген халықтардың музыкасын тыңдап отырып, қай ұлтқа тиесілі екенін бірден білесіз. Демек, олар ұлт ретінде сақталып отыр деген сөз. Сол сияқты қазақ музыкасы да әлі өзінің түп негізін жоғалтқан жоқ.
– Бірақ, ұлттық музыкамызға төніп тұрған қауіп жоқ деп айта алмаймын. Жастардың шетелдік музыканы тыңдауға бейім тұратыны, сазгерлердің ақша табу үшін жеңіл ырғақты музыкаға тым әуестеніп бара жатқаны ойландырмай қоймайды. Бойына өз ұлтының музыкалық байлығын
сіңірмеген жас ұрпақтың өзгенің жетегінде кетіп бара жатқаны өтірік емес. Біз өнер тазалығын, қазақтың ұлттық музыкасын сақтауға күш салмасақ болмайды. Ол үшін шынайы таланттарды, кәсіби деңгейі биік композиторлар мен музыканттарды, әншілер мен күйшілерді мемлекет өз қамқорлығына алуы тиіс. Әйтпесе, өнер өркендемейді, – деді Кеңес аға жанашырлық танытып.
Елге танымал композитор Құрманғазының «Ақсақ киік» деген күйінің әуендік интонациясын пайдалана отырып, хорға арналған шығарма жазды. Камералық шығармалар да жазылып жатыр. Арасында әндер де бар. Шығармашылық тоқтамайды, ол жалғаса береді. Себебі, музыка әлеміне деген осындай жанашыр тұлғалар бар.
Сондай-ақ, Кеңес Дүйсекеев кезінде өнердегі ағаларының ақылын алып өссе, қазір сол жолды өзі жалғастырып келеді. Яғни, жас композиторлар дайындап, музыкаға қатысты кеңесін беріп жүр.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
21 қараша 2018 ж. 1 050 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1571)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (1570)

14 қыркүйек 2019 ж.

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 841 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам