Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » ОҢТАЛАП НҰРМАХАНОВ, МЕН ҮШІН РЕЖИССЕРЛІК ПЕН ӨЛЕҢ ЕГІЗ ҰҒЫМДАЙ...

ОҢТАЛАП НҰРМАХАНОВ, МЕН ҮШІН РЕЖИССЕРЛІК ПЕН ӨЛЕҢ ЕГІЗ ҰҒЫМДАЙ...

Алпыстың асқарына құлаш ұрған белгілі ақын, режиссер, сценарист Оңталап Нұрмаханов ағамызбен кездесіп, мерейтой алдында біраз емен-жарқын әңгіме құрдық. Бір қызығы, бұл сұқбат бұрынғыдан өзгеше өрілді. Көпті көрген азаматтың қарапайымдылығы болар, әйтеуір, құдды бір, аралас-құралас жүрген таныстарша өзара еркін диалог өрбіді. Өнер мен өнер төңірегінде тұщымды ой да айтылды, өлең де оқылды.
         – Аға, екі отызды толтырып, асқаралы жасқа аяқ бастыңыз. Жүріп өткен жолыңызға көз тастап, өз-өзіңізге бір есеп беріп үлгерген боларсыз?
         – Мына ескі суретте (үстел үстінде жатқан 2 суретті көрсетті) мен 5 сынып оқушысымын. Ал, мынау қазіргі Оңталап қой. Осы екі суреттегі екі түрлі бейне секілді өткен 60 жылда да көп нәрсе өзгерді. Жылдар есейтеді, ер жеткізеді. Жылдар өмір мектебінен өткізеді, уақыт легіне ілестіреді. Қатардан қалмау деген бар, өмірді өнермен жалғау деген бар. Ішіңдегі жан сырыңды өлең арқылы толғау деген бар. Соның бәрі өмір мен өнерге талпыныстан туады. Десе де, мен өнердің өзім аңсаған, өзім армандаған биік шыңына жеттім деп әлі де айта алмаймын. Әйткенмен, сол өнердің көрігін бір ұстадай-ақ соқтым деп толық айта аламын. Жастайымнан өнерге келдім. Алғашқы еңбек жолымды Арал қаласынан киномеханик болып бастадым. Алдыңғы буын ағалардың қамқор құшағының, маған деген сенімінің арқасында өстік, есейдік. Өнердің қыр-сырын ұқтық. Қарсы тұрғандарды жықтық. Өзіміздің өнер байрағымызды жүрек деген желкеніміздің ұшына тіктік. Қиындықсыз болған жоқ. Көреалмастың көсеуін ұстаған жандар енді лаулап келе жатқан отымызды үрлегені рас. Сол аяқтан тартқандардың арқасында өзімнің беліме байлаған ауыр жүктің салмағын сездім. Сыр бермеуге тырыстым. Әрине, ерегістен емес, жүректің шыңға шығамын деген талпысынан ілгері жүрдім. Менің осы жасқа жетіп бір ұққан нәрсем мынау. Түсіне білген жанға кедергі, аяқтан шалу деген – жеке адамның басына бұйыра бермейтін үлкен мүмкіндік. Адам содан мотивация алуы керек. Мәселен, маған біреу кедергі жасаған сайын менің құлшынысым артады. Бұл – шығармашылық адамына өте керек дүние. Біреу аяғыңнан тартқан сайын, сенің талпынуың қажет. Бәрі ойыңдағыдай, пойыз рельсіндей даңғыл жолмен жүре берсе де қызық емес. Ондай сәтте адам тоқырайды, ізденістен айырылып қалады. Тек мидың межелеген жолымен баяғы жартас, сол жартас жүре береді.       
         – Ал, неден ұпай жинап, неден есе жібердіңіз?
         – Уақыттан есе жібердім. Әсіресе, жастық кезде әлдебірнәрсені жоғалтып алдым. Оның өкініші әлі күнге дейін сезіледі. Көңілдің түкпірінде жатқан, көсеу батпайтын, үрлеуге келмейтін арман болып қалды. Кейбір арман өзі сондай. Бұйығы, көзін ашпаған күйде қала береді. Жүзеге аспаған дүниені әңгіме етіп нетейін? Біреуі орындалса, біреуі сағымдай бұлдырап осылай алыста қалады. Арман сонысымен де тәтті.
         – Алпыс тал түс дейді. Ендеше, сізде арманның әлі де талайы бар шығар.
         – Әрине, армандаймын. Олар – бала-шаға, шаңырағымның, жан-жағымның аман болғаны, немерелерімнің адам болғаны, жаңа құрылып жатқан "Жастар" театрымның аяғынан тік тұрып, ата театрлармен терезесі тең өнер көрсеткені, жарық көрген кітаптарымның ел қажетіне жарағаны. Хақ Тәңірден асқан сценарист жоқ. Алланың маңдайға жазғанын өмір сахнасында жақсы ойнап шықсақ дейміз. Қазір мен үшін осының барлығы – арман, тілек, ниет.
         – Сіздің балалық шағыңыз, алғашқы еңбек жолыңыз туралы Айжарық Сәдібек аға "Құмда туып, құмда өскен" мақаласында өте керемет жазыпты. Түсінгенімше, кинорежиссура саласына аяқ асты келген болдыңыз ғой.
          Негізі, мен өнер жолына келемін деп тіпті де ойламаған жанмын. Ауыл баласы өзі аңғал келеді ғой. Бала күнімде кәдімгі ет консервісі үшін геолог болғым келген. Бұл екеуінің бір-біріне не қатысы бар деп ойлаған шығарсыз. Ол арманның шығуына мына оқиға түрткі болған еді. Бір күні ауыл сыртындағы үшбұрышты бір белгіні геолог мамандар зерттеуге келді. Қой бағып, сол белгінің түбімен жаяу өткенде геологтар консервіні ашып тамақтанып жататын. Әлгі темір қаудырдағы еттің исі деген ұзап кеткенше мұрныңда қалатын. Жоқшылық кезең. Баламыз ғой, жегіміз келеді. Сондай конвервіні жеу үшін өскен соң геолог боламын деп армандайтынмын. Сонда консервіні тек геологтар ғана жейді деп ойлағанмын ғой. Кейін білдік қой, ақшаң болса, дүкенде оның неше атасын тұрғанын (күліп).
         Одан есейе келе журналист боламын деп шештім. Оған жету жолында талай еңбектендім де. "Пионер", "Балдырған" газет-журналдарында өлеңдерім жарияланып тұрды. Мектеп бітірген соң сол арманмен қарашаңырақ КазГУ-ге оқуға тапсырдым. Ол кезде оқуға түсе алмай, ауылға кері қайтқан ең бір соры қайнаған жан саналатын. Ата-анаға да, ауыл-аймаққа қарайтын бет жоқ. Сонымен, қайтадан барып, құрылыс техникумына түстім. Болашақ құрылысшы болсам да, Мардан Байділдаев, Жарасхан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев сынды ақын-жазушылардың есігін жағалап, әдеби кештерден құр қалмайтынмын. Кейбір шимайларымды сол ағаларыма ұсынып, ақыл-кеңес алып жүрдім. Осылайша алдыңғы буын өкілдерінің ықпалымен өнерге келдім. Төлебай Оралбаев сынды жанашыр азаматтың ықпалымен Арал аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб киномеханигі болып алғашқы қызметімді бастадым.
         – Дипломды құрылысшысыз. Сонда неше жыл оқып-тоқыған құрылыс саласына сол күйі ат ізін салмай кеттіңіз бе?
         – Мамандық бойынша жұмыс таба алмай сенделіп жүргенде бір кісі параң болса, бәрі де реттеледі дегенді меңзеді. Құрылысшы болып қызмет ету үшін кәдімгідей аттың басындай 200 сом сұрады. Ондайды көрмеген мен шошып түскенім бар. Қазір өнерімнен, шабытымнан ләззат алып, рахаттанған сәтте "Сол пара сұраған жанға алғысымды айтып, ескерткіш орнатамын-ау" деп әзілдеп күлемін. Расында, егер сол кезде сәті түсіп, құрылысшы маманы ретінде екі қолға бір күрек тапсам, өнерге келмес пе едім, кім білсін?
         – Әр өнерпаздың жеке төлқұжатына айналған туындысы болады. Сіздің есіміңіз аталғанда "Қорқыт-қобыз" әнінің де ере жүруі сондықтан. Көрермен көзайымына айналған осындай тағы қандай дүниелеріңіз бар?
         – Ертеңгі шығармашылық кеште Елмұра Жаңабергенқызының орындауында Аралдың қайта оралуына арналған "Сүйінші шаттық" атты туындым шырқалады. "Қазақстан барысы", "Нұр Отан" гимндерін жаздым. "Елім менің" өлеңім биыл 3 сыныптың музыка оқулығына енді. Одан бөлек, "Көздеріңнің көркемі-ай", "Сәукеле" әндеріне сөз жаздым.
         – Байқағаным, сіздің жырларыңызда "түн", "қобыз" сөздері жиі тоғысып жатады. Мұның себебі неде?
         – Дұрыс айтасыз, күн мен түн, Қорқыт пен қобыз, теңіз сөздері менің шығармашылығымдағы – жеке кодым. Шығармашылық адамының формалық жеке сөздері болады. Мұны солай түсінген жөн.
         – "...Оңталап көне дәуірдің адамы сияқты. Қорамсағына қол салғызсаң, Қорқыт болып күңіренеді, батыр бабаларын адырнасын кере тартқызып, ала өгіздей мөңіретеді, Сыр сүлейлері болып гөй-гөйіне басады..." Белгілі қаламгер Сәпен Аңсатов сіз туралы осылай депті. Жалпы, мақтау сөзге қалайсыз?
         – Маған шын мақтау мен көпе-көрінеу өтірік мақтаудың ара-жігі сонау алыстан мен мұндалап тұрады. Екеуінің шекарасын жазбай танимын. Мені өтірік мақтайтындар көп. Ұяламын, қашып кеткім келеді. Кейде ашуланамын. Бұл көкірекке нан піскендіктен емес, жалған мақтау екенін сезгендіктен. Ал, кейде көңіл дорбасынан бір кәмпит ұсынғандай сондай тәтті, шынайы мақтау сөздерді естіп жатамын. Ондай кезде марқаямын. Мерейім өсіп, алғысымды айтамын. Сын айту да сондай. Адам кемшілікті түзету арқылы өседі. Біреулер сол кісіні мұқатайын, құлатайын деп айтады. Енді біреулері одан сайын жігерін жани түсу үшін, қанаттандыру үшін қолпаштайды. Өнердің өзі осындай ақ пен қарадан тұрады.
         – Ақын, сценарист, режиссер, айтыскер ақын. Бұл – сіздің өн бойыңызға біткен жан-жақтылық қасиеттер. Осыншама жүктің сізге артар салмағы қандай?
          Менің өлеңдерімнің көбісі өте ауыр мазмұнда жазылған. Бір мәрте оқып шыққан адамның түсінуі екіталай. Соны Ерғали Абдуллаев деген жазушы зерттеді. Бір күні "Мен Оңталапты енді түсіндім. Өлеңдері неге күрделі десем, бар мәселе оның режиссерлігінде екен. Ол өлеңді жазбайды, қояды екен" дегені бар. Расында, мен үшін режиссерлік пен өлең егіз ұғымдай. Кәдімгі бір-бірін жетектеп, сүйемелдеп өсетін бала секілді.
         – Былтыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қаладағы репрессия құрбандарының рухына орнатылған ескерткіш жанында сіздің жетекшілік етуіңізбен Темірбек Жүргеновке арналған театрландырылған қойылымды көпшілік көпке дейін айтып жүрді. Расында, аналардың жоқтауымен бастау алған қойылым өте әсерлі ұсынылды. Бұл жерде жас әртістердің де шеберлігін, еңбегін елемей өтуге болмас. Қазір "Жастар" театрының аяқ алысы қалай?
         – Таланттарды өзім таңдап алдым. Қазір бойында әртістік қабілеті бар 12 жасты тәрбиелеу үстіндемін. Кішкентайынан осы жолға өзіміз баулыдық, қыр-сырын ұғындырдық. Шеберлік сағатына қатыстырдық. Анда апардық, мында апардық. Үйреттік. Әлі де үйретудеміз. Әзірге нәтиже жаман емес. Жалпы, қойылымды қою да режиссер үшін оңай емес. Әртістен бұрын бірінші пьесамен жұмыс жасайсың. Күліп тұрған мәтіннің астарында ой жылап тұруы мүмкін. Осыған мән бересің. Артық жерін қиясың, қажет болса қосасың. Кейде тіпті, бүкіл пьесаның өн бойын өзгертуге тура келеді. Ондай кезде шығарманы қайта жазып шыққандай боласың. Бір драматургтің 36 беттік пьесасын 12 бет етіп қысқартқаным бар. Сондай сияқты ғой енді. Ұсақ-түйек жазу-сызуы көп жұмыс.
         – ...Жыр-отаудың
Жар-жар айтқан бөлмесі
Өлең-келін түсті ақынның үйіне,
Салды орамал
Шабыттанып жеңгесі...
Бұл – сіздің "Әмеңгерлік" өлеңіңізден үзінді. Өлең, шабыт сөздеріне осындай метафоралық теңеулерді өте шебер қолданасыз. Жалпы, бүгінге дейін өзіңіз қанша өлең-келінге орамал салып үлгердіңіз?
         – Қолымда барын кітап етіп шығардым. Көбісін жоғалтып алдым. Қолды болғаны да бар. Отырған жерімізде жазамыз да қалдырып жүре береміз. Шығармашылыққа деген салақтығым ба, білмедім. Жазғандарымның бәрін тас-түйін етіп жинап жүруді үйрене алмай-ақ қойдым.
         – Ерекше сценарийіңізбен талай мәдени, әдеби кештердің ел айта жүретін жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болғаныңызды білеміз. Ертеңгі көпшілік назарына ұсынғалы отырған өзіңіздің шығармашылық кешіңізге де бір "шедевр" сценарий әзірлеп қойған боларсыз?
         – Жоқ, ол жағына араласпадым. Өзімнің мерейтойыма өзімнің тықақтап, жазып-сызғанымды қаламадым. Осы істен хабары бар азаматтарға тапсырдым. "Жастар" театрым да бір үлкен дайындықтың басында жүр. Маған көрсетпейді де, айтпайды да. Тосынсый болсын дегені шығар. Кештің өту форматынан хабарым аз.  Мен де өздеріңіз секілді залда отырып, көрерменмен бірге алғаш рет тамашалаймын. Бәрі сәтімен болғай деп тілеп отырмын. Сондай-ақ, сол кеште үш бірдей кітабымның тұсауы кесіледі деп жоспарлап отырмыз. "Парадария сақтары", "Шабыттың шаңқай түсі" "Қарлығаш құсым" атты еңбектерім оқырманға жол тартпақ. Олардың бірінде алғашқы өлеңдерім, мен туралы баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар топтастырылса, соңғысында әнге жазылған өлеңдерім жинақталды.    
         – Аға, тұщымды әңгімеңізге рақмет! Алдағы шығармашылық кешіңізге сәттілік тілеймін.
Сұқбаттасқан Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.      
22 қараша 2018 ж. 1 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1571)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (1570)

14 қыркүйек 2019 ж.

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 839 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам