Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Бақытгүл Бекмамбет: Музей – құнды жәдігерлер қазынасы

Бақытгүл Бекмамбет: Музей – құнды жәдігерлер қазынасы


Туған өлкенің тарихын, табиғатын, экономикасын, археологиясын, архитектуралық ескерткіштерін, этнографиясын тануда мұражайдың алар орны бөлек. Музей қорындағы тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер сол ұлттың мәдениетін мен дәстүрін насихаттай отырып, келешек ұрпақтың рухани дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Еліміздің мәдени жаңғыруында Сыр өңіріндегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің көп жылдық тарихы бар. Ондағы төл мұралар мен жауһарлы жәдігерлер Алаштың асқақ рухын баяндап, өңіріміздің тағылымын кейінгі жас ұрпаққа танытуда. Осы мақсатта облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бақытгүл Бекмамбетпен ой бөліскенді жөн көрдік.


– Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды істер жолға қойылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асты деуге болады. Осы бағытта облыстық тарихи-өлкетану музейінде қандай іс-шаралар атқарылды?
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003-2004 жылдарда дүниеге келген «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында қаншама тарих, мәдениет, өнер саласындағы асыл жәдігерлеріміз өмірге қайта келгендей жаңарды. Осы бағдарлама арқылы жоғымызды тауып, төрт құбыламызды түгендеуге күш салдық. Бағдарлама бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылды. Алғашқысы – ұлттық мәдениетке ерекше маңызы бар тарихи-мәдени сәулет ескерткіштерін қалыпқа келтіру. Екінші бағытта археологиялық зерттеу жолға қойылса, одан кейінгі кезекте қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми жұмыстарды атқару, ұлттық әдебиет пен жазулар тәжірибесін ортақтастыру мәселелеріне мән берілді.
«Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы музей саласында да қыруар жұмыстар атқарылды. Солардың ең негізгілеріне тоқталып өтсек, Сыр өңірі астаналар шеруін бастан өткерген бірден-бір аймақ екені белгілі. 2004-2011 жылдар аралығында ежелгі сақтардың астанасы – Шірік-Рабат, Дәшті Оғыздың саяси орталығы – ортағасырлық Жанкент, Қыпшақ мемлекетінің, Ақ Орданың, Қазақ хандығының астанасы – ортағасырлық Сығанақ қалашығына жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған археологиялық материалдар құнды экпонат ретінде музей қорын толықтырды. Қазіргі таңда олардың көбісі «Қасиетті Қазақстан және археология» залының экспозициясына орналастырылған. Аталған археологиялық ғылыми-зерттеу экспедицияларына музей қызметкерлері де қатысып мол тәжірибе жинақтады.
2005 жылы Қызылорда қаласының астана болғанына 80 жыл толуына орай қаламыздың тарихынан мол мәлімет беретін «Ақмешіт музейі» филиалы ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Музейдің ғимараты да 1905-1906 жылдарда Орынбор-Ташкент темір жолы салынған уақытта тұрғызылған сәулет өнері ескерткіші болып табылады. Сонымен бірге, музейде «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар» атты экспозициялық зал ашылып, ХҮІІІ-ХХ ғасырларда Санкт-Петербург, Ташкент, Қазан қалаларында баспадан шыққан араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған қаншама құнды кітаптар мен қолжазбалар музейдің қорын толықтырды.

– Төл тарихымыз бен ұлттық идеологияны насихаттайтын рухани-мәдени орталық қорында қанша экспонат сақтаулы? Онда сақталған жәдігерлердің салмағы мен маңызы туралы айтып өтсеңіз?
– Биыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылғанына 80 жыл толды. Осы кезең ішінде музей қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде музей қорына 60 мыңға жуық жәдігер жинақталған. Олар бірнеше классификацияларға бөлінеді. Атап айтқанда, археологиялық, этнографиялық, мұрағаттық т.б. Қазіргі уақытта экспонаттардың ішінде ең ежелгісі – кейінгі қола дәуірімен мерзімделетін Солтүстік Түгіскен кешенінің керамикалық ыдыстары, сақ дәуірінің аңдық стильде жасалып, алтыннан құйылған жапсырмалар, оғыз-қыпшақ дәуірінің аса шеберлікпен жасалған керамикасы, зергерлік бұйымдар бай коллекциясын, ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдар, нумизматикалық коллекция, сонымен бірге музейге келушілердің аса қызығушылығын тудыратын «Жоңғар дулығасын» ерекше атауға болады.

– «Бізде музей мәдениеті қалыптаспаған» деген пікірді арагідік құлағымыз шалып қалады. Соған қарағанда қоғамның музей ісінің дамуына көңілі толмайтын секілді. Ал мәдениет пен руханияттың дамуына аталмыш саланың ықпалы зор. Осы саланың маманы ретінде еліміздегі музейлердің даму деңгейіне көзқарасыңыз қалай?

– Қазақстан қоғамындағы музей мәдениеті даму үстінде десек қателеспейміз. Әрине, Еуропаның, Азияның алдыңғы қатарлы елдеріндегі музей саласының деңгейіне жеткен жоқпыз. Дегенмен музей мәдениеті қалыптаспаған деп кесіп айтуға болмайды. Музейдегі тарихи-танымдық көрмелер, дәрістер, кездесулер, тақырыптық экскурсиялар, әртүрлі форматтағы шаралар барлығы да музейге келушілер үшін жүзеге асырылуда. Осы орайда жыл сайынғы музейге келушілердің де саны артып келеді.

– Қазіргі таңда музей ісі қандай бағдарламаға негізделген. Келген көрерменді қызықтыра алатындай экспозицияны ашатын қосымша қандай құралдар қолданылады?
– Музей ісіндегі негізгі атқарылатын бағыттар – қор жұмысы, экспозициялық-көрмелік және ғылыми-зерттеу шаралары. Соның ішінде қор сақтау мақсатында «Музеолог» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Елімізде енгізілген ортақ бағдарлама жоқ. Сондықтан Қазақстан музейлеріндегі қор сақтау жұмыстары әртүрлі бағдарламамен жұмыс жасайды. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық арқылы АС-Музей (музейдің автоматтандырылған жүйесі) бағдарламасы басқа да музейлерге оң тәжірибе есебінде насихатталып отыр. 2015-2016 жылдар аралығында облыстық музейге реконструкция және реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Облыстық музейдің экспозициялары заманауи дизайнмен жасақталды. Экспозициялық залдарда қосымша тарихи бейнематериалдар көру үшін LED экрандар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған музей экспозицияларын толыққанды баяндайтын сенсорлы моноблоктар орнатылды. Музейдегі барлық жаңалықтарды көрсету мақсатында ғаламтор жүйесінде сайт ашылды. Қазіргі уақытта шалғайда орналасқан елді мекендердегі оқушылар үшін әртүрлі бағыттағы онлайн-сабақтар өткізу қолға алынуда.
– Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан «Ақмешіт» мұражайы мен көркемсурет галереясы ашылды. Олардың жұмыс бағыты жайында айта кетсеңіз?
– Облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Ақмешіт» филиалы, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы бүгінде халыққа қызмет етуде. Жоғарыда атап өткендей «Ақмешіт» филиалы 2005 жылы Қызылорда қаласының астана болғанына 80 жыл толуына орай ашылды. Содан бері қала тарихына қатысты жәдігерлерді жинақтаумен айналысып келеді. Музейде келушілер үшін тарихи және этнографиялық көрмелер, тарихи-танымдық дәрістер, жыл сайын қала күніне байланысты шаралар, саяси оқиғаларға байланысты дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастырылады. Көркемсурет галереясы 2014 жылы ашылды. Облыс тарихында галерея алғаш рет ашылып отыр. Онда республикалық, облыстық деңгейдегі қылқалам шеберлерінің симпозиумдары ұйымдастырылды. Биыл Көркемсурет галереясына Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, өнер қайраткері, жерлесіміз Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді. Сонымен бірге оның қоры еліміздегі белгілі суретшілер туындыларымен толықтырылуда. Таяуда Өзбекстанда галерея қорындағы картиналардан Қызылорда облысы қылқалам шеберлерінің көрмесі сәтті өткізілді.
– Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында көнеден жеткен мұраларды сақтау бағытында ұтымды ойлар айтылды. Атап айтқанда, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Бабаларымыздың өмірі мен олардың өркениеті жөнінде көптеген деректер әлі де болса ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі барлық отандық және шет елдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын енгізуді қажет» деп атап көрсетті. Бұл жобаны жүзеге асыруда қандай мәселелерге басымдық беріледі?
– «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында жүктелген мақсат-міндеттердің көбісі музей саласына қатысты екені белгілі. Негізгі жобаның бірі – «Архив-2025» арқылы шетелдерде сақталған бай тарихи мұрамызды қайтарудың мүмкіндігі туып отыр. Музей саласында бүгінге дейін бұл бағытта бірқатар жобалар жүзеге асырылды. 2014 жылы алғаш рет Ресей Федерациясында сақталған 1946-1992 жылдар аралығында КСРО ҒА тарапынан ұйымдастырылған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының Қызылорда облысына жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінің көшірмесі 25 том ретінде әкелініп музей қорына өткізілді. 2018 жылы екінші рет ғылыми жоба арқылы Ресей Федерациясының мемлекеттік музейлерінде сақталған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының нәтижесінде табылған археологиялық бұйымдары жинақталған альбом-кітабы жарыққа шықты. Бұл материалдарды ғалымдар, өлкетанушылар, студенттерге пайдалануға әбден болады. Алдағы уақытта да осы бағытта бірқатар жобалар ұсынылады.
– Архив жұмысында цифрлық технологияны пайдалану жағдайы қалай?
– Дүниежүзілік деңгейдегі мамандардың айтуынша әлемдік экономикадағы қаржының 11% пайызы туризм индустриясына тиесілі екен. Осы саланы дамыту арқылы қомақты қаржы тауып отырған елдер баршылық. Қазіргі уақытта ішкі туризмді дамыту бағытында музейлерге ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибеде дамыған елдерде мәдени туризмнің дамуына музейлер орасан зор үлесін қосып отыр. Аймаққа келетін шетелдік туристердің басым көпшілігі музей арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерімізбен танысады. Еуропа елінен келетін азаматтарды Қазақстанның Ресей империясының құрамында болған кезеңіндегі экспонаттар, түрік ағайындарды Оғыз дәуірінде өмір сүрген ортағасырлық Жент, Жанкент қалашықтарының тарихы мен одан табылған археологиялық бұйымдар, сонымен қатар шетелдік аудиторияны зергерлік бұйымдар коллекциясы аса қызықтырады. 2018 жылдан бері музей қызметкерлері «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша мектеп туризмінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.


Сұқбаттасқан Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА

03 қыркүйек 2019 ж. 262 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1571)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (1570)

14 қыркүйек 2019 ж.

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 833 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам