Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Бақытбек Темірбеков: Сыр театрының өзіндік мектебі бар

Бақытбек Темірбеков: Сыр театрының өзіндік мектебі бар

Биыл облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының 65-ші жаңа маусымының шымылдығы Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясымен түрілді.
Спектакльді тамашалай отырып, ұлы ақынның алпысқа қараған шағында өз ортасынан орын таппай, іштей егілген уақытындағы болмысын бейнелеген басты рөлдегі актердің шеберлігіне риза болдым. Қиыннан қиыстырылған гармонияға толы шығармашылық әлемі ішкі жан дүниеңді рухани қазынамен байыта түсті. Әрине, бұл – қазақ сахнасында актерлік ұғымды тұлғалық танымға жеткізіп, сүрлеуі мен соқпағы көп сырбаз өнердің шыңына жеткен сыршыл жандардың шеберлігі. Мұндайда театр өнеріне кең тыныс әкелген актердің талантын танымау әсте мүмкін емес. Ақынның образын сомдаған театр әртісі, мәдениет саласының үздігі Бақытбек Темірбековті өнер тақырыбы жөнінде әңгімеге тарттық.
– Әңгіме әлқиссасын өзіңізден бастайық. Қай өңірдің тумасысыз? Бұл өнерге қалай келдіңіз?
– Өзім 1972 жылы Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылында дүниеге келдім. Сол өңірде білім алып, ержеттім. Ал 1994 жылы қалаға келіп, педагогикалық институттың музыка факультетіне оқуға түстім. 1998 жылы қолыма дипломымды алып, театрға аяқ бастым. Театрға келген уақытта белгілі режиссер Ерғали Оразымбетов актерлік шеберлікке кастинг жасады. Соған мен де қатысып, бағымды сынап көрдім. Міне, жиырма жылдан бері Сыр өңірінің өнердегі қара шаңырағы – Н.Бекежанов театрында қызмет етіп келемін.
– Әлі тәжірибесі қалыптаспаған, оқуын енді бітірген балаң жастың үлкен өнер шаңырағына келіп, бірден жұмыс істеуі қиын болған жоқ па? Сол уақытта қанатының астына алып, сахна мәдениетіне үйреткен жандар болды ма?
– Актер болуды бала кезімнен армандаған емеспін. Бірақ, «Түйе мінген қазақ төрт ауыз өлеңді жатқа біледі» демекші, өнерде кәсіби білімім болмасам да, одан хабарым бар еді. Оқушы кезімнен ән айтып, домбыра, баян, гитара аспабында еркін ойнай алатын қабілетім болды. Дегенмен, бұл салада өзімді елестетіп көрмеппін. Себебі, спортқа жақын болып өстім. Бала кезімнен күреске қатыстым. Кейін әскерден келген жылы Алматыдағы дене шынықтыру факультетіне екі рет оқуға тапсырып, тауым шағылып қайтып келдім. Енді, мұның барлығы өмірдің өз заңдылығы шығар. Бұл – маған берілген бақ. Оған ешқандай өкініш жоқ. Спортта жүрмесем де, бүгінде өнер саласында қызмет етіп келемін.
Ал, енді бірден сахнаға шығып, үлкен образды сомдау ол мүмкін емес. Бастапқы жылдарда ондай бақыт бұйырмайды. Себебі, әр нәрсенің өз уақыты бар. Алдымен өзіңді дәлелдеуің керек дегендей. Қазірде маған тәлім берген ұстаздардың көбі марқұм болып кетті. Соның ішінде осы өнерге мені баулып, актерлік ұғымды бойыма сіңірген ҚР Халық әртісі Серік Шотықов ағамыз еді. Ол кісімен өнер жолында көп жұмыс істедім. Актердің сахнадағы сөйлеу мәдениеті, жүріс-тұрысы, сөз саптауы секілді жайттардан сабақ алдым. Сонда мен актер мамандығының қиынның қиыны екенін түсіндім. Одан кейін театрдың қазіргі көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темір ағамыздан үйренгеніміз көп болды.
– Әр ұяның сыры өзіне аян ғой. Театрда дарынсыз, адасып жүрген актерлер бар деп ойлайсыз ба?
– Бұл ортаға адам тектен-тек келмейді. Аспаннан тас құласа да, діттеген жеріне түседі ғой. Кейде дарынсыз актерлер адасып келіп, театрдың құшағына ене алмай, ақырындап сытылып кетіп жатады. Дегенмен, қазіргі жастарды мүлдем дарынсыз деп айта алмаймын. Барлығы да жоғары білімді, көзі ашық, жан-жақты. Өнер академиясын бітіріп келген қыз-жігіттер де қатарымызды толықтырып тұрады. Біз де орта буын аға өкілі ретінде қолымыздан келгенше үйретуге тырысып келеміз.
– Сомдайтын рөлді таңдауда сізге берілетін режиссердің таңдауы қалай болды? Оң жамбасыңызға келетін рөлдер қандай?
– Өзге театрды білмеймін. Бірақ, бізде режиссердің таңдауына актер қарсылық таныта алмайды. Сен актер екенсің, демек кез келген рөлді алып шығуың керек. Бұл – барлық актерге қойылатын үлкен талап. Ал, мені режиссерлар көбіне драма, трагедия жанрында көреді. Өзім де солай. Табиғатым соған жақын. Актер болған соң, арасында комедияда да ойнаған кезім болды. Шығармашылық жолымда осы кезге дейін 70-тен аса образды сомдаған екенмін. Соның басым көпшілігі басты рөлдер екен. Мәселен, М.Әуезовтің «Бәйбіше мен тоқал» деген пьесасында Аманбай деген байдың жынды баласын орындап шықтым. Одан кейін Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш пен Баян сұлудағы» Қодардың рөлі, комедия жанрындағы «Үйленгім келмейді» дегендегі Малдыбайдың рөлі сәтті шықты деуге болады.
– «Абай» спектакліндегі ұлы тұлға Абай рөлін сомдаудасыз. Ал актердің басты мақсаты – сахнада жанды бейне жасау. Бұл образдың жүгі ауыр болған жоқ па?
– Театр режиссері бұл рөлді маған бергенде 2 күнге дейін ұйықтай алмай жүрдім. Өйткені, Абай атамыздың образын сомдау – екінің біріне қона бермейтін бақ. Десе де, «болмасаң да ұқсап бақ» деп, сол ұлы ақынның өзі айтпақшы, ол кісідей болуға талпынғаным рас. Кемеңгер тұлғамыз өмір кешкен заманды зерттеп, айналама Абайдың көзімен қарауға тырыстым. Басқаға ұқсамай, өзім оқып таныған Абайымды жасауға күш салдым. Себебі, біз білетін Абай сан қырлы. Мәселен, 17 миллион адам болса, соның әрқайсысының өзі ұққан Абайы бар. Оған ел-жұрттың келісуі-келіспеуі мүмкін. Дегенмен, менің бұл образды алып шығуым көпшіліктің көңілінен шыққан секілді. Ең бастысы, залдағы көрерменді сендіре алсам болғаны.
– Өнер саласындағы азаматтар еңбекақының аздығын алға тартады. Бұған не айтасыз?
– Театрға келген жылдары біраз қиналғанымыз рас. Ойланып қарасам, қалаға келген уақыттан бері он үш пәтерді жалдап тұрғанмын. Алған айлығымыз шайлығымыздан артылмайтын еді. Бірақ, қазір шүкір ғой. Дегенмен, әлі де қазіргі жастардың арасында баспанасыз жүргендер бар.
– Сыр өңірінің қара шаңырағы – Бекежанов театры жайлы не айтасыз? Театрдың бүгінгі жағдайы қалай?
– Н.Бекежанов театрының басқаға ұқсамайтын өзіндік мектебі, тарихы бар. Осындай өнердің қара шаңырағында жұмыс істейтінімді бақыт сезінем. Мұнда қаншама өнер майталмандарының маңдай тері тамған, қандай актерлер жүрді. Өңірдің өнерге деген ықыласы ерекше. Оны айтпай өту мүмкін емес. Облыс басшылығы әрдайым бізді қолдап келеді. Театр ұжымы тамыз айында жұмысқа қосылды. Қарап отырсам, содан бері айналасы 1-2 айдың көлемінде алдымен Өзбекстан еліндегі Қызылорданың мәдени күндерін, одан Семейде өткен театр фестиваліне қатысып келдік. Қаншама адамның пойыз билеті, орналасуы, тамағы, киімі қыруар қаржыны талап етеді. Жергілікті билік тарапынан қолдау жасалмаса, мұның бірі де болмас еді. Сондықтан театрдың бүгінгі жағдайы жақсы деп толық айта аламын.
– Қазіргі уақытта қандай үлкен жобаға дайындалып жүрсіз? Жаңа спектакль, образ жасауда көрерменді немен таң қалдыруға болады?
– Дәл қазір күнделікті қойылымдар жүріп жатыр. Одан бөлек, театрда Ақтөре Оразалы деген жас режиссер қызмет атқарады. Алла қаласа, сол жігіттің «Отбасы ойыны» деген спектаклінің тұсауын кесеміз. Жалпы, ойымда жүрген образдар көп. Бірақ, оның бәрі уақыттың еншісінде. Біз көрерменнің қабылдауына орай еңбек етеміз. Мәселен, шет елдің классикалық туындыларын сахналағанда әркім әртүрлі қабылдайды. Біреуі түсінеді, енді бірі мүлдем түсінбеуі мүмкін. Сол себепті, бүгінде қоғамның ең өзекті мәселесін сөз ететін мәселелерді сахна төрінен түсірмей келеміз. Дегенмен әлемдік туындылар актерді шығармашылық жағынан шыңдай түсетіні белгілі.
– Көрерменге жеткізе алмадым-ау дейтіндей, ойыңыздан шықпай қалған сахнадағы рөліңіз болды ма?
– 2017 жылы Әзірбайжан астанасы Бакуге бардық. Сол елдің пьесасын орындайтын болдық. Сонда маған француз кейіпкерінің образы берілді. Өзімнің көңілімнен шыққан жоқ деуге болады. Актер бір образды орындау үшін алдымен соған сенуі керек. Ал мен де ондай әсер болған жоқ. Дегенмен, актер ретінде режиссердің тапсырмасын орындап шығу басты міндет.
– Сөз соңын мұқым қазақтың дара тұлғасы Абай Құнанбаевтың сәулелі сөзімен аяқтасаңыз...
– Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ, қайтіп келіп, ойнап күлмес.
Өлді деуге сая ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған – демекші, Абай әлемі бізге мәңгілік мұра болып қала бермек.
– Әңгімеңізге рақмет
Сұқбаттасқан. Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
29 қазан 2019 ж. 283 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (1587)

12 қараша 2019 ж.

№87 (1586)

09 қараша 2019 ж.

№86 (1585)

05 қараша 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 907 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам