Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Қылқаламда – өмір өрнектері

Қылқаламда – өмір өрнектері

Қаладағы С.Айтбаев атындағы Көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Көлбай Әбілханұлының «Замандастар» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті. Көрменің ашылу сәтіне өнер иесінің шәкірттері, әріптестері мен аймақтағы қылқалам шеберлері куә болды.
Талантты қылқалам иесінің қабырғаға ілінген алуан түрлі туындылары қараған жанды еріксіз ерекше әсерге бөлейді. Табиғат-Ананың тылсым күшін түрлі-түсті бояудың құдіретімен бейнелей білген суретшінің шеберлігінде шек жоқ. Көрменің ашылуына жиналған көзіқарақты көрермен Көлбай ағаның өнерін жоғары бағалап, әрбір туындыға тамсана қарауда. Бүкіл ғұмырын бейнелеу өнеріне арнаған белгілі өнер иесінің туындылары өз алдына бір бөлек. Автордың қаламынан туған ауыл тақырыбындағы шығармасы қараған жанды бей-жай қалдырмасы анық. Оның «Бауырсақ», «Бақташылар», «Ауылдағы келін», «Әйел тәлкегі», «Оралу» сынды көптеген композициялық құрылымы көркемдік, мазмұндық сипатқа ие.
Қылқалам шебері көрмеге келген әрбір көрерменге суреттерінің сырға толы тарихы мен ерекшелігіне тоқталып, асықпай, сабырмен түсіндіреді. Ол өз сөзінде шабытты туған жерінің табиғатынан алатынын жасырмады. Оған ерекше толғаныспен салынған туып-өскен өңірінің көріністері дәлел.
– Суретшілік өнерге бала кезімнен құмар болып өстім. Сол арман жетегінде жүріп, ару қала Алматыдағы Н.Гоголь атындағы суретшілер училищесін тәмамдадым. Бойымдағы өнерімді шыңдап, шығармашылық жолға баули білген Тұрсын Әбуов, Салихитдин Айтбаев сынды ұстаздарымның еңбегі орасан. Олар өз шәкірттеріне қазақы қаймағымыздан ажырамауға үйретті. Сондай-ақ картинаны салуда ең маңызды детальдарға мән беруді жадымызға тоқытты. Сурет салумен қатар әңгіме, ертегі сияқты прозалық еңбектер жазумен де айналыстым. Кейбір жазбаларым басылым беттеріне беріліп, оқырмандар тарапынан оң бағасын алды. Оқу бітіргеннен кейін бірнеше жыл облыстық суретшілер ұйымында қызмет атқардым. Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері №176 қазақ орта мектебінде бейнелеу өнері және сызу пәндерінен сабақ беріп келдім, – деді Көлбай Әбілханұлы.
Бүгінгі көрмеге қылқалам шеберінің 95 туындысы жинақталып отыр. Оның әрқайсысында Сырдың көрікті келбеті мен тарихы түрлі-түсті қанық бояулар арқылы көрініс тапқан. Ерекше шабыт иесінің шығармашылығына қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігі арқау болған. Суретшілік өнермен қатар шәкірт тәрбиелеп, кейінгі толқынның шығармашылығын шыңдай білген Көлбай Әбілханұлының көрмесі алғаш рет өткізілуде.
Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Суретшілер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Амангелді Кененбаев сөз сөйлеп, шығармашылық шабыт тіледі. Бұдан бөлек, өнер иесінің талай жылдан бергі әріптес замандастары көрменің ашылу рәсімімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Қылқалам иелерінің туындысын паш ететін мұндай шаралар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеп қолға алынып отыр. Бұл суретшілер өнерінде жаңа дүниелердің қалыптасуы мен қарым-қабілетін шыңдауға зор мүмкіндік береді. «Сыр елі – жыр елі» демекші, туған өлкеміздің дархан даласы мәдени мұраға бай. Олар еліміздің мұндай әсемдігін көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезіне алады. Ендеше, белгілі суретшінің таңғажайып туындыларын тамашалап, рухани жан азығына бөленгісі келетіндер 1-17 тамыз аралығында барып таныса алады.


Айнұр МАМАНҚЫЗЫ
05 тамыз 2019 ж. 129 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (1564)

23 тамыз 2019 ж.

№64 (1563)

20 тамыз 2019 ж.

№63 (1562)

17 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 946 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам