Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Абай сахнаның сәні

Абай сахнаның сәні

 Қазақтың халық жазушысы, белгілі драматург, сыншы Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп пікір айтқан екен. Иә, расында да қиыннан қиыстырылған гармонияға толы шығармашылық әлемі адамзат баласын рухани қазынамен байыта түсетіні сөзсіз. Қазақ сахнасында актерлік ұғымды тұлғалық танымға жеткізіп, сүрлеуі мен соқпағы көп сырбаз өнердің шыңына жеткен жандар аз емес. Олардың таудай образды шебер орындап, театр өнеріне кең тыныс әкелген талантын елемеу әсте мүмкін емес.
Өткен аптада облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театрының 65-ші жаңа маусымының шымылдығы түрілді. Театр ұжымы өнерсүйер көпшілікке Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясын сахналады. Қойылымға арқау болған оқиға желісінде ұлы ақынның алпысқа қараған шағында өз ортасынан орын таппай, ауыр ойды арқалап, іштей егілген шағы шебер суреттеледі. Ақын өмірінің соңғы кезеңі қарбаласқа толы болды. Тобықты руынан шыққан бауырлас ағайындар Оразбай мен Тәкежанның озбырлығы, жолын қуған жастардың талай тағдыры, арасына алты ай салып балаларының көз жұмуы ақын жанын тұңғиық қасіретке душар етеді. Дүркіреген Құнанбай әулетінің мұңлы тағдыры қойылымда осылайша өрби түседі.
– Облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театры өзінің 64-ші маусымын сәтті аяқтап, 65-ші жаңа белеске қадам басты. Осы уақытқа дейін өнер ұжымының жеткен жетістігі мен толағай табысы аз емес. Мәселен, өткен маусымда сахна төрінде 4 жаңа қойылымның тұсауын кесіп, көрермен назарына ұсындық. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру және Жастар жылы аясында театр құрамы 9 жас маманмен толықты. Олар Еуропаның іргелі оқу орындарының бірі Ресей Мемлекеттік театр институтында шығармашылық білімін жетілдіріп келді.
Жуырда ғана көршілес Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында өткен Қызылорда облысының мәдени күндерінде театр ұжымы Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» деп аталатын тарихи драмасын бауырлас елге тарту етті. Бүгінгі жаңа маусымда Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр жанашыры Ерсайын Төлеубайдың «Абай» пьесасы көрермендер жүрегінен орын алмақ. Бұл қойылымда театрдың барлық құрамы өнер көрсетеді. Алдағы уақытта Семей қаласында өтетін республикалық театр фестивалінде «Абай» трагедиясын ұсынатын боламыз, – деді спектакльдің қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір.
Қойылымда «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан жанның» терең жұмбағы, Абай азабының айтылмай кеткен тылсым бейнесі көрермен назарына ұсынылады. Спектакль желісінде адамдардың билікке деген ұмтылысын, бауырлардың сатқындығын, халқымыздың кейбір керітартпа қасиеттерін көре тұра ұлы ақынның шарасыз күй кешкен тұсы өте көп. Сондай сәтте оның «халқым надан болған соң, мен қайтіп қана оңайын» деп айтқан толғанысқа толы салмақты сөздері оқырманды терең мұңға батырып, көрермен көңіліне ой салады. Ақынның рөлін сомдаған театр әртісі, мәдениет қайраткері Бақытбек Темірбек ұлы адамның тау тұлғасын шыңға шығара білді.
– Бұл «Абай» пьесасы алдыңғы ол жайында сахналанған қойылымдардан өзгерек. Шығарма авторы Семей қаласының тумасы. Ол ұлы ақын жайында көптеген тың мәліметтерге қанып өскен. Спектакльде кемелдену шағына жеткен Абайдың болмыс-бітімі шебер суреттелген. Бұл пьеса 2013 жылдан бері сахна төрінен түспей келеді. Қойылымдағы басты рөлге режиссер мені лайық деп санады. Бұл – үлкен жауапкершілік. Дайындалу барысында іштей толқыныста болдым. Себебі, Абай десем алдымен адамға ұлылық, тазалық, адалдық, отаншылдық деген ұғым келеді. Ұлы адамның философ ретінде болашақ ұрпаққа айтқан ойын, жасаған еңбегін, құнды мұрасын бір спектакльге сыйғызу мүмкін емес. Десе де, «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, рөлді ойнау барысында ақынның болмысына енуге тырыстым. Оның тау тұлғасы менің өміріме ерекше әсер етті. Яғни, Абайша ойлауға, сол секілді жүріп-тұруға ұмтылыс білдірдім. Көпшілік арасында бұл қойылым ерекше ықыласқа бөленді, – деді Н.Бекежанов атындағы драма театрының әртісі, мәдениет қайраткері Бақытбек Темірбек.
Қалың көпшілік туындыны тапжылмай тамашалады. Шығарманың халыққа ой салатын тұстары аз емес. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен өшпенділік секілді өмірде кездесетін қарама-қайшылықтың бәрі осы қойылымда көрініс тапқан. Ауылдас ағайынды азаматтардың билік үшін тартысқа түсіп, бірін-бірі өлімге қиюы, екі жастың адал сезіміне қарсы тұруы, қоғам арсыздығының кесірінен жапа шеккен жандардың тыныс-тіршілігі өнер сүйер қауымның жүрегіне терең ой салады.

Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
17 қыркүйек 2019 ж. 255 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (1579)

15 қазан 2019 ж.

№79 (1578)

12 қазан 2019 ж.

№78 (1577)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 473 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам