Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » БІЛІКТІ ҰСТАЗ – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

БІЛІКТІ ҰСТАЗ – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

  Еліміздегі білім беру жүйесінің санға ғана емес, сапаға негізделуі бүгінгі күннің басты талабы. Соған орай бұл сала үнемі жаңарып отыруы қажет. Біз өмір сүріп отырған кезең даму үстіндегі дәуір болғандықтан, жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап етеді. Соның ішінде ауқымы кең аталмыш саладағы болып жатқан жаңаша өзгерістердің, жаңа жүйенің өзіндік мәні мен маңызы бар.
Оның ерекшелігін, тиімділігі қандай? Осы орайда «Өрлеу» біліктілікті артыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жұмысымен танысып қайттық. Институт директоры, профессор Бауыржан Елеусінов атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы баяндады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп XXI ғасырдағы білімге ерекше тоқталып өтті, – деді институт директоры.
Әлемде өзінің дамуы барысында білім саласында тиімді реформалар жүргізіп, нақты жемісін көріп отырған мемлекеттер аз емес. Сингапур, Малайзия, Финляндия, Норвегия, Германия, Ұлыбритания елдері заман талабына, халық сұранысына, тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрге сәйкестендіріп, әр оқушының қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған оқыту бағдарламалары арқылы білім беруде. Яғни, адам капиталын дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда.
Қазіргі уақытта Кембридж университеті мен педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп дайындаған деңгейлік бағдарламалар бойынша қазақстандық мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту бағытында жаңа әдіс-тәсілдер оқыту үдерісіне ендірілуде. Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибелерін жалпы білім беретін мектептердің оқыту тәжірибесіне енгізу бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.
ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес елімізде ТМД елдері арасында ешқандай баламасы жоқ, біліктілік арттырудың жаңа жүйесі – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ құрылды, – дейді Бауыржан Тәжімағанбетұлы. – Оның құрамына білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институты, Алматы, Астана қалалары және 14 облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты енді. Бұрын әрқайсысы өз бетінше жұмыс жүргізіп жатқан институттар енді бір жүйеге біріктірілді. Барлық біліктілік арттыру курстарының бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министрлігінде бекітіледі, Әділет министрлігінде тіркеледі.
Мектептегі басты тұлға – мұғалім екендігі белгілі. Технология ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық зерттеулер көрсетуде. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады. Қазіргі таңда қоғамымыздың ең көкейтесті мұраттарының бірі – білімді кадрларды әзірлеу және қалыптастыру, оның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері бойынша елімізде және аймағымызда ауқымды шаралар атқарылуда.
2012 жылдан бастап деңгейлік бағдарлама бойынша 3 айлық курстар, 2015 жылдан бастап өзін-өзі тану пәнінен 3 айға созылатын деңгейлік курстарды өткізу қолға алынды. Оның бағдарламасы «Сындарлы оқыту теориясына» негізделген.
Институтта өткізілетін барлық біліктілік арттыру курстары ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасы бекіткен жоспарға сәйкес жүргізіледі.
«Өрлеу» құрылғалы бері 2012-2017 жылдар аралығында институтта өткізілген біліктілік арттыру курстарынан 20493 тыңдаушы өтті. Осы жерде Қазақстандағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты алғаш рет осы 1944 жылы Қызылордадағы Қазақ көшесіндегі (қазіргі М.Әуезов көшесі) үш бөлмелі үйде ашылғанын айта кетуге болады. Сол жылдан 2012 жылға дейін 80 мыңға жуық ұстаз институтта біліктілік арттырған.
Жаңашыл жобаның бірі – 12 жылдық білім беруге көшуге байланысты бағдарлама бойынша курстарды 2016 жылдан басталды. Өйткені, 2016 жылы 1-сынып, биыл 2, 5 және 7-сыныптар 12 жылдық білім беруге көшті. Осы сыныптарда жұмыс жасайтын барлық мұғалімдер жаңартылған бағдарламалар бойынша курстарға қамтылды.
Биыл орта мектеп пәндері бойынша жаңартылған білім мазмұны курстары өткізілді. Онда 3125 мұғалім Назарбаев зияткерлік мектептері, дербес білім беру ұйымы және педагогикалық өлшемдер орталығы мамандары өткізген біліктілік емтихандарын ойдағыдай тапсырды. – Қазіргі кездегі біліктілік арттыру курстарының бағдарламалары негізінде оқушылар қоғамда өмір сүруге, алған білімдерін өмірде қолдана алуға, яғни, функционалдық сауаттылыққа, әртүрлі мәдениет өкілдерімен жұмыс жасай алуға, идеялар мен көзқарастарды бөлісуге, өз бетінше әрекет етіп, шешім қабылдауға, азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға, сыни тұрғыдан ойлай алуға, ғылыми-зерттеушілік және жобалау жұмыстарын кешенді бағдарламалар негізінде жүргізе алуға үйренеді және дағдыланады.
Бағдарлама заман талабына сай кәсіби шеберлігі жетілген, құзыреттілігі қалыптасқан, қоғам мен мемлекет талабына сәйкес жоғары деңгейде еңбек ететін, білім саласы сұраныстарын табысты қанағаттандыра алатын, өзіне сенімді, парасат-пайымы мол тұлға қалыптастыруға, білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасындағы мән-мәтінде қарастырылған жаңа мәліметтерді игеруге, оқыту үдерісіне критериалды бағалау жүйесін енгізуге бағытталған, – дейді Б.Елеусінов.
Институтта биылғы жылы жаңа курстар өткізілуде. 470 және 640 сағаттық жаратылыстану (физика, химия, биология және информатика) пәндері мұғалімдерін ағылшын тілінде дәріс беруге дайындайтын курстар өтуде. Бұл оқудың 1 айында Англиядан арнайы келген маман дәріс береді. Ал, тыңдаушылардың білім деңгейін Кембридж университетінің мамандары бағалайды. Қазіргі күні 470 сағаттық курс аяқталды. Тыңдаушылардың нәтижесі 97,2 пайызды құрады. Кембриджден алынуы тиіс 36 сертификаттың 35-і алынды.
Физика, информатика пәндерінің мұғалімдеріне арналған «Робототехника негіздері» тақырыбында курстардың ұйымдастырылуы. Ол кабинетке 2 млн. теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Оқытудың жаңа формасы Blended learning режимінде 3 курс ұйымдастырылды. Яғни, дәрістер of-line және on-line режимінде өтеді. Тыңдаушылар қашықтықтан оқу арқылы курста біліктілігін арттырады. Оn-line-да дайындалған тьюторлар тыңдаушыларға дәріс оқиды. Ал, of-line режимінде тыңдаушылар «Өрлеудің» студиясында дайындалып, оқыту сайтына ілінген оқу бағдарламаларын, дәрістерге байланысты бүкіл контенттерді өз бетінше қарап, кезең-кезеңімен модульдерді тапсырып, институтқа келмей-ақ біліктіліктерін арттырады. Келесі жылдары мұндай курстардың үлесі арттырылатын болады.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

07 қараша 2017 ж. 459 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (1460)

06 тамыз 2018 ж.

№57 (1459)

31 шілде 2018 ж.

№56 (1458)

28 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 207 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам