Сейсенбі, 23 шiлде, 03:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Ән падишасына құрмет

23.04.2022

1220 0

Әлемге әйгілі әнші Роза Бағланова дегенде халық арасына кең тараған «Ах, Самара-городок» әні еске түседі. Әнші даусының құдіреттілігі сонша, үлкеннің де кішінің де жүрегін жаулады. Биыл Роза Бағланованың туғанына 100 жыл. Аңызға айналған есімнің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ.

Осыған орай туған жері Сыр өңірінде Роза Бағланованың ескерткіші қойылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР және КСРО халық әртисі, Халық қаһарманы­на арналған ескерткіштің ашылу сал­танатына қатысты. Мерекелік шараға әншінің ұлы Тәжен мен келіні Марал, қазақ эстрадасының жұлдыздары Жеңіс Сейдолла, Бақтияр Тайлақбаев ар­найы келді.

– Мемлекет басшысының тап­сырмасымен қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты әлемдік деңгейде қабылданған мәдени шаралар басталып кетті. Соның ая­сында аяулы әншінің туған жері – Сыр өңірінде де ауқымды шаралар өтуде. Бүгін, міне, «Айналайын хал­қымнан еркелеткен» деп, елі­нің жүрегінен орын ал­ған, халықтың ерке қызы Роза Бағланованың еңселі ескерткішін аш­қалы тұрмыз. Өнер иесі Қазалы ауданы, қазіргі Әйтеке би кентінде дүниеге келді. Есімі аңызға айналған әнші дүниежүзінің 50-ден астам мемлекетінде өнер көрсетіп, 30-ға жуық тілде ән шырқаған. Сыр өңірінде халық қаһарманының есімі үздіксіз насихатталып келеді. Облыс орталығында бір көшеге, Әйтеке би кентіндегі Мәдениет үйіне есімі берілді, – деді облыс әкімі.

Ол – ән мен сұлулық бәйгесінің тәжін қоса киген алаштың ай маңдайлы аруы, Ұлыбританияда өтетін жыл сайынғы «Әлемнің әйгілі әйелдері» атағын алған қазақ қызы. Оның өмірі мен шы­ғармашылығы халыққа қалтқысыз қызмет етудің, сахнаға деген адалдық пен көрер­менге деген шексіз құрметтің үлгісі. Қазақтың ән падишасы еңбек жолын Өзбек филармониясының мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде бастап, кейін Мәскеу консерваториясына жолдама алды. Бірақ Ұлы Отан соғысының бас­талуымен ансамбльмен бірге майданға ат­танып, майдан даласында өнер көрсетіп, жауынгерлерге рухани дем берді.

Елдің рухани тұрғыда дамуы мен кемел­денуіне мәдениет саласының қашанда ықпалы ерен. Құлақтан кіріп бойды алар әсем ән мен күмбірлеген күй үйлесім тапқан ырғақты би, рухани жансарайыңды байытатын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бір мақсатқа бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Бүгінде халқына еркелей білген өнер иесінің ескерткіш бейнесі халықтың сағынышын қайта оятқандай. Сыр жұртшылығы әнші мүсінін көріп, ерекше сезімге бөленді. Сәулетші Бауыржан Кененбаев пен мүсінші Мұрат Сыдықовтың өнер туындысы қаламызға көрік берері сөзсіз.

– Ең алдымен апамыздың әруағы риза болсын. Сыр өңірінің арнайы жасап жатқан игі шараларымен құттықтаймын. Халық жақсы қабылдаса, біз үшін үлкен абырой. Роза Бағланованың бейнесін жасау менің еншіме тигені үшін өзімді бақытты санаймын. Біз оның өлеңдерін бала кезімізден тыңдап өстік. Сондықтан мүсінін жасау аса қиын болған жоқ. Суреттері де жетерлік. Дегенмен әр кезеңде түскен суретін мұқият қарап, орта жастағы кезін таңдап алдым. Мемлекет басшысының жарлығы шыққаннан бастап, суретшілер қауы­мы бірігіп, ақылдастық. Содан байқау жарияланды. Нәтижесінде менің эскизім байқаудан өтіп, бас-аяғы бір жылға жуық жұмыс істедім. Сәулетшісі – Бауыржан Кененбаев. Роза Бағланованың мүсіні қоладан құйылды. Биіктігі үш жарым метр, сәукелесімен төрт метр болады, – деді  ҚР Мәдениет қайраткері, суретші-мүсінші Мұрат Сыдықов.

Осыған дейін Алатау баурайындағы Алматы қаласында даңқты әншінің ескерткіші ашылған еді. Енді міне, туған жері, киелі Сырдың жүрегі – Қызылорда қаласының төрінен аңыз адамға арналған әсем ескерткіш бой көтерді. Қазақ әнінің падишасының құрметіне бүгін Нартай Бекжанов атындағы драма театрында қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен «Қазақтың қаһарман қызы» атты тегін концерт өтеді.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: