Сейсенбі, 19 наурыз, 11:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Редакция

Газеттің қысқаша тарихы

Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге өз кезегінде мерзімді басылымдардың да қосқан зор үлесі бар. Бұл ретте 1994 жылдың 15 сәуірінен бері жарық көріп келе жатқан «Ақмешіт апталығы» басылымында да Сыр журналистикасының қара нарлары еңбек еткенін атап өткен жөн. Газет негізін қалаған Әділхан Бәймен мен басылым жүгін басшымен бірдей көтерген Аманжол Оңғарбаев «Ақмешіт апталығының» келешегіне сенді.

Бір кездері мемлекеттік тілдің туын көтерген басылым қаламгерлері елдің жасампаз істерге толы шежіресін жазу жолында үнемі ізденіс үстінде жүрді. Әсіресе, аймақтың тыныс-тіршілігін, халықтың әлеуметтік жағдайын, жеткен жетістігі мен еңбек адамын насихаттау журналистер атқарған толассыз істердің қатарында екенін айта кеткен жөн. Бұл газетті Нұржан Нұрмағанбетов, Нұрлан Көбегенұлы, Нағымжан Сауияев, Мұрат Жетпісбаев, Кенжалы Ерімбетов, Дүйсенбек Аяшұлы, Әділжан Үмбет, Қаныбек Әбдуов сынды елге белгілі қалам иелері басқарды. Тағы бір айта кетерлігі, А.Жанаев, Қ.Әшірбекұлы, Ш.Дәрмағанбетов, А.Сәдібекұлы, К.Бердәулетов, А.Келімбетов, Н.Елтай, С.Боқанов, Ә.Жақыпов, Ш.Серікбаев, И.Сейтов, Ш.Маханбетовтей шығармашылық өкілдерінің де осы газетте қаламының табы жатыр Сонымен қатар суретші Қайырбай Зәкірұлының, фото-тілші Болат Омарәлиевтің, ақын Әділ Ботпановтың, журналистер Айнұр Тұңғышбаева, Алтынай Молдажанова, Гауһар Қожахметованың қалалық газетте ізі қалғанын айта кеткен жөн.

Облыстық және аудандық басылымдардың басын біріктірген «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосылғалы бері газет мүмкіндіктері артып, жаңаша форматпен шыға бастады. Редакцияның материалдық-техникалық жарақтандырылуы заманауи сипат алды. Кез келген өңір үшін ақпараттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі айрықша басымдық алып, газеттің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып отыр. Газеттің электронды нұсқасы әзірленіп, бүгінде әлемнің қай түкпірінен оқимын деген адам болса да мүмкіндік бар. “Ақмешіт апталығы» ақпарат агенттігінде жаңалықтармен қатар әлемде болған оқиғалардың ақпараттары беріліп отыр. Бұл жағынан алғанда “Ақмешіт апталығын” тек Қызылорданың айнасы ғана емес, сонымен қатар жаһан жаңалықтарының жаршысы болып келе жатқанын атап өтуге болады.

Бүгінде Гүлмира Ділдәбекова басқаратын редакцияда Дәулет Қырдан, Гаухар Қожахметова, Ақтолқын Нұрлыбай, Айтолқын Айтжанова, ақпарат агенттігінде Айдана Сейіл, назира Мұқатаева сынды мамандар еңбек етуде.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!