Сенбі, 06 шiлде, 09:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№53-2063
06.07.2024
PDF мұрағаты

Татуласу рәсімінде жеңілген тарап болмайды

27.01.2023

614 0

Сурет ашық дереккөзінен алынды

Бүгінгі күнгі сот тек қана жаза тағайындайтын, заң шеңберінде ғана ақ-қараны ажырататын орган деп ойласақ, онда ол үлкен қателік болып табылады. Себебі қазіргі таңда соттағы татуласу институттары ерекше қарқын алып, дауласқан тарап сот залынан бір-біріне ренішті қабақпен емес, қол ұстасқан күйде шығуы көбеюде. Бұл ымырашыл халықтың өзіндік сара жолын дамытуда сот жүйесінің де алар орны ерекше екендігін аңғартады.

Сонымен соттағы татуласудың бүгінгі жай-күйін тарқатып көрсек.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай Кодекс) 147-бабында сот (судья) тараптарға татуласу рәсіміне қатысуы үшін шақыру жібере отырып, тараптардың татуласуына шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі. Сотта тараптар татуласу келісімін жасауға, медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісімге келуге және дауды партисипативтік рәсімдер арқылы реттеуге мүмкіндігі бар.

Татуласу келісімі – сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалады.   Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді. Татуласу келісімін сот (судья) бекітеді.

Дауды медиация тәртібімен реттеу – дауды (жанжалды) судьяның немесе медиатордың жәрдемдесуімен медиация тәртібімен реттеу туралы мәлімделген өтінішхат негізінде жүзеге асырылады. Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Судья медиацияны «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып өткізеді.

Партисипативтік рәсім судьяның қатысуынсыз «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес екі тарап адвокаттарының не заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдардың жәрдемдесуімен дауды реттеу бойынша тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы өткізіледі.

Аталған татуласу рәсімдері барлық сатыдағы соттарда жүргізіледі.

Татуластыру рәсімдерін жүзеге асыруда судьяның нақты міндеттері де заңнамамен нақтыланған. Дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуді азаматтық сот ісін жүргізудің бірден бір міндеті ретінде бекіте отырып, судьяға талап қою қабылдаған күннен бастап тараптарды татуластыру үшін тиісті шараларды қолданып, істі қараудың барлық сатыларында талапты түсіндіру жүктелген.

Татуласу рәсімдерінің оң нәтиже беруі арқасында 2018 жылдың басында Жоғарғы Сот бастамасымен сот жүйесін одан әрі дамыту мақсатында жеті басым бағыт белгіленіп, оның бірі ретінде «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы қолға алынды.

Осы мақсатта соттан тыс татуласу орталықтарын құру үшін Қызылорда облысы пилоттық аймақ ретінде таңдалып,  республика бойынша бірінші Татуласу орталығы ашылғанын айта кету керек.

Ал сотта тауласу бойынша татуластырушы судья ұғымы ензіліп, онда талап қою келіп түкен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде татуластырушы судья тараптарды бітімге шақырып, келісімге келген жағдайда талапты өндіріске алмай-ақ қысқартуға мүмкіндік туды. 

Осы реформа оң нәтижесін беріп, 2021 жылы Азаматтық процестік кодексіне өзгерістен еніп, татуластыру мерзімі он күннен он бес күнге ұзарды. «Сотқа дейінгі хаттама» институты қолға алынып, нәтижесінде дауласқан тарап хаттамаға өздерінің дәлелдері мен ұсынысын көрсете отырып бір бітімге келе бастады.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында 2022 жылы 10 азаматтық іс татуласу; 217 азаматтық іс дауды медиация тәртібімен реттеу туралы және 2 азаматтық іс партисипативтік рәсім тәртіптерімен аяқталып, іс жүргізуден тоқтатылған. Бұл үлкен көрсеткіштердің бірі.

Бұл ретте сотта татуласудың бірнеше тиімді тұстарын атап кеткен дұрыс. Алдымен дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу сот шешіміне қарағанда тараптардың бітімге келуіне ыңғайлы. Яғни жеңілген тарап болмайды. Татуласу келісімін жасау арқылы соттың және тараптардың уақытын, қаржысын үнемдейді. Мемлекеттік баж алымы тараптарға қайтарылады.

Татуласудың қандай түрі болса да, тараптар арасында ерікті түрде жасалатындықтан, онда көрсетілген талаптарды орындау міндетті. Ал ерікті түрде орындалмаған келісім өтінішхат негізінде атқару парағы жасалынады. Бұл жағдайда келісімді бекіткен ұйғарымның сот шешіміне қарағанда заңды күшіне ерте енетінін ескерген жөн.

Әрине соттар мен өзге уәкілетті органдар дауды шешудің осы бір тиімді тәсілдерін насихаттау жұмыстарын жүргізгенімен, тараптарды бітімге шақырғанмен, таңдау тараптың өз еркінде. Дей тұрғанмен дауды бейбіт жолмен шешуді таңдаған ата-баба жолынан адаспағанымыз дұрыс. 

Айнұр Әбілқайысқызы,

Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: