Жексенбі, 07 шiлде, 03:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№53-2063
06.07.2024
PDF мұрағаты

Орынсыз әзіл орға жықпасын…

25.03.2021

2223 0

Қит етсе әлеуметтік желіні ашып парақтау біз үшін әдетке айналып кеткен. Расымен, пайдалы-пайдасыз ақпаратты сағаттап қарап отыру күнделікті іске айналды. «Ғаламтор» атты дүние адамзаттың өміріне елеулі өзгеріс алып келгені сөзсіз. Десе де сол желіде кейде адам ойына сыймайтын жазбаларды көзіміз шалып жатады. Соның бірі адамды алдау арқылы күлдіретін – пранк. Бірақ қазіргі кезде мұндай пранктер тым алысқа кетіп бара жатыр…

Адамды алдау арқылы шырғалаң күйге түсіріп, алданған адамның реакциясын таспаға түсіріп, желіге жүктейтіндер аз емес. Әрине, барлығы әзіл мен күлкі үшін жасалатын дүние. Алайда мұндай әзілдердің кейде шектен шығып жататыны бар. Жалпы соңғы кезде «әзіл» деген сөздің түпкі мағынасын түсіне алмай жүрген секілдіміз. Негізінен әзіл – адамның көңіл-күйін көтеретін, күлдіретін ұғым. Бірақ кей «пранктің» күлкі сыйлайтын кезі аз. Оны көрген адам кейде өзін жайсыз сезініп, алданған адамға аяушылық көзбен қарайтын кездері бар.

Бұл ұғым ағылшындардың «prank» сөзінен шыққан. Ол сөз қулық, алдау, әзіл деген мағынаны білдіреді. Ең бастапқы кезде пранкерлер тек телефон қоңыраулары арқылы алдайтын болған. Анонимді түрде адамға қоңырау шалып, онымен сөйлесу арқылы алдау немесе күлдіру – пранкердің басты мақсаты. Бұл әзілдің арбауына түскен жанның қатары да аз емес. Әрбір пранкер өз тапқырлығы мен идеясы арқылы түрліше алдайды. Мәселен, астронавт Оуэн Гэрриот таспаға жазылған әйелінің дауысы арқылы «Ұшуды басқару орталығын» алдағаны күллі әлемге тарап кетті. Орталық зымыран ғарышқа жеткенде байланыс орнату үшін кеме бортына шыққанда оның әйелі «жігіттерге үйде пісірілген тәтті тамақты беру үшін келдім» дегенді естіп аң-таң болған. Осылайша астронавт өзіне «пранкер» деген атақты алды. Алайда біздің айтар ой ол емес…

8 наурыз. Күйеуі әйелін мерекемен ерекше құттықтап, жақсы көңіл-күй сыйлағысы келеді. Бірақ оның мұндай әдіспен қуантқысы келгені жұртты таңырқатпай қоймады. Бетаузын қызыл түске бояп, таяқ жеген адамның түріне енеді. Әйеліне қоңырау шалып «Мені есік алдынан күтіп ал» деп айтады. Ойында ештеңе жоқ әйел үйдің алдына барып күтіп, есік ашылған кезде бар даусымен айқайлап жібереді. Себебі жарының «таяқ жеген» түрін көргенде оның қорқып кеткені анық. «Әлі жоқ күйеуін» жарға сүйеп отырғызады да үйіне қарай жүгіреді. Көз жасын көл еткен әйелді көріп үйінен бауырлары мен анасы жүгіріп шығады. Ер адамдар образынан шықпаған «пранкерді» орнынан тұрғызып үйге кіргізбекші болады. Ал байғұс ана баласының түрін көріп есінен танып қалады. Әрине, қай ана өз баласының ондай түрін көріп шыдап тұра алсын. Оқиғаның ушыққанын түсінген пранкер алдау операциясын тоқтатып, өз аяғымен орнынан тұрады. Қалтасынан сыйлығын алып құттықтамақшы болғанымен, бірі – анасын есін жидырып жатса, өзгесі – әйелді жұбатып әлек. Нәтижесінде жұрттың үрейін ұшырғаннан басқа қызық болмады. Егер ол осылайша өз жақындарын таң қалдырамын деп ойласа – миссия орындалды. Бірақ бұл алдау кесірін тигізбесе, ешкімнің көңілін көтере алмады. Тіпті желіден көріп отырған оқырмандардың өзіне бұл ісі ұнаған жоқ.

Біз айтып отырған оқиға желіде желдей есіп жүргендердің бірі ғана. Ойнаймын деп оқиғаны ушықтырып алып жатқан әзілкештер қатары аз емес. Соңғы уақытта адамдар өзіне артылған жауапкершілікті сезінуді қойғандай… «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуден» тым алыстап бара жатқандаймыз. «Хайп» қуамыз деп жүргендер «айып алаңында» аяқ басып жүр. Әр істің неге әкеп соқтырарын, өзгенің жағдайын ойлауды қойдық. Жұртты күлдіремін деп жүріп, бүлдіріп алып жатқандар көп. Әйтеуір шетелге еліктейміз деп желігіп кеткендейміз. Батыстан бізге керегі пайдасы жоқ былығы емес, даму мен ілгерілеуге әкелер қызығы.

Қазақ өзі ежелден байыпты, оңдысолын білетін халық болған. Орынсыз әзіл мен пайдасыз сөз айтудан бойын да, ойын да аулақ ұстаған. Үлкеннің алдын кеспейтін, орынсыз сөз бөспейтін… Ал қазір үлкендермен ойнаған былай тұрсын, оларды сыйлап-құрметтеуден жұрдай болып бара жатырмыз. «Заман өзгерді» деп сылтаурата саламыз. Алайда сол заманды адам өзгертетінін қаншалықты білеміз? Барлық кінәні уақыт жүгіне артып қоймай, өзімізді дұрыстау керек секілді. Біреуді жылататын ойынның, көңілге кірбің түсіретін әзілдің керегі қанша? «Әділ айтсам – Аллам дос, әзіл айтсам – шайтан хош» деп Қашаған Күржіманұлы бекер айтпаған.

P.S. Ойыннан от шығатынын жадымызда ұстаған жөн. Орынсыз ойын орға жығуы мүмкін. Сол себепті әр істі мың ойланып, ой елегінен өткізу керек. Еліктейміз деп жүріп ессіздерге айналмасымызға кім кепіл? Адам деген атқа лайық болу – әр адамның міндеті.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: