Дүйсенбі, 22 шiлде, 20:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Қонақжай ел және қазақ туризмі

01.06.2024

95 0

Туризм – ел экономикасына серпін беретін әлеуеті жоғары сала. Туризмі дамыған елдің әл-ауқаты жақсы екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Біздің елде де бұл саланы дамытуға мүмкіндік көп. Бұқар жырау жырлағандай, әлемді түгел көрсе де қызыққа тоймайтын адамзат баласы емеспіз бе?! Саяхат арқылы таным көкжиегін кеңейтіп, әлемнің кереметін көргісі жиһанкездер қатары жылданжылға көбейіп келеді. Ал біз бұған дайынбыз ба?

Құдайға шүкір, қазақ жерінің кереметі аз емес. Алайда сол кереметтерді қазақ туризмінің брендіне айналдыра алдық па? Мәселен, Жапонияда сакура гүлдеген сәтті көру үшін әлемнің түкпіртүкпірінен мыңдаған турист сол жаққа ағылады. Сол сияқты Үндістанның шай плантациясын, Венгриядағы күріш алқабын, Франциядағы шарап өндірісін көру үшін баратындар қаншама? Ал қонақжай халық аталған қазақ елі өз кереметімізді әлемге қаншалықты насихаттай алып жүрміз? Жылдың төрт маусымында да өзгелер тамсанатындай табиғаты бар, тарихи орындарға да кенде емес қазақ елі туризм саласын дамытуға келгенде әлі де өзгелерден көш кейін келе жатқанымыз жасырын емес. Әйтпесе екінші Швейцария атанып кеткен Көкшетау жері, АҚШ-тағы Гранд каньонмен салыстырып жататын Шарын шатқалы, Түрген сарқырамасы, көп жұрт бір көруді арман ететін Қатонқарағай ұлттық паркі және басқа санасаң таусылмайтын табиғат сыйы біздің елде де аз емес. Құдай берген табиғатты ел игілігіне қаншалықты пайдаланып жүрміз? Қазақтың кең байтақ даласының қай бұрышына барсаң да қарасаң көз тоймайтын тұмса табиғатын туристік орынға айналдыру қызметіне көңіл тола ма? Қонақжай халық шын мәнінде қонақ күтуге дайын ба? Саяхатқа шығу трендке айналған заманда туристердің көптеп келуіне қаншалықты дайынбыз?

Бұралаң жолдар немесе инфрақұрылым жайы…

Елдегі туризмді дамыту мәселесі жақында Үкімет отырысында талқыланды. Туризм саласының өркен жаюына бірден-бір ықпал ететін фактор – жайлы инфрақұрылым болса, бұл бізде әлі де ақсап тұр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов жол азабы да, қарапайым санитарлық талаптың сақталмауы саланы дамытуға кері әсер етенінін атап айтты. – Бізде әдемі жерлер өте көп, бірақ жету қиын. Жағдай да өзгермейді. Мысалы, Шығыс Қазақстанды немесе Балқаш және Алакөл көлдерін алайық. Қалыпты жолдар мен кірме жолдар, көрікті жерлерге арналған тұрақтар, кемпингтер жоқ, – деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ елдегі туризм нарығында бәсекелестіктің төмендігі қызмет бағасының қымбаттауына әсерін тигізеді. Туризм бизнесін дамытып отырғандардың сапаны жақсартуға ынта білдірмеуі сырттан туристер тартуға кері әсерін тигізбек. Үкімет отырысында мемлекет тарапынан туристік аймақтарда инфрақұрылым қамтамасыз етіліп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалатыны атап айтылды. Өз кезегінде бизнес тарапы туристік аумақтарды ұқыпты пайдалануды және қолайлы бағамен сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуі керек. Бұл әуе және теміржол билеттерінің бағасына да қатысты. Шағын азаматтық авиация мүмкіндіктерін де туризмді дамытуға пайдалануға болады. – Ол үшін Көлік министрлігі инфрақұрылымды қайта қарап, әлеуетті инвесторларды тарту үшін тиісті жағдай жасауы тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселелерін пысықтап, көршілес елдермен қатар алыс шетелдердің де тәжірибесін зерттеп көру қажет. Елімізде табиғи туристік аймақтар шалғай орналасқан, сондықтан шағын авиацияны дамыту өте өзекті. Кішігірім ұшақтар мен тікұшақтарға бетон жолақтар қажет емес, шағын инфрақұрылым салса жетіп жатыр. Бұл біздің табиғи және тарихи аймақтарымыздың әлеуетін арттырып, турлардың жаңа пулын қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Үкімет басшысы.

Сандар сөйлесін…

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев негізгі көрсеткіштер бойынша елдегі туризм саласы тарихи ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. 2023 жылы елге 9,2 млн шетелдік азамат келген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе көп (4,7 млн адам). Ел ішінде 9,6 миллионнан астам отандық азамат саяхат жасаған. Бұл көрсеткіш 2022 жылдан 1 млн адамға артқан. Орналастыру орындары 229 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсеткен. Туризм саласынан бюджетке түсетін салық түсімдері 450 млрд теңгені құрады. 2022 жылғы көрсеткіштен 64 млрд теңгеге артық. 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 787 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53%-ға көп. Министр аймақтарда туризм саласын дамыту үшін инфрақұрылым жайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отыратынын атап айтты.

– Өткен жыл қорытындысы бойынша 131 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асты. 2023 жылы Маңғыстау облысының «Жылы жағажайына» инфрақұрылымды жеткізу бойынша бірқатар жоба аяқталды. Биыл Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында үш әуежай терминалының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл жолаушылар ағынын едәуір арттырып, туристік дестинациялардың қолжетімділігіне оң әсер етеді, – деді министр Ермек Маржықпаев.

Рейтинг нені білдіреді?

Жақында Туризм және спорт министрлігі жағымды жаңалық жариялады. Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) Саяхат пен туризмді дамыту индексіне сәйкес Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 ел арасынан 52-орынды иеленген. Бұған дейінгі индексте Қазақстан 117 мемлекет арасынан 66 орынға орналасқан еді. «Біздің еліміз мына санаттар бойынша ең жоғары баға алды: бағалық бәсекеге қабілеттілік (2 орын), туризмнің әлеуметтік-экономикалық әсері (5), денсаулық сақтау және гигиена (23), табиғи (30) және мәдени ресурстар (48), сондай-ақ адами капитал мен еңбек нарығы (43) және туристік инфрақұрылым мен сервис (47)» – делінген хабарламада.

Қазақстан туризмді дамыту бойынша Әзербайжан (56), Өзбекстан (78), Қырғызстан (102) сияқты елдерді басып озып, Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке ие мемлекет болды. Саяхатқа жаңа көзқарас Елдегі туризмнің кейінгі жылдарда ілгерілегеніне халықтың саяхатқа, демалысқа оң көзқарасы қалыптаса бастағанының әсері де бар. «Қазақ демалысқа шықса үй жөндейді» деген пікір өзгеріп келеді. Қазір қазақ та саяхатты түсінді. Жыл маусымына қарай отбасылық демалыс ұйымдастыру, табиғатқа шығу, саябақтарда демалу, ел көру жақсы үрдіске айналды. Үкімет отырысында айтылған ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы еліміздегі 19 курортты аймақта 3,8 млн адамнан аса турист демалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 311 мың адамға өскен. Нәтижесінде курортты аймақтардағы қонақүйлер былтыр 130 млрд теңгеден астам табыс тапты. Туристер арасында Алматы тау кластері – ең танымал орындардың бірі. Былтыр бұл курортты аймаққа 2,3 миллионнан астам адам келген. Кейінгі орындарда – Маңғыстау курортты аймағы (356,2 мыңнан астам адам), Бурабай курортты аймағы (305,4 мың адам) және Абай облысының Алакөл көл жағалауы (205,8 мың адам). – Жыл сайын отандық курорттарда демалатын туристер саны артып келеді. Бұл еліміздегі аталған аймақтардың тартымдылығын және Қазақстанның туристік әлеуетіне қызығушылықтың артқанын аңғартады. Біздің мақсатымыз – әрбір қонақ еліміздің ыстық ықыласы мен қонақжайлылығын сезінуі үшін туристерді қабылдау шарттарын одан әрі жетілдіру», – дейді Спорт және туризм министрлігі, Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Жалпы салаға инвестиция тарту да өзекті. Министрдің сөзінше, кәсіпкерлер үшін туристік салаға инвестиция тарту тиімсіз екен. Себебі бұл маусымдық бизнес саналады. Бүгінде инвестициялық белсенділікті ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау бар. Атап айтқанда, шығындардың 10 пайызына дейін өтемақы төлеу және туристік автобустарды сатып алу шығынының 25 пайызын өтеу секілді қолдау да саланы дамытуға сеп болмақ.

Агротуризмді қалай дамытамыз?

Туризм тақырыбы талқыланғанда Үкімет басшысы тиісті министрлікке өңір әкімдіктерімен бірлесе экотуризм мен агротуризмді дамыту үшін жаңа жобалар жасауды тапсырды. Кең байтақ даламызда көрсең көз тоймайтын, табиғаты керемет жерлер аз емес. «Ашық аспан а с т ы н д а ғ ы мұражай» д е г е н теңеу айтылатын біздің елде экотуризмді де, агротуризмді де дамытуға мүмкіндік жетерлік. Ішкі туризмнің дамуы ел экономикасына айтарлықтай оң әсер ететіні белгілі. Себебі сарапшылар пікірінше, агротуризмді дамыту үлкен қаржыны қажет етпейді. Агротуризмді дамыту арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауға, ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік көп. Агротуризм Еуропа елдерінде жақсы дамыған. Италия, Испания, Франция мемлекеттерінде жыл сайын миллиондаған туристі осы агротуризмді дамыту арқылы тартып отырғанын атап айтсақ, туризмнің бұл түрі табысты екені дәлелдеуді қажет етпейді. Тіпті кейбір елдер ауылдық жерлердегі егін жинау кезі, мал бағу, азық-түлік дайындау секілді жұмыстарды туристерге көрсету арқылы табыс тауып отыр. Агротуризмді дамытуда көшбасшы ел саналатын Италия жыл сайын 2 млн-нан астам агротуристерді қабылдайды екен. 10 мыңнан аса шаруашылықпен айналысатын ауылдарының негізгі табыс көзі де осы. Италияда агротуристік фермалар мен шарап өндіретін орындар туристік алаңға айналған. Яғни туристер мұнда келіп, жергілікті тағам дайындау шеберлік сабағына қатысып, ферма жұмысымен танысады. Агротуризм жақсы дамыған Франция, Жапония елдерінде де шарап жасау, жергілікті дәстүрмен таныстыру арқылы туризмді дамытып отыр. Орайы келгенде агротуризмді дамытсақ, қазақ ауылдарында туристер қызығатын дүние аз емес екені және мүмкіндік те көп екені белгілі. Бұл ауыл халқының тұрмысын жақсартып, табыс көзі болатынын ескерсек, кенже қалған саланы дамытуға әлі де кеш емес екенін түсінуіміз қажет.

Өңірдегі жағдай қалай немесе қытайлар неге қызықты?

Сыр өңірінде де туристер қызығатын тарихи-мәдени орындар аз емес. Мұнан бөлек Жаңақорған батпағы, Қамбаш көлі, Қорқы ата кешені, Байқоңыр ғарыш айлағы өңірдің брендіне айналғаны белгілі. Облыстық туризм және спорт басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы аймақта 13 шағын және 2 ірі демалыс орны жұмыс істеп, оған 110 мың демалушы келген. Ал туризмді дамыту мақсатында қолға алынған айтарлықтай жобаларға келсек, аймақта туризмді дамыту мақсатында ақпараттық насихаттық жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді екен. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жарияланып, наурыз айында Пекин қаласында өткен туризм жылының ашылу салтанатындағы көрмеде өңірдегі туризм саласындағы мүмкіндіктер, атап айтқанда, брендке айналған өнімдер, сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағының және өңіріміздің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған тарихи-мәдени, географиялық ерекшеліктерін қамтитын бейнероликтер көрсетілген. Нәтижесінде қытайлық азаматтар Байқоңыр ғарыш айлағына, зымыранның ұшуын тамашалауға қызығушылық танытқан. Бұл орайда «Қазақ Туризм» ҰК АҚ-мен өңірімізге қытай азаматтарын туристік мақсатта тарту жөнінде келіссөз жүргізіліп, арнайы іс-шара жоспары бекітілді. Қытайлық туристердің алғашқы легі аймаққа ат басын бұрып та үлгеріпті. Олар қаланың көрікті жерлерін тамашалап, әлеуметтік желі арқылы өз оқырмандарына ақпарат берген. Демек, бұл алдағы уақытта туристер тартуға жасалған бір мүмкіндік деуге болады. Өзге өңірлерді айтпағанда, облысымызда туристер тамашалайтын киелі жерлер, тарихи орындар, демалыс аймақтары аз емес. Бір ғана Барсакелместі, қайраңда қалған кемелерді көзбен көрсем дейтін, Аралдың құмды ауылдарына барсам деп жүрген өзіміздің қазақ та аз емес. Бір сөзбен айтқанда, туризм саласы ел экономикасының негізгі драйверіне айналатын кез келді. Қонақжай елдің болмысы да, табиғаты да туризмді дамытуға сұранып тұр.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: