Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Әже, мен сені асырап алам»

28.02.2023

1489 0

Сурет ашық дереккөзден алынды

− Әже-е-е-өу, − деймін еркелеген үнмен созып айтып. Жазғы каникулым бітуге таяу екенін іштей сезіп-біліп жүрмін. Өйткені осы пенсиядан әже жаңа киімдер алып берді. Демек шешем келіп, алып кететін күн алыс емес. Сол үшін де мейлінше әжемнің қасында көп уақыт өткізуге тырысып жүрмін.

– Әже деймін, – деп қайталаймын тағы да. Соңғы уақытта құлағы шамалы еститін боп жүрген әжеме бұл жолы аздап даусымды шығарып тұрып айттым.

 − Ау, ботам? – дейді ол да қолындағы ұршығын иіріп отырып.

− Ұршық иіріп жіп жасайсың. Сосын одан шұлық тоқисың. Одан да неге сатып алмайсың? Ақшаң бар емес пе? – деймін.

– Қолыңнан келетін дүниенің барлығын сатып ала бересің бе? Онда істейтін түк қалмайды ғой. Болмаса ақшаң таусылады. Сен мысалы қорадан жұмыртқа тергенше дүкеннен барып неге сатып ала қоймайсың? – дейді әжем.

– Өй, мен енді сен сияқты ай сайын пенсия алмаймын ғой, – деймін ренжулі үнмен. Ол жауабыма әжем күледі сосын. – Әже-е-е-ау,- деймін тағы да. «Ау?» деген сыңаймен басын изегенде: – Мен өскен соң сені асырап алам, – деймін.

– Мені асырап алып не істейсің? – дейді ол күліп.

– Енді, менімен бірге тұрмайсың ба? Әйтпесе мен сені сағынамын. Менімен бірге тұрсаң күшті болады. Күнде қасыңда жатам. Демалуға санаторияға апарамын. – деймін санаторияның не екенін білмесем де.

– Өй, айналайын. Ниетіңнен айналдым. Сен өскен соң жұмыс істейсің. Ақша табасың. Ал мен сенен кейінгі бауырларыңды бағып-қағып жүремін. Ертең көкеңнің баласын бағамын, сосын тағы, – деген сөзін аяқтатпастан:

– Қайдағы жұмыс? Мен жұмыс істемеймін, әже. Мен әкем сияқты таңнан-кешке дейін жұмыста жүрсем, сенімен шайды кім ішеді? Үйде кім көмектеседі? Сенімен бірге қол ұстасып қонаққа бармаймын ба? Ол кезде бірақ мен үлкен болам, ананы-мынаны сұрай бермей үнсіз отырам. Сен кемпірлермен әңгіме айтқанда да жағаласпайм. Сосын екеуміз бірге отырып құрт жасаймыз. Бірақ сүтті сатып аламыз. Әйтпесе мен мал баққым келмейді. Бірге сериал көреміз, – деймін.

− Сонда сен жұмыс істемесең? Мал бақпасаң? Күндіз-түні үйде жүрсең? Сонда ақшаны кім табады? Мені қалай асырайын деп отырсың? – дейді әжем таңдана.

– Қалай кім асырайды? Сенің пенсияң бар емес па, әже? Соған тамақ аламыз. Маған киім аламыз. Саған көйлек, орамалды онсыз да қонаққа барғанда береді. Сосын балаларың да көмектеспей ма? – деймін.

Кішкентай немересінің мұндай қу жауабына әжем рақаттанып күліп алды. Іштей жұрттың балалары секілді ақылды ой айтпағаныма біртүрлі болған да шығар. Бірақ басымнан сипап, маңдайымнан иіскеп тұрып сол жолы еркек адам жұмыс істеп, ақша табу керек екенін асықпай отырып түсіндірді. Ол кезде кешкілік бір рет ойныңды қиып өрістен мал күтіп алғанға, аптасына бір рет бұлақтан су алып келуге барғанға ерініп жүрген мен жұмыс істеу керектігін аса бір түсіне қоймадым. Оның үстіне әженің пенсиясын құртып, қонаққа бірге еріп барып, күнде ақша алып жүрген мен басқа құндылықтарды білмейтін, түсінбейтін едім.

… «Әже-е-ау, мен сені асырап алам», – деймін еркелеген үнмен. «Менің пенсиям екеумізге жетпейді. Одан да жұмыс істе. Мен осы балаларымның қасында бола берем», – дейді әжем күліп. Бүгінде біздің орнымызды басқан кішкентай бауырларыма менің бұл сөзім ұнамағаны көрініп-ақ тұр. Бірі «Біздің әженің үйі осы. Ешқайда кетпейді», – деп жалма-жан құшақтап жатса, үлкендеуінің түйілген қабағынан қызғанып қалғанын сезіп-ақ тұрмын. Бірақ бұл жолы мен жұмыс істегім келмегеннен емес, әжені сағынатын болған соң айттым.

Қолдан келсе баруға тырысамыз-ау. Бірақ 3-4 күн бала кездегідей үш ай бойы ауылда жатып, әжеге еркелегенге жетпейді. Ауылға кетіп қалсам ба екен?..

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: