Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бере білген бөле білер

18.10.2022

1303 0

Баяғыда бір жарлы болыпты, мінуге аты, ішуге асы болмапты. Мал дегенде маңдайына біткен жалғыз ғана қазы болыпты. «Аштық – атаң емес» деген, тесік тамақ шыдата ма, ақыр соңында сол қазды сояды. Бірақ оған салатын тұзы да, қосып жейтін наны да болмайды. Сонда жарлы тұрып әйеліне:

− Қатын, осы қазды тұзсыз, нансыз жегеннен де ханға апарып тартсам қайтеді? Сөйтіп, одан бірнеше күн тамақ қыларлық астық сұрасам қайтеді, – дейді. Қатыны:

− Мейлің, сүйтсең, сүйте ғой, – дейді. Жарлы ханға піскен қазды алып келеді.

− Тақсыр,  – дейді ол, – мынау сізге әкелген сыйлығым еді, аз да болса көптей көріп алыңыз, барымыз әзір, жоғымыз жай, – дейді жарлы. Хан: − Рахмет, сізге, рахмет! Ал енді, бұл қазыңды үй ішімізге бір­дей етіп өзің бөліп бер! – дейді де жарлының қолына пышақ береді. Ханның ханымы, екі ұлы, екі қызы – не бәрі ханның өзімен алты жан екен. Сонда жарлы қаздың басын кесіп алып, ханның алдына қояды.

− Сіз үйдің басысыз, сондықтан сізге бас лайық, ал бас мойынсыз, хан ханымсыз болмайды, сондықтан сіздің ханымыңызға мойын – деп мойынды кесіп, ханымның алдына қояды. Екі аяғын кесіп екі баласына береді.

− Сендер атаның жолын қуып, ізін басасыңдар, сондықтан сендерге аяқ лайық, – дейді. Сосын екі қанатын кесіп екі қызына береді.

− Сендер жат жұрттыққа жара­тылғансыңдар, ертең бойжеткен соң ата-ананың қасында қалмай, ұшып кетесіңдер, сондықтан сендерге қаз­дың қанатын беруге тура келеді. Ал жарлы-қонақ, кеудесі жарлыға қалмақ, – деп қаздың бар етін өзінің жанына қояды. Хан жар­лының әділ бөлісіне таңғалып, қарқ-қарқ күліп, ырза болады. Өзін әбден сыйлап, тамаққа тойдырып, астық беріп үйіне қайтарады. Мұны бір мырза естіп, жарлы бір қаз апарып ханнан мұнша сыйлық алды, мен одан кеммін бе? – деп жарлының алғанына қызғаныш етеді. Сүйтеді де, ханға ол бірден бес қаз пісіріп әкеледі.

Хан: «Әкелгеніңізге рахмет, бірақ мұны алтауымызға тең қылып бөліп бер», – дейді. Мырза олай салып, былай салып көреді. Бірақ қаздарды тең бөліп бере алмайды. Сонсоң хан, баяғы жарлыны шақыртып алып: «Мына қаздарды сен бөл», – дейді. Жарлы, бір қазды алып хан мен ханымға береді де: «Сіздер үшеу болдыңыздар», – дейді, енді бір қазды екі баласына беріп:

− «Сіздер де үшеу болдыңыз­дар», – дейді. Тағы бір қазды екі қызына береді де:«Бұлар да үшеу болады, мына қалған екі қазбен мен де үшеу болдым», – дейді. Сонда хан: «Міне, әділ болсаң осындай бол! – Бізге де тегіс берді, өзін де ұмытқан жоқ», – депті. «Бере білген, бөле білер» де­ген мақал осыдан қалған екен. Хан жарлыға тағы да қазынасынан көп сыйлық беріп қайтарады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: