Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Дара жолды ақын

12.03.2022

1332 0

«Мен сенемін күні ертең,

Нұрлы үмітпен оянар деп ұлы өлкем.

Мына дәурен бұрқан-талқан,

Ертең қайта өзгерер.

Ақындарын сұлтандардан,

Артық санар кез келер».

Бұл – қазақтың заңғар ақыны Мұхтар Шахановтың «Махамбеттің соңғы сөзі» жырынан үзінді. Өтемісұлындай қиялдаған Шаханов та ақындарға көрсетілетін құрметтің бөлек болу керектігін Махамбеттің өзі болып айтып тұрғандай әсер қалдырады. Шынында да, қияға қиялмен қырандай самғаған ақын деген халыққа елдің құрметі де, қошеметі де шексіз. Сырдың арда перзенті, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, елге белгілі қаламгер, ҚР Ақпарат саласының үздігі Дүйсенбек Аяшұлының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен шарада сөз киесін қадір тұтқан жанға көптің ықыласы ерекше екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Аптаның бейсенбісінде Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйіндегі «Сыр медиа» академиясында қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, өзінен кейінгі буынға ұстаз бола білген Д.Аяшұлындай қаламгердің мерейтойына арналған «Сен айтшы…» атты тосын сыйға толы мерекелік кеш өтті. Ақынға құрметті алғаш болып әріптестері – «Сыр медиа» серіктестігінің ұжымы көрсетті.

Кездесу барысында «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев сонау студенттік шақтан бірге келе жатқан замандасы ретінде Дүйсенбек Аяшұлының ешкімге ұқсамайтын ғажайып әлемі барын атап өтті.

Расында ол – сыршыл ақын, белгілі журналист. Өзгеге ұқсамайтын жазу мәнерімен, ұшқыр қиялымен, ойының тереңдігімен қалың оқырманға танылып үлгерген белгілі ақын. Бүгінде қазақ өлеңінің құдіретін жас буынға дәріптеп, қасиетін ұғындырып жүрген жан. Мерейтой иесінің «Өр алғыс» жинағының қазақ поэзиясында өзіндік орны бар. Ол өзінің тума талантымен, жалпы адамдық болмысымен ерекше тұлға. «Адамдық қасиетін биік ұстау – кімге болса да сын» демекші, 2014-2015 жылдары «Ақмешіт апталығы» газетінде бас редактор қызметінде жүргенде ақынның адамгершілік қасиетін аңғардық. Біздің ұжымды аз уақыт басқарса да, өзінің басшылық келбетін қалыптастырып, шығармашылық топты шыңдай білді.

«Ақын жанын ақын ғана түсінеді» деген тәмсіл тектен тек айтылмаса керек. Мерекелік кешке Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының құрылтайшысы, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, доцент Шанжархан Бекмағамбетов, облыстық «Кәсіпкер келбеті» газетінің директоры Жүзбай Таңрықбаев қонақ болды. Кездесу барысында кеш қонақтары ақынның шығармашылығы мен еңбек жолындағы қызықты естеліктерімен бөлісті.

Атап айтсақ, кеш қонағы Шәкизада Әбдікәрімов қаламгерлер арасында дара жолы, жазу стилі бар Дүйсенбек Аяшұлының қазақ журналистикасында өз биігі, таза еңбегімен, маңдай терімен келген жетістігі, көтерілген шы-ғармашылық шыңы барын тілге тиек етті.

Ақынның шығармашылығы сазгерлерге шабыт сыйлап, өмірге қаншама ән келді. Бүгінде Дүйсенбек Аяшұлының сөзіне жазылған бірнеше ән ел аузында жүр. Ал өлеңдері жас буынның бағдар алар бағыты, күш-қуат алар ой-тұнығына айналды. Шара барысында шалқар шабыт иесінің әріптес іні-қарындастары Ғазиза Әбілдә, Әзиз Батырбеков, Айжан Абдуллаева, Фариза Омарова, Биболат Сәтжан, Рыскелді Жахман, Ақтілек Бітімбай, Дина Бөкебай, Мөлдір Қалымбет сияқты әріптестері ақын өлеңдерін оқыды.

Ол саналы ғұмырын қауырсын қалам мен ақ параққа арнап келеді. Түрлі тақырыпта мақалалар жазды. Осыған дейін Сыр өңіріндегі ата басылым «Сыр бойы» газетінде тілші, бөлім басшысы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ туған жері Шиелі ауданында «Өскен өңір» газеті мен Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» басылымында бас редактор болып, абыройлы қызмет етті. Ал қазір облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы қызметін атқарып жүр.

Дүйсенбек Аяшұлын өмірден тоқығаны мол, кең ойлап, айналасына қамқор қолын ұсынып жүретін азамат, аға ретінде жақсы білеміз. Өзінің өмірін арнаған саланы дамытуға сіңірген еңбегі енді қалам тербеп жүрген ақындар

мен жас журналистерге үлгі. Қалай десек те, Дүйсенбек Аяшұлы ешкімге ұқсамайтын, өзіндік дара жолы бар ақын. Мерейтой иесін тағы бір мәрте құттықтап, елдің құрметіне бөлене беріңіз деген тілек білдіреміз.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: