Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Рахат Наурызбаева, балалар ақыны: «Балалар әдебиетіне әлі де берерім аз емес»

10.03.2022

2635 0

Шыны керек, балалар жылы дегенде алдымен балалар әдебиетінің жайын айта бастадық. Қоғамда «балалар мәселесі балалар әдебиетінің мәселесімен бітпейді ғой» деген пікір де жоқ емес. Алайда бала тәрбиесі, ұлт мүддесі мен руханияты әдебиетпен байланысты екенін ескерсек, атаулы жылы балалар әдебиетіне мемлекет ерекше қолдау білдірсе деген үмітіміз бар. Әрине, балаларды қолдау, балалар әдебиетіне қамқорлық бір жылдың еншісіндегі жұмыс емес. Осы орайда бала жанындай тап-таза, нәзік тақырыпты қаламына арқау еткен балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы, аудармашы Рахат Наурызбаевамен осы тақырыпта әңгімелестік. Айта кетелік, бүгінде 80-нің сеңгіріне таяған ақын балалар әдебиетіне берерімді беріп болдым деп отырған жоқ, әлі де жазары көп екенін айтып, компьютерге шұқшиып жазу үстінде. Қарттық шағындағы бұл еңбегін ерлікке баладық, жанкештілігіне сүйсіндік.

Ол – Сыр өңіріндегі балалар тақырыбында жазатын санаулы қаламгердің бірі.Санаулы дегеннен шығады, балалар әдебиетіндегі санаулы қаламгерлер туралы ақын Қатира Жәленова былай деп жазады: «Қаламгерлердің көбісі балаларға арнап жазуға бейім емес. Өйткені баланың өз тілімен оның арман-ойын, мінез-құлқы мен іс-әрекетін дөп басып жеткізуге шамалары келе бермейді».

Иә, балалар тақырыбына қалам тарту кез келгеннің қолынан келе бермейді. Рахат апай өзі мұғалім болған соң ба, ол үшін бала жанына үңілу, бала жүрегіне жол табу қиын да болса қызық көрінді. Ғылым жолында да балалар тақырыбынан алыстамаған ғалым кейіннен балалар тақырыбында өндіре жазды. Бүгінгі балалар әдебиетінің жай-күйі туралы әңгімелесу үшін Рахат апайды арнайылап іздеп бардық. Кейіпкеріміз жанына жақын тақырып болғандықтан сауал күтпестен әңгіме тиегін ағытты.

АДАМ БОЛҒЫМ КЕЛДІ

Қалам ұстау – қасиет. Кейбір адамдарға мұндай қасиет пен талант табиғаттан беріледі, ал кейбіріне оқу-тоқумен, ізденіспен келеді. Маған жазу шеберлігі оқумен, ізденіспен келді деп ойлаймын. Өзім жастайымнан жетім қалдым. Анам мен 1,5 жасқа келгенде, әкем 12 жасымда қайтыс болған. Алайда сол замандағы ағайын-туыстың кеңпейілдігі, бауырмалдығы мені жетім бала етіп жәутеңдетпеді. Қазір сол замандағы адамдардың кеңдігіне әлі де басымды иемін, әлі де таңданамын. Үйдің үлкені әпкемнің қолында өстім. Ол мектепте мұғалім, күні бойы менің сабағымды қадағалауға уақыты да жоқ. Оның бір ауыз сөзі мені тәрбиеледі: «Оқысаң, адам боласың». Мен адам болғым келді. Осы бір ауыз сөз санама әбден бекіп, жатсам да, тұрсам да кітаппен дос болдым. Қазақ ертегілері, батырлар жырларынан бастап, әлем әдебиетіне дейін оқыдым. Ауыл кітапханасындағы балаларға арналған кітаптың барлығын оқып тауыстым десем, артық айтқандық емес. Мен кітаппен өстім, кітаптағы кейіпкерлерді елестетіп, қиял ғажайып әлеміне еніп, армандай білдім. Осы кітапқа құштарлық мені ғылым жолына әкелді. Ұстаз ретінде бала жанына үңілумен, бала жанын зерттеумен бірге, балалар тақырыбында жаза бастадым. Алайда кеш бастадым. Алғашқы тырнақалды өлеңдерім «Ленин жолы» газетіне жарияланып, белгілі ақын Асқар Тоқмағамбетов алғысөз жазып, тілектестік білдіріп, «Рахаттың өлеңдерінен көп оқитыны, ізденісі байқалады» деген бір ауыз сөзі мені қанаттандырды. Осыдан кейін саналы түрде тек бір тақырыпқа, балалар тақырыбына қалам тартқанды жөн көрдім. Негізі бір тақырыпқа бейімделген жөн. Сонда нәтиже болады.

НАСИХАТ ЖЕТІСПЕЙДІ…

Балалар әдебиетінде жаңа шығармалар жоқ деп айта алмаймын. Жазылып жатыр, жаңа дүниелер жарыққа шығуда. Алайда насихаты аз. Қазіргі заманда жазсаң да, кітап шығарсаң да өзің үшін жасап жатқандай әсерде боласың. Жақсы дүниені жазу бар да, оны кітап етіп шығару, елге жеткізу екінші мәселе. Қазіргі ақын-жазушылар үшін бұл – қиынның қиыны. Сол баяғы ән. Өзің жазасың, өз қаражатыңа кітап шығарасың, оны өткізесің, өзің насихатын жасайсың. Әрине, жақсы дүниені балалар оқысын, көрсін дейсің ғой. Алайда осындай жақсы кітап шығыпты деп оны іздеп, насихаттап жатқан ешкім жоқ. Сол себепті қаламгерлер өз күнін өзі көруде. Автор қалтасынан қаржы шығарған соң кітап аз таралыммен шығады. Ол бәріне жетпейді де. Сондықтан балалар әдебиетіне қолдау керек. Елдегі үлкен мәселе – балалар ақын-жазушылары, баспа және басқа да шығармашылық ұйымның арасында байланыс жоқ. Меніңше, балалар әдебиетін дамыту үшін жазушылар одағы тарапынан ерекше назар аударып, қамқорлық жасау қажет. Қазір жыл басталғалы бір сең қозғалғандай. Балалар тақырыбында жазатын қаламгерлер чаты ашылып, сонда ұсыныс-пікірлер, ортақ мәселелерді талқылап жатамыз. Демек, бір қозғалыс бар. Оған да қуанамыз.

КІТАПҚА ҚЫЗЫҚТЫРУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫН ТАБУ КЕРЕК

«Бүгінгі бала кітап оқымайды» деп айта салу оңай. Бұл – мәселенің шешімі емес. Иә, уақыт бір орында тұрмайды, заман өзгерді, жаңа технологиялар іске қосылды. Ендеше, бізге неге өзгермеске? Жаңа заман баласына «мен оқығанды сен де оқы» деп тықпалай алмаймыз. Алайда қанша уақыт өтсе де мәнін жоғалтпаған классикалық шығармалар бар ғой. Оларды заман талабына сай сапалы етіп, қайта басып шығару – күн тәртібіндегі мәселе. Қазір технократтар заманы, барлық ақпарат алақандағы смартфонда деп жайбарақат отыра алмаймыз ғой. Бала телефоннан қандай ақпарат алады, нені оқиды? Қазір ақпарат өте көп, бірақ таңдау, іріктеу, жүйелеп ұсыну жағы жетімсіз. Қарапайым ғана мысал, бастауыш сынып мұғалімі немесе балабақшадағы тәрбиеші балаларға туған жер тақырыбында өлең жаттап келді тапсырады. Бұл тапсырманы ата-ана қалай орындайды? Ол үшін арнайылап кітапханаға барып, кітап ақтармайтыны белгілі. Тіпті интернеттен дұрыс іздеуді де көбі біле бермейді. «Туған жер туралы өлең» деп жазады да, интернет қандай өлең ұсынса, соның бір шумағын жұлып алып, жаттатқызады. «Ол өлеңнің мазмұны қандай деңгейде, сапалы ма, авторы кім?» деген сұрақ ешкімнің ойына келмейді де, бас қатырмайды да. Сол себепті қазақ ақын-жазушыларын білмейтін, кімнің өлеңін жаттағанына мән бермейтін ұрпақ өсіп келеді. Сондықтан балалар тақырыбында жазатын ақын-жазушылардың шығармаларын талдап, сараптап кеңес беретін, әдеби оқулар, жаңа кітапты таныстырып, насихаттайтын аудан, облыс көлемінде ғылыми-сараптамалық орталық қажет деп ойлаймын. Бір қуанатыны қазір уақыт талабына сай балаларға арналған кітаптар шығып жатыр. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханаға барған сайын көріп те жүрмін. Қағазы сапалы, бояуы қанық, тіпті бүлдіршіндер үшін «сөйлейтін» кітаптар да бар. Міне, бұл да балаларды кітапқа қызықтырудың бір жолы. Баланы қызықтыру керек. Бір кітап оқып үйренген бала мұнан соң өзі үшін кітапханаға жиі келетін болады, кітап оқығысы келіп тұрады деп ойлаймын.

АБАЙДЫ ҚАЛАЙ НАСИХАТТАСАМ ЕКЕН ДЕП ЖҮРМІН

Бүгінге дейін 20 кітабым жарыққа шықты. Олардың ішінде балаларға арналған «Бастау, «Аққозы», «Сергек Серік», «Алма берсем, аласың ба?», «Ғажайып әлем», «Әуен әлемінде», «Ақ батамен өс, балам!», «Үй ішімізбен қазақша үйренеміз», «Сахнада самғаймыз» атты кішкентай оқырмандарға арналған туындыларым бар. Бұл балалар әдебиетіне беретінімді беріп болдым деген сөз емес. Қазір менде екі жоспар бар. Ең алдымен балаларға Абайды қалай насихаттасам екен деп ойлана келе бір кітап дайындап қойдым. Кітапқа он өлең, екі әңгіме, екі ән енгіздім. Енді суретші іздеуім керек. Әрі қарай баспаға беру, жарыққа шығару деген сияқты қиындықтары тағы бар. Қарттықтың да өз шарттары бар екен ғой. Бұрынғыдай шапқылап жүре алмайсың, бірақ әлі де үлес қосқың келеді, жақсы дүние жасағың келеді. Екінші жоспарым – балалар әдебиетіне, оның ішінде өз шығармашылығыма жаңашылдық енгізу. Бұрынғы жазғандарымның барлығы балаларға өсиет ретінде жазылыпты, енді басқа қырынан жазсам деймін. Біз жаңа заманға, қазіргі балаға лайық дүние ұсынуымыз қажет. Оған ізденіс керек.

НАУҚАНМЕН ӨТПЕСЕ ДЕЙМІН

Міне, «Балалар жылы» деп аталған бір жылдың екі айы сырғып өте шықты. Кездесулер, іс-шаралар, балалармен кездесу секілді шаралардан босамай жүрміз. Әрине, жақсы. Балалармен тығыз қарым-қатынас, пікір алмасу, олардың арманын тыңдау бізге шабыт сыйласа, балаларға авторларды тануға, шығармашыл кішкентайлардың қиялына қанат бітіретіні, кітап оқуға қызығатыны жағынан пайдалы. Әрине, мұндай іс-шаралар атаулы жылды күтпей-ақ күн тәртібінен түспеуі тиіс жұмыс тізбегі ғой. Балаларға арналған байқаулар, басқа да түрлі-түсті науқандық шаралар өте береді. Меніңше, бір жылды балалар жылына арнаған соң балалардың өзекті мәселесі шешімін табуы тиіс деп ойлаймын. Әлгінде айтып өткенімдей, балалар шығармашылығын да, балалар тақырыбында жазылған шығармаларды сараптайтын, насихаттайтын бір орталық ашылса игі іс болар еді. Қазір әндеріміз әр жерде, тойларда айтылып жүр. Алайда авторлық құқықты қорғайтын қоғам жоқ. Бәрі үнсіз. Кейде маған ақын-жазушылар бір жағалауда өз-өздері қалып қойғандай сезіледі. Тағы бір арманым – балалар театры ашылса екен деймін. Бала – тап-таза әлем. Оған бар жақсыны беру керек.

P.S. Кейіпкермен әңгімелесуде байқағанымыз, балалар жылы бала тақырыбында жазатын қаламгерлерге шабыт сыйлаған секілді. Балалар әдебиетіне соны дүние қосуға ұмтылыс, балаларға қуаныш сыйлауға ұмтылған ақын-жазушылар балалар әдебиетінің мәселесін де айтуда. Қалай айтқанда да, кішкентайларға арналған жылда үлкен іс бітсе екен.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: