2018 жылдан бері «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС ұжымы Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын ұйымдастырып келеді. Кенжелеп қалған жанрды қайта жандандыру, детектив жазуға ынталылар қатарын арттыруды мақсат еткен бұл байқау биыл да жалғасын тапты. Біздің өңір үшін бір ерекшелігі – байқаудың биылғы жеңімпаздары Сыр елінде марапатталады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында байқауға байланысты ұйымдастырушылар арнайы кездесу өткізді. Баспасөз жиынына «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев, республикалық «Заң газетінің» бас редакторы Айнұр Сембаева мен Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Нұрлыбек Мыңжас қатысты.
Жалпы бұл байқауды ұйымдастыру маңызды екені бірінші жылда-ақ анық болды. Себебі алғаш рет жарияланғанда редакция қоржынына 72 шығарма түскен. Міне, содан бері Заң корпорациясы үзбей бес жыл қатарынан байқауды ұйымдастырып келеді. Биыл бесінші рет өткелі отырған шытырман шығармалар байқауына Қызылорда облысының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.
Редакция қоржынына биыл 106 шығарма түскен. Үміткерлердің еңбегін сенатор Мұрат Бахтиярұлы, жазушы Серік Әбікенұлы, Қызылорда облыстық сотының Соттар әкімшісі Сағатбек Сүлеймен, Ә.Тәжібаев атындағы кітапхана басшысы Нұрлыбек Кәрібозұлы, «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев төрелік етті.
Тағы бір айта кетерлігі, осы уақытқа дейін өткен төрт байқау жеңімпаздарының шығармасы «ШЫТЫРМАН» деген атпен жеке жинақ етіп шығарылды. Кітаптың тұсаукесері Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өтті. Ал биылғы байқаудың жеңімпаздары Достық үйінде марапатталды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!