Ұлыбританияда әлемдегі ең ірі криптовалюта алаяқтарының бірі – 47 жастағы Цянь Чжимин 12 жылға сотталды. Ол қытайлық зейнеткерлердің ақшасын иемденіп, оны биткоинге аударған, деп хабарлайды BAQ.KZ
2014–2017 жылдары 100 000-нан астам қытай азаматы өз қаражатын Цянь Чжимин ұсынған қаржылық пирамиданың схемасына салған. Ол бұл жобаны жоғары технологиялық өнімдер мен криптовалютаны өндіру жобасы ретінде көрсеткен. Алайда іс жүзінде барлық қаражатты өзіне иемденіп, сән-салтанатты өмір сүрген.
2017 жылы қытай полициясы Цянь Чжиминнің күмәнді әрекеттерін тексергенде, ол жалған құжат жасатып Ұлыбританияға қашып кеткен. Лондонда Хэмпстедтегі қымбат особнякта тұрған ол биткоиндарды фунт стерлингке айналдырып, өз шығындарын жапқан.
Цянь өзін бай мұрагер ретінде көрсетіп, көмекші жалдаған. Содан кейін көмекшісіне криптовалютаны басқа активтерге – қолма-қол ақша мен жылжымайтын мүлікке айналдыруды тапсырған.
Сотта оның көмекшісі Вэнь Цзянь айыпталушының көп уақытын жатып алып ойын ойнауға жұмсағанын, интернеттен сауда жасаумен өткізгенін айтқан.
Белгілі болғандай, айыпталушы халықаралық банк ашу, Швециядан сарай сатып алу және британ герцогінің ықыласын жаулау сияқты ұзақ мерзімді жобаларды да жоспарлаған. Сондай-ақ, басты мақсаты – Либерланд микроелінің патшайымы болу болған.
2024 жылдың көктемінде полиция Хэмпстедтегі особняқты тінтіп, онда жүздеген мың биткоин бар қатты дискілер мен ноутбуктар тапты. Бұл Ұлыбритания тарихындағы ең ірі криптовалюта тәркілеу болып саналады.
Цянь Чжимин 2024 жылдың сәуірінде Йорк қаласында ұсталды. Ұсталған кезде ол барлық айыптауды жоққа шығарып, Қытай үкіметінің қысымынан қашып жүргенін айтқан. Бірақ қыркүйектегі сот процесінде ол күтпеген жерден криптовалютаны заңсыз иемдену және сақтау бойынша кінәлі екенін мойындады.
Цянь Чжиминнің көмекшісі Вэнь Цзянь да ақшаны заңдастырғаны үшін 6 жылға сотталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
