Қытайдың Хэбэй провинциясындағы Таншань қаласында 9 жасар қыз үйінің 25-қабатынан құлап, аман қалды. Бұл туралы South China Morning Post басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 27 наурызда болғанымен, қыздың өміріне еш қауіп жоқ екені анықталған соң ғана отбасы бұл туралы жария еткен. Қыз терезені ашпақ болып, абайсызда төмен құлап кеткен. Ол 18 қабатты өтіп, 7-қабаттың карнизіне құлаған.
Бүлдіршінді сол қабатта тұратын көршісі тауып алған. Оның айтуынша, қыз біраз уақыт қозғалып, тіпті бірнеше қадам жасап үлгерген, бірақ кейін ауырсынудан қайта құлаған.
Баланың анасы бұл оқиғаны «құдайдың құдіреті» деп бағалап, қызының тірі қалуын нағыз ғажайып деп атады. Дәрігерлер қызға бірнеше сынық диагнозын қойған, алайда миына зақым келмеген. Ол шұғыл түрде Бейжіңге жеткізіліп, бірнеше ота жасалды. Қазір ол ауруханадан шығып, сауығу үстінде.
Әлеуметтік желі қолданушылары қызды «ғажайып бала» деп атап, оның аман қалуын ерекше жағдай ретінде қабылдауда. Бұл оқиға Қытайда кеңінен таралып, қоғамның назарын аударды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!