6 қарашада Вашингтонда АҚШ пен Орталық Азия елдері басшылары кездеседі. C5+1 саммиті – АҚШ астанасында осындай деңгейде ұйымдастырылып отырған алғашқы кездесу болмақ. Жалпы бұл саммиттің мақсаты қандай? Аймақ үшін қандай маңызды бастамалар болуы мүмкін? Кездесудің нәтижесінен Қазақстан қандай пайда күте алады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын BAQ.KZ тілшісі сарапшыдан сұрап көрді.
АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен Орталық Азия елдерінің басшыларына C5+1 форматындағы дипломатиялық алаңның 10 жылдығына арналған саммитке ресми шақырту жолданды. Бұл форматтың басты мақсаты – АҚШ пен аймақ мемлекеттері арасындағы қауіпсіздік, экономикалық даму және өзара әріптестік бағыттарындағы байланыстарды тереңдету.
“АҚШ-тың Орталық Азияға қайта мән бере бастауы аймақ үшін шешуші сәт әрі елеулі мүмкіндік”
Еуразия ұлттық университеті, саясаттану кафедрасы аға оқытушысы, философия ғылымның кандидаты, халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловтың ойынша, алдағы C5+1 форматындағы саммиттің басты мақсаты – Американың маңызы артқан аймақ елдерімен серіктестігін жаңа прагматикалық деңгейге көтеру. Вашингтон үшін бұл тек геосаяси мәселе емес, сонымен бірге геоэкономикалық және энергетикалық бағыттағы жаңа мүмкіндіктер алаңы.
АҚШ аймақты басты бәсекелестері Қытай мен Ресейді теңгеретін, әрі саяси тұрақтылықтың діңгегі болуға қабілетті өңір ретінде қарастырып отыр. Геосаяси өзгерген әлемде АҚШ-тың Орталық Азияға қайта мән бере бастауы аймақ үшін шешуші сәт әрі елеулі мүмкіндік. Саммиттің басты мақсаты – өткен жылдардағы нәтижелерді саралап, жаңа басымдықтарды анықтау және серіктестікті нақты экономикалық мазмұнмен толықтыру. Бұған дейін C5+1 көбінесе дипломатиялық диалог алаңы болып, ал бизнес пен жеке сектордың қатысуы шектеулі болған. Алдағы міндет осы платформаны институционалдандырып, нақты көрсеткіштері мен қаржыландыру тетіктері бар екі жаққа тиімді, тұрақты әріптестікке айналдыру, – деп түсіндірді сарапшы.
Жанат Момынқұловтың айтуынша, Вашингтонның басты ұмтылысы – маңызды табиғи ресурстарға бай аймақпен ынтымақтастықты тек саяси-мемлекеттік деңгейде ғана емес, бизнес, энергетика және логистика салалары арқылы кеңейтіп, сөзден нақты іске көшу.
Саммитте не талқыланады? – Болжам
Халықаралық сарапшы өз сөзінде саммитте аймақ үшін қандай маңызды бастамалар көтерілуі мүмкін екенін пайымдады.
Біріншіден, менің ойымша, қос тарап үшін көлік дәліздерін дамыту басты басымдық болады. Орта дәліз, “Транс-Каспий бағыты” және логистика жобалары талқыланады.
Екіншіден, энергетика саласында АҚШ жаңа, баламалы қуат көздері мен жасыл технологияларға инвестиция тартуға мүдделі.
Үшіншіден, интеграцияланған экономика мен цифрлық инновацияны үйлестіретін аймақтық экожүйе құру да күнтәртібінде тұр. Бұл саммит аймақ үшін энергетика, көлік және жасыл экономика салаларында жаңа серпін бермек. АҚШ үшін бұл саммит сирек кездесетін энергия мен стратегиялық пайдалы қазбалар көздерін әртараптандыру арқылы Қытайға тәуелділігін азайту және жеткізу тізбектерін тұрақтандыру мүмкіндігі. Ал Орталық Азия үшін инвестиция арқылы экономикалық тәуелсіздікті арттыру, геосаяси тепе-теңдікті сақтау және халықаралық беделін нығайту, – деп атап өтті ол.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын, ал АҚШ импортының төрттен бірін қамтамасыз ететін ел ретінде маңызды орынға ие. Қазір қос тарап литий, мыс және сирек кездесетін элементтер бойынша да ынтымақтастық орнатып жатыр.
Энергетика және қуат көздері турасында ұзақ мерзімді ашық келісімдер күтуге болады. Көлік-тасымал бойынша Орта дәліз бағытындағы теміржол, порт және кеден жүйелерін жаңғырту және үйлестіру тетіктерін талқылау басымдыққа ие болмақ.
Сонымен қатар осының бәрін цифрландыру мен жасанды интеллект саласында да жаңа бағыттар ашылуы ықтимал, әсіресе АҚШ компаниялары (Meta, Starlink, Microsoft) қолдау көрсетіп отырған Қазақстан бастаған аймақтың IT экожүйесі тұтас нарық ретінде ретінде қарастырылуы ықтимал.
C5+1 форматы Қытай мен Ресейге нақты балама бола ала ма?
Толық балама деу қиын, алайда бұл формат аймақ елдеріне қосымша таңдау мен теңгерім береді. C5+1 жиыны геосаяси қысымнан гөрі серіктестік пен прагматикалық ынтымақтастыққа негізделген алаң деп сенемін. C5+1 форматы Қытай мен Ресейдің орнын басу үшін емес, олардың ықпалын теңгеру үшін құрылған. Бұл алаң Орталық Азия елдеріне саяси мойындау немесе легитимизация мен жаңа таңдау мүмкіндігін береді, – деп айтты Жанат Момынқұлов.
Сарапшы атап өткендей, АҚШ-тың артықшылығы – жеке инвестициялар тарту, ашық ережелер мен технология трансферін ұсыну мүмкіндігінде.
Орта дәліз соңғы кезеңде жүк ағынын еселеп арттырып, Қытай-Еуропа бағытының маңызды буынына айналды. Осы үдеріске АҚШ-тың Қапқаз арқылы қатысуы аймаққа болжамды тұрақтылық пен халықаралық стандарт әкелуі мүмкін деп есептеймін, – дейді ол.
“Орталық Азия болашақта аймақаралық көпірге айнала алады”
Егер аймақ елдері Түркі мемлекеттік ұйымы, Орталық Азия-Оңтүстік Қапқаз платформасы арқылы өз инфрақұрылымдық әлеуетін, экономикалық өзара тәуелділігін және ұлттық саясаттарын тиімді үйлестіре алса, болашақта аймақаралық көпірге айнала алады. Еуразияның ортасында оқшау тұрған аймағымыз қазір транзиттік көпірден стратегиялық хабқа айналу кезеңінде тұр. Әлбетте, Орталық Азия Шығыс пен Батысты байланыстыратын шынайы көпірге тек нақты жобалар арқылы айнала алады, – деп айтты Момынқұлов.
Сарапшы атап өткендей, Орта дәліз бүгінде саяси ұраннан нақты экономикалық бағытқа айналып келеді. Әзербайжанның жаңа порттық инфрақұрылымдары мен Еуроодақтың Global Gateway бастамасы бұл процесті жеделдетіп отыр. Егер АҚШ осы бастамаларға технологиялық және қаржылық тұрғыда қосылса, Орталық Азия Еуразия кеңістігін байланыстыратын маңызды торапқа айналып, өз дербестігін де нығайтады.
“АҚШ-тың белсенділігі Мәскеу мен Бейжіңді аймақтағы ықпал тетіктерін қайта қарауға итермелеуі мүмкін”
Халықаралық сарапшы редакциямыздың “Бұл саммит Ресей мен Қытайдың аймақтағы саясатына әсер етуі мүмкін бе?” деген сұрағына “әрине, әзірше олай айтуға келмес, десе де кейін белгілі бір әсерін көреміз деп ойлаймын” деп жауап берді.
АҚШ-тың белсенділігі Мәскеу мен Бейжіңді аймақтағы ықпал тетіктерін қайта қарауға итермелеуі мүмкін. Өйткені, бұл күштердің аймақпен қатынастарында жіберіп алған олқылықтарын АҚШ толтыруы мүмкін. Бірақ Вашингтонның мақсаты біреулермен ашық қарсыласу емес, аймақпен әділ әріптестік орнату арқылы көпполярлы тепе-теңдік қалыптастыру, – деп санайды сарапшы.
Оның сөзінше, бұл саммит Ресей мен Қытайдың аймақтағы саясаттарының дамуына жанама түрде әсер етуі әбден мүмкін.
Орталық Азия елдері прагматикалық экономикалық егемендікке және әртараптанған серіктестікке ұмтылған тұста АҚШ-тың белсенділігі инфрақұрылым, логистика және энергетика салаларындағы бәсекені күшейтіп, барлық ірі ойыншыларды ашық әрі тиімді ынтымақтастық ұсынуға итермелейді. Бұл геосаяси қақтығыс емес, аймақтың таңдау мүмкіндіктерін кеңейту арқылы геоэкономикалық тепе-теңдікті қалыптастыру үдерісі шығар, – дейді Момынқұлов.
“С5+1 еліміздің сенімді және беделді серіктес ретіндегі имиджін күшейтеді”
Момынқұлов Қазақстан үшін бұл – сыртқы саясаттағы тепе-теңдікті сақтау мен жаңа инвестициялық серіктестер тартудың мүмкіндігі екенін айтады. Көпвекторлылықтың мәні де осында жатыр: бір бағытқа тәуелді болмай, барлық ықпалды ойыншылармен тең және өзара тиімді қатынас орнату.
Аймақтың экономикасында Ресей мен Қытай артығымен бар: енді Астана үшін C5+1 жиыны көпвекторлы саясаттың өміршеңдігін дәлелдеуі тиіс. Бұл – барлық ірі державамен тең дәрежеде конструктивті қарым-қатынас орнату стратегиясының айқын көрінісі. Мұндай саммиттер еліміздің сенімді, бейтарап және беделді серіктес ретіндегі имиджін күшейтеді. Кездесудің тиімділігі шекарадағы рәсімдердің жеңілдеуі, пайдалы қазбаларды қайта өңдеу жобаларының ілгерілеуі және көлік пен авиация саласындағы инвестициялардың келуі сияқты нақты нәтижелермен өлшенуі әрі бағалануы қажет. Егер бұл көрсеткіштер 1-2 жылда іске асса, Қазақстанның көпвекторлы бағыты өз тиімділігін толық дәлелдейді, – деп атап өтті Жанат Момынқұлов.
“АҚШ аймақтың стратегиялық маңызын мойындады”
АҚШ-тың аймаққа қызығушылығы соңғы жылдары артқаны байқалады. Сарапшының пікірінше, бұл әрине АҚШ-тың аймақтың стратегиялық маңызын қайта мойындағанының белгісі. Геосаяси тепе-теңдік үшін Орталық Азия елдері “серіктестік арқылы егемендік” қағидатын ұстануы қажет.
Сыртқы байланыстарда көпқатпарлы интеграция болуы тиіс, алайда ішкі саясат пен ұлттық басымдықтар өз қолында қалуы тиіс. АҚШ-тың аймаққа қайта қызығушылық танытуы Орталық Азияның жаһандық жеткізу тізбегіндегі және энергетикалық қауіпсіздіктегі маңызын мойындау. Аймақ елдері үшін басты міндет – өз пайдасын көздеп, өз бағасын біліп, теңгерімді дипломатия ұстану. АҚШ, ЕО, Қытай, Ресей, Азия және Парсы шығанағы елдерімен прагматикалық әрі өзара толықтыратын, бір-бірін теңгеретін көп деңгейлі бағытта жұмыс істеу. Мысалы, C5+1 форматында АҚШ-nың одақтастары Еуропа, Азия мен Таяу Шығыс елдерімен көп бағытты, кешенді диалогтың үйлесімділігін дамыту аймақтың синергиясын күшейтіп, оқшау жағдайдан шығарады. Меніңше, бұл болашақ ұстаным – аймақтың бейтарап, көпжақты саясатының және әлеммен бірге интеграциясының ең тиімді үлгісі болмақ, – деп ойын қосты ол.
C5+1: Саммиттен не күтеміз?
Халықаралық сарапшы алда болатын келісімдер негізінен энергетикадағы әріптестік, көлік дәліздерін дамыту және климаттық тұрақтылық бойынша нақты жобаларды қамтитынын айтты. Қазақстан үшін бұл жаңа инвестиция тарту, экспорт нарықтарын кеңейту және жаһандық байланыстылығын нығайту мүмкіндігі.
Момынқұловтың ойынша, АҚШ Халықаралық даму қаржы ұйымдары мен банктері және аймақтың ұлттық қорлары қатысуы ықтимал форумда АҚШ-Орталық Азия арасында жаңа инвестициялық тетіктер құрылуы мүмкін. Бұл қор сирек кездесетін минералдар, жаңартылатын энергия және логистика салаларындағы жобаларды қаржыландыру тәуекелін азайтып, бірлескен өндіріс орындарын, жаңа жұмыс орындарын ашуы мүмкін.
Тағы бір маңызды бағыт бизнес трегін институционалдандыру, яғни жеке инвесторлар мен сауда палаталарының дипломатиялық күн тәртібімен тікелей байланысуы. Экономикадан бөлек, білім, технология және зерттеу салаларындағы серіктестік те аймақтың адам капиталы мен өзара сенімді арттыруы мүмкін. Қазақстан үшін бұл саммиттің мәні алпауыт елмен маңызды диалогты нақты практикалық нәтижеге айналдыруында жатыр. Бұл саммит екі аймақ арасындағы символдық әріптестіктен стратегиялық, инвестициялық жобаларға және болашақта технологиялық ынтымақтастыққа өтудің жаңа кезеңі болуы мүмкін, – деп ойын түйіндеді халықаралық сарапшы алда өтетін саммит жайлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
				
					