Люксембургте археологтар жасы шамамен 1700 жыл болатын рим дәуіріне тән алтын теңгелерден құралған аса құнды қазына тапты. Бұл олжа римдік бекіністің іргетасына жасырылған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Live Science басылымының жазуынша, ғалымдар Люксембургтің солтүстігінде орналасқан Хольцтум ауылынан б.з. 364-408 жылдары соғылған 141 алтын монетаны анықтаған.
Теңгелерде сегіз рим императорының бейнесі бейнеленген. Алайда олардың үшеуінде күтпеген тұлға – Батыс Рим империясының заңсыз билеушісі Евгенийдің суреті салынған. Ол небәрі екі жыл ғана (392–394 жж.) билік құрған.
Басылым дерегіне сүйенсек, Евгений Батыс Рим императоры Валентиниан II жұмбақ жағдайда асылып өлгеннен кейін таққа келген. Алайда, Шығыстағы христиан императоры Феодосий I Евгенийді мойындамай, оның діни төзімділікке негізделген саясатын құптамады. Осының салдарынан қарулы қақтығыс басталып, 394 жылдың қыркүйегінде Фригидус өзенінің маңындағы шайқаста Евгений жеңіліп, қаза тапты. Оның билігі өте қысқа болғандықтан, Евгенийдің аты бейнеленген теңгелер аса сирек кездеседі.
Табылған жәдігердің тарихи маңызы зор болғандықтан, ол туралы ақпарат шамамен төрт жыл бойы құпия сақталған. Қазба жұмыстары INRA ұйымының жетекшілігімен 2020–2024 жылдар аралығында жүргізілген.
Сонымен қатар археологтар қауіпті жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болған. Себебі бұл аумақта Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен қалған оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар көп көмілген. Осыған байланысты қазба жұмыстарына Люксембург армиясының саперлік қызметі де тартылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
