Германияда денсаулық сақтау саласындағы кадр жетіспеушілігі күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Неміс Жоғары білім беруді дамыту орталығының (CHE) зерттеуіне сәйкес, болашақ дәрігерлерге арналған оқу орындары жеткіліксіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
DW таратқан мәліметке сәйкес, 2024-2025 оқу жылының қысқы семестрінде медициналық факультеттерге 10 мың студент қабылданса, тағы 20 мыңға жуық талапкер оқуға түсе алмай қалған. Сарапшылардың айтуынша, тапшылықты жабу үшін кемінде 5 мың қосымша орын қажет.
Федералдық жерлер арасында оқу орындары теңдей бөлінбеген: Солтүстік Рейн – Вестфалияда 100 мың тұрғынға шаққанда 13 орыннан келсе, Бранденбург пен Бременде мемлекеттік бағдарламалар мүлде жоқ. Осыған байланысты 2026 жылдан бастап Бранденбургте жаңа медициналық университет ашылады деп жоспарланып отыр.
Мамандардың пікірінше, дәрігер тапшылығының негізгі себебі – медициналық білімнің қымбаттығы мен ұзақтығы. Бір студентті оқытуға жылына 25 мың еуродан астам қаржы жұмсалады.
Жыл сайын жеке университеттер шамамен 1500 орын ұсынса да, 9 мыңнан астам неміс студенті медицинаны шетелде оқуға мәжбүр. Соған қарамастан, саладағы кадр жетіспеушілігі әзірге шешімін таппай отыр.
Сонымен қатар, елде шетелдік мамандардың үлесі артып келеді. Мәселен, шамамен 6 мың сириялық дәрігер қазірдің өзінде Германия ауруханаларында еңбек етуде. Украинадан да 1600-ге жуық медицина маманы келген, олардың 187-сі біліктілігін растады. Жалпы алғанда, соңғы 10 жылда шетелдік дәрігерлердің саны екі есе өсіп, 2023 жылы 64 мыңға жетті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!