Дания үкіметі 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Associated Press (AP) агенттігі жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкіметтің мәлімдеуінше, бастаманың мақсаты – балаларды цифрлық мазмұнның зиянды әсерінен және коммерциялық платформалардың психологиялық қысымынан қорғау.
Келісімге сәйкес, кейбір жағдайларда ата-аналарға 13 жастан бастап балаларға әлеуметтік желілерге кіруге рұқсат етілуі мүмкін, бірақ бұл арнайы сараптамалық бағалаудан кейін ғана жүзеге асырылады. Алайда, тыйым салудың нақты іске асу тетігі әзірге толық анықталған жоқ.
Данияның цифрлық технологиялар министрі Каролина Стейдж мәлімдегендей, елдегі 13 жасқа толмаған балалардың 94%-ында кем дегенде бір әлеуметтік медиа аккаунт бар, ал 10 жасқа дейінгі балалардың жартысынан көбі онлайн платформаларға тіркелген.
Министр балалардың интернетте зорлық-зомбылық, буллинг және өзіне-өзі зиян келтіру мазмұнымен жиі бетпе-бет келетінін атап өтті.
Технологиялық компаниялардың қаржылық мүмкіндіктері зор, бірақ олар балалардың қауіпсіздігіне инвестиция салуға асықпайды, – деді Каролина Стейдж.
AP хабарлауынша, бұл шешім Еуропалық Одақтағы ең қатаң цифрлық реттеу шараларының бірі болып саналады. Бұған дейін де бірқатар еуропалық елдер балалардың интернеттегі белсенділігін шектеу және әлеуметтік желілердің алгоритмдеріне бақылау орнату туралы бастамаларды қарастырған еді.
Ал Medical Xpress басылымы JAMA журналында жарияланған зерттеуге сілтеме жасап, 9-13 жас аралығындағы балалардың күніне орта есеппен 5,5 сағат экран алдында өткізетінін, ал бұл когнитивтік қабілеттердің (есте сақтау, оқу, сөздік қор) төмендеуіне әкелетінін мәлімдеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
