Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2026-2027 жылдарға арналған бюджет тапшылығына байланысты 1282 қызметкерді жұмыстан босататынын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ
ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бұл туралы мәлімдеп, мүше мемлекеттердің жоғалған миллиард долларды жабуға қолдау көрсететініне үміт білдірді.
Ұйым басшысының айтуынша, қысқартылған бюджетті қабылдаумен байланысты қайта құру процесі аяқталуға жақын, ал ДДСҰ қазіргі уақытта қайта тағайындаулардың соңғы кезеңінде. Гебрейесус реформаның мақсаты ұйымның негізгі функцияларын сақтау және адами ресурстарды қаржылық мүмкіндіктермен үйлестіру, жұмыстан босатуды азайту екенін атап өтті. Оңтайландырусыз ДДСҰ шамамен 2900 қызметкер жұмыстан босатылуы мүмкін деп есептейді.
Жұмыстан босату ауқымы екі жолмен қысқартылды. Біріншіден, 1089 қызметкер ұйымнан табиғи жолмен кетті немесе кетеді – зейнетке шығуына, уақытша келісімшарттардың бұзылуына немесе басқа лауазымдарға ауысуына байланысты. Екіншіден, мүше елдердің жарналарының артуының арқасында шамамен 600 лауазым сақталды.
Бас директор мемлекеттерді реформаны қолдауды жалғастыруға және бюджет тапшылығын жабуға көмектесуге шақырды. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың мамыр айында ДДСҰ 2026-2027 жылдарға арналған қысқартылған бюджетті бекітті — бастапқыда ұсынылған 5,3 миллиард доллардың орнына 4,2 миллиард доллар. Бұл шешім Америка Құрама Штаттарының ұйымнан шығуы туралы мәлімдемесінен кейін қабылданды. Вашингтон 2026 жылы ДДСҰ-дан біржола шығады және 2025 жылдың ақпан айынан бастап халықаралық жобалардың негізгі донорларының бірі USAID-тың жұмысын тоқтатты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
