АҚШ тарихында тұңғыш рет доллар купюраларына елдің қазіргі Президентінің қолтаңбасы қойылатын болды. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады, – деп хабарлайды kursiv.media
Ведомство бұл шешімді АҚШ-тың құрылғанына 250 жыл толуына орай қабылданған айтулы оқиға деп атап өтті. Әдетте доллар бетінде АҚШ Қаржы министрі мен Қазынашысының қолдары ғана тұратын.
«Президент Трамптың басшылығымен біз бұрын-соңды болмаған экономикалық өрлеуге, доллардың нығаюына және қаржылық тұрақтылыққа бет алдық. Еліміз бен Дональд Трамптың тарихи жетістіктерін ұлықтаудың ең үздік жолы – оның есімін доллар купюраларына басып шығару. Бұл тарихи валютаның мемлекетіміздің 250 жылдық мерейтойында айналымға шығуы өте символикалық қадам», – деді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент.
Ал Қазынашы Брэндон Бичтің айтуынша, мерейтой қарсаңында жаңарған америкалық ақша Трамп бастаған халықтың гүлденуі мен мызғымас рухын бейнелейтін болады. Ол Президенттің Американың «Алтын ғасырын» қайта жаңғыртқан сәулетші ретіндегі еңбегі орасан екенін, сондықтан оның қолтаңбасын ақшаға басу лайықты құрмет екенін жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
