Еуропада құс тұмауының өршуі байқалып отыр. Жоғары патогенді құс тұмауының таралуы үкіметтер мен құс шаруашылығы саласында алаңдаушылық туғызуда, себебі бұл құс санының азаюына, сауда шектеулеріне, жұмыртқа мен азық-түлік бағасының өсуіне және жаңа пандемия қаупіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reutersпорталына сілтеме жасап хабарлайды.
Негізінен жабайы құстар арқылы таралатын вирус тамыздан қазанның ортасына дейінгі аралықта Еуроодаққа мүше 10 елде және Ұлыбританияда 56 ошақты тудырған. Ең ірі өршу Польшада, Испания мен Германияда тіркелді. Осы аптада Бельгия мен Словакия биылғы маусымдағы алғашқы құс тұмауы жағдайлары туралы хабарлады.
Биыл індет әдеттегіден ертерек басталғаны атап өтілді. Өткен жылы осы кезеңде тоғыз елде барлығы 31 ошақ тіркелген еді.
Еуроодақ елдері індетке қарсы шаралар қабылдай бастады. Бельгияда барлық үй құстарын жабық қораларда ұстау бұйырылды, ал Францияда үй үйректері арасында құс тұмауына қарсы жыл сайынғы вакцинация жүргізіліп жатыр.
Құс тұмауы АҚШ пен Азияға да тарады. АҚШ-та 180 миллионнан астам құс жойылып, бұл жұмыртқа бағасына әсер етті. Жапония осы аптада маусымдағы алғашқы жағдай тіркелгенін хабарлады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамдардың құс тұмауын жұқтыру қаупі төмен екенін, бірақ мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
