Өткен аптада тергеушілер бір ер адамды және оның ықтимал 2 сыбайласын ұстаған. Олар Франция президентінің Париждегі ресми резиденциясынан заттарды алып шығып, Vinted секілді онлайн-аукцион сайттарында сатуға әрекеттенген, деп жазады Egemen.kz.
Қамауға алынғандардың арасында Елисей сарайында жұмыс істеген күміс шебері де бар. Тергеу деректеріне сәйкес, ер адамның Vinted-тегі аккаунтында «Францияның әскери-әуе күштері» деген жазуы бар тәрелкелер мен «Севр мануфактурасы» деген белгісі бар күлсалғыштар орналастырылған. Мұндай бұйымдар әдетте көпшілікке қолжетімді болмайды.
Тергеушілердің айтуынша, оның үйінен, көлігінен және жеке шкафынан шамамен 100-ге жуық зат табылған. Олардың қатарында Севр фарфоры, Рене Лаликтің мүсіншесі, Baccarat шампан бокалдары және мыс қазандар болған.
Күміс ыдыстарға жауапты қызметкердің міндетіне президенттер, король әулетінің мүшелері және өзге де жоғары лауазымды тұлғалар пайдаланатын асхана жабдықтарын сақтау мен күтіп-баптау кіреді. Прокурорлардың мәліметінше, қамауға алынған қызметкер жасаған түгендеу жазбалары оның болашақта да ұрлық жасауды жоспарлағанын меңзейді.
Ұрланған заттардың басым бөлігі 1759 жылдан бері Франция мемлекетінің меншігінде тұрған, Париждегі атақты Севр мануфактурасында жасалған.
Елисей сарайының қызметкерлерін тергеу Севр фабрикасының жұмысшылары жоғалған кейбір бұйымдарды аукцион сайттарынан танып білгеннен кейін басталған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
