Топ-баннер2

Бейсенбі, 12 наурыз, 13:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№18 (2230)
07.03.2026
PDF мұрағаты

Freedom мен Nokia Калифорнияда бірлескен инновациялық зертхана ашады

12.03.2026

49 0

Фото: Freedom Telecom International

Freedom Holding Corp. (FRHC) халықаралық қаржы тобының еншілес компаниялары – Freedom Telecom International мен Freedom Lifestyle Group Nokia корпорациясымен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Ауқымды серіктестіктің алғашқы қадамы ретінде алдағы айларда Калифорния штатының Саннивейл қаласындағы Nokia кампусының базасында бірлескен инновациялық зертхана ашылады, – деп хабарлайды  kursiv.media

АҚШ-тағы бірлескен алаң алдыңғы қатарлы желілік шешімдерді, бұлтты технологияларды және жасанды интеллект (ЖИ) архитектураларын сынақтан өткізу орталығына айналмақ. Бұл технологияларды кейіннен бүкіл әлем бойынша бірлескен жобаларда қолдану жоспарланып отыр.

Зертхана жұмысының бағыттары

Тараптар жасанды интеллект қажеттіліктеріне арнайы бейімделген жаңа буындағы деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) жобалаумен айналысады. Сондай-ақ компаниялар Қазақстан мен көршілес елдерде жаңа инфрақұрылымды орналастыру үшін техникалық-экономикалық зерттеулер жүргізеді. Freedom Telecom International егеменді бұлтты және ЖИ-сервистерін масштабтау үшін Nokia-ның жаһандық экожүйесін пайдаланатын болады.

Freedom Lifestyle Group серіктестік арқылы тұтынушылық ЖИ-сервистерін сынап көреді. Бұл жерде әңгіме электрондық коммерция және медициналық технологиялар саласындағы Freedom SuperApp функционалы аясында дауыстық көмекшілер мен агенттік ЖИ-жүйелерін енгізу туралы болып отыр.

Freedom Lifestyle Group бас директоры Алексей Лидің айтуынша, зертхана компанияның цифрлық сервистерін жаңа деңгейге көтеру үшін қажетті базаны қамтамасыз етеді, мұнда ЖИ экожүйе ішінде неғұрлым дербестендірілген және кедергісіз интеграцияны ұсынады.

Nokia-мен ынтымақтастық – Freedom экожүйесі жалпы стратегиясының маңызды элементі. Бұл стратегия негізі брокерлік және банктік бизнес болып санаталын холдингті телеком және IT салаларымен тығыз интеграциялауды көздейді.

«Келісім Nokia және FTI үшін маңызды кезең, өйткені біздің миссиямыз FRHC үшін телекоммуникациялық және технологиялық компаниялармен халықаралық серіктестіктер орнатуды қамтиды, – деп атап өтті Freedom Telecom International бас директоры Йоханнес Хуммер. – Саннивейлдегі инновациялық зертхана қос командаға идеяларды сынап көруге және бір-бірінен үйренуге мүмкіндік береді. Бұл инновацияларға, ынтымақтастыққа және ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған жолдың бастауы».

Орталық Азияға арналған инфрақұрылым

Финляндиялық технологиялық алпауытпен серіктестік Қазақстанның өңірлік ЖИ-хабы мәртебесін иеленуге деген ұмтылысы аясында жүзеге асырылып жатыр. Тарихи тұрғыдан Орталық Азияда гипермасштабты есептеу инфрақұрылымының тапшылығы байқалған, алайда қазір бұл аймақ жаһандық вендорлардың назарын көбірек аударып отыр.

«Қазақстан бұлтты технологиялар мен жасанды интеллект болашағына қомақты қаражат салып жатыр әрі бұл процесте жаһандық серіктестіктер маңызды рөл атқарады. Nokia-мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттеу холдинг жұмыс істейтін барлық жерде технологиялық прогресс үшін қажетті технологиялар мен тәжірибені бағалауға көмектеседі», – деп түсіндірді Freedom Holding Corp. негізін қалаушы әрі бас директоры Тимур Турлов.

Nokia-ның Таяу Шығыс пен Африка бойынша аға вице-президенті Микко Лаванти Freedom өзінің инфрақұрылымын болашақта кеңейту үшін қарастырып отырған географиялық аймақтардың жоғары әлеуетін атап өтті.

Соңғы бір жылда холдинг бірқатар ірі технологиялық серіктестіктерге бастама танытты. Атап айтқанда, компания Қазақстанда жоғары өнімді есептеулер мен заманауи ЖИ-инфрақұрылымын дамытуды жеделдету үшін NVIDIA және OpenAI-мен ынтымақтастықты бастады. Freedom Holding Corp. әлемнің 20-дан астам елінде қаржылық, брокерлік және цифрлық қызметтер көрсетеді. Холдингтің нарықтық капитализациясы – $7,3 млрд. Жалпы активтері – $10,3 млрд-тан асады. Freedom цифрлық экожүйесін пайдаланушылардың жалпы саны – 11 млн адам

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: