Германияның Федералдық халықты қорғау және апаттар кезіндегі көмек басқармасының басшысы Ральф Тислер жақында ел билігі көптеген бомбадан қорғайтын пана дайындауды жоспарларп отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Süddeutsche Zeitung басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ральф Тислердің айтуынша, Еуропаның ең ірі экономикасы қақтығыстың қаупін түсінуі керек. Ал Германия қазір бұған жеткілікті деңгейде дайын емес. Ресейдің Украинаға ұзаққа созылған басқыншылығы бірқатар елдерде, атап айтқанда, Балтық елдерінде, Польшада және Германияда “Мәскеу бірнеше жылдан кейін НАТО аумағына шабуыл жасауы мүмкін” деген алаңдаушылық тудырды.
“Ұзаққа созылған соғыс — біз дайындалуға тиіс сценарий емес” деген пікір Германияда кеңінен тарады. Бұл өзгерді. Бізді Еуропадағы кең ауқымды соғыс қаупі қатты алаңдатады”, – деді Ральф Тислер.
Федералдық халықты қорғау және апаттар кезіндегі көмек басқармасының басшысы қорғаныс инфрақұрылымын кеңейту және ескерту жүйесін жаңарту сияқты жобаларға байланысты миллиардтаған евро шығын болады деп болжамды.
«Азаматтық қорғаныс саласындағы міндеттер өте ауқымды. Алдағы төрт жыл ішінде бізге кем дегенде 10 миллиард евро қажет болады. Ал келесі онжылдықта – кемінде 30 миллиард евро. Жаңа жоғары деңгейдегі қорғаныс бункерлерін салу көп уақыт пен қаражатты талап етеді», – деді Тислер.
Жылдам әрі мүмкіндігінше үнемді шешім ретінде ол «туннельдерді, метрополитен станцияларын, жер асты автотұрақтарын және қоғамдық ғимараттардың жертөлелерін баспаналарға қайта жабдықтау» керек дейді. Осылайша «бір миллион орындық баспана” дайындауға болатынын айтты.
Жоба баспаналарды барлық қажетті заттармен қамтамасыз етуді қарастырады: азық-түлік қорымен, дәретханалармен және мүмкін болса төсек орындарымен. Кіреберістер арнайы белгілермен белгіленеді, ал баспаналар туралы ақпарат мобильді қосымшалар арқылы беріледі. Басқарма дайын жобаны жазда ұсынуды жоспарлап отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!