Индонезиядағы Ява мен Сулавеси аралдары арасындағы тауларда Indonesia Air Transport компаниясының ATR 42-500 жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат хабарлайды.
Ұшақ бортында сегіз экипаж мүшесі және Теңіз істері және балық шаруашылығы министрлігінің үш қызметкері болған. Диспетчерлер қонуға бет алу бағытын түзеуді тапсырған соң әуе кемесі радардан жоғалып кеткен. Оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 13:17-де (Астана уақытымен 12:17) тіркелген.
“Іздеу-құтқару топтары тікұшақтар, дрондар және жердегі бөлімшелердің көмегімен таулы, күрделі аймақта жұмыс жүргізіп жатыр. Туристер әуе компаниясының логотипі бейнеленген шашырап жатқан сынықтарды және ұсақ түтіндеп жатқан ошақтарды байқағандарын хабарлады. Қазір бұл ақпарат тексеріліп жатыр”, – деді Индонезия Көлік министрлігінің өкілі Эндах Пурнама Сари.
Мәліметке сәйкес, оқиға кезінде ауа райы бұлтты болған, көріну қашықтығы шамамен 8 шақырымды құраған.
Индонезия 17 мыңнан астам аралдан тұратын ең ірі архипелаг ел. Мұнда қауіпсіздік бақылауының жеткіліксіздігі салдарынан көлік апаттары жиі тіркеліп отырады. Қазір іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
